21:26
Үлгі ережесінің жобасы

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесі

 

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу үлгі ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың тәртібін анықтайды.

2. Осы ережеде мынадай анықтамалар қолданылады:

1) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау - бұл мұғалімнің жалпы білім беретін бағдарламаға сәйкес ағымдағы сабақ барысында өткізетін білім алушылардың білімдерін жүйелі тексеру;

2) білім алушыларды аралық аттестаттау - оқушының бір оқу пәнін оқып аяқтағаннан кейінгі бөлігінің немесе барлық көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;

3) білім алушыларды қорытынды аттестаттау - олардың білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім.

 

 

 

2. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық аттестаттауды өткізудің тәртібі

 

3. Бастауыш сыныптарда білім алушылар тоқсандық (жарты жылдық) бағаларының негізінде аттестатталады.

1-сынып оқушылары психологиялық-медициналық-педагогтік консультацияның ұсынымдары және ата-аналарының келісімі (немесе өзге де заңды өкілдердің) бойынша қалдырылған білім алушыларды қоспағанда қайта оқу жылына қалдырылмайды.

Бірінші сыныптың бірінші жарты жылдығында оқу материалдарын меңгеру деңгейіне баға қойылмайды.

4. 5-8 (9), 10 (11)-сыныптардан келесі сыныпқа емтихан бағаларын есепке ала отырып, барлық оқу пәндері бойынша жылдық және қорытынды бағалары «3», «4», «5» болған білім алушылар көшіріледі.

Барлық оқу пәндері бойынша жылдық бағалары «5» болған 5-8 (9), 10 (11)-сыныптардың білім алушылары келесі сыныпқа емтихансыз көшіріледі.

5. Жалпы орта білім беретін мектептерде (бұдан әрі - мектеп) оқу жетістіктерін сырттай бағалау негізгі орта, жалпы орта білім деңгейлерін аяқтағаннан кейін:

негізгі мектепте (9 (10)-сыныптан кейін) - оқытудың одан әрі траекториясын айқындау мақсатында;

жалпы орта (10-11 (12) сыныптар) мектепте - оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау мақсатында өткізіледі.

6. 2-8 (9), 10 (11)-сыныптардағы білім алушылардың оқу үлгеріміне ағымдағы бақылауды әрбір тақырып пен тарау бойынша жалпы білім беретін оқу бағдарламалық материалдарды меңгергендігін тексеру мақсатында барлық оқу пәндерінің мұғалімдері өткізеді.

7. 5-8 (9), 10 (11) сыныптардағы білім алушыларды аралық аттестаттау оқу жылы аяқталғаннан кейін өткізіледі. Үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына сәйкес мектеп оқу пәндерінің тізбесін (екіден артық емес),  нысандары мен мерзімдерін белгілейді.

8. 1-2 пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 5-8 (9), 10 (11)-сыныптардың білім алушылары аралық аттестаттауға жіберіледі.

9. Кемінде екі пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 2-4-сыныптардың білім алушылары үшін ауызша, жазбаша немесе тест тапсырмалары нысандарындағы бақылау жұмыстары ұйымдастырылады. Бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша «3», «4», «5» бағалар алған білім алушылар келесі сыныпқа көшіріледі.

10. Бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 5-8 (9), 10 (11)-сыныптардың білім алушылары осы пәндер бойынша қайта аттестаттауға жатады. Жазғы каникул уақытында осы білім алушыларға пәндер бойынша тиісті оқу тапсырмалары беріледі.

Қайта аттестаттау оқу жылы аяқталғаннан кейін 3 аптадан соң жүргізіледі. Қайта аттестаттаудан қанағаттанарлықсыз қорытынды баға алған жағдайда білім алушылар қайта оқу жылына қалдырылады.

 

3. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу тәртібі

 

11. Негізгі орта, жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушылардың міндетті қорытынды аттестаттауымен аяқталады және мынадай нысандарда өткізіледі:

1) 9 (10)-сыныптардың білім алушылары үшін қорытынды емтихан;

2) 11 (12)-сыныптардың білім алушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары.

12. Қорытынды аттестаттауға Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (бұдан әрі - МЖМБС) талаптарына сәйкес жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 (10) және 11 (12) сыныптардың білім алушылары жіберіледі.

13. Қорытынды аттестаттау өткізу мерзімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) белгілейді.

14. 9 (10) және 11 (12) сыныптарындағы білім алушылардың пәндер бойынша қорытынды бағасы жылдық және емтихан бағаларын ескере отырып орташа арифметикалық баға негізінде қойылады. Дау тудыратын жағдайда бағаны дөңгелектеу көтеру жағына жасалады.

15. Емтихан бағасы қанағаттанарлықсыз болған жағдайда оң қорытынды баға қойылмайды.

16. Негізгі орта білім туралы куәлікке енгізілетін барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған 9 (10) сынып бітірушілеріне негізгі орта білімі туралы үздік кәуілік беріледі.

17. 10-11 (12) сыныптарды оқу кезінде барлық пәндерден жылдық, қорытынды және қорытынды аттестаттау бағалары «5» болған 11 (12) сынып бітірушілеріне жалпы орта білімі туралы үздік аттестат беріледі.

18. Жақсы мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған және жалпы орта білімі бойынша қорытынды аттестаттау бағалары «5» болған 11 (12) сынып бітірушілеріне жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі.

19. Бір немесе екі пәннен жылдық қанағаттанарлықсыз баға алған                  9 (10) сыныптарының білім алушыларына педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды аттестаттау өткенге дейін қосымша бақылау жұмыстарын жазбаша немесе тест тапсырмалары нысанында орындауға рұқсат етіледі.

20. Білім алушылардың денсаулық жағдайларына байланысты «Технология» немесе «Дене тәрбиесі» оқу пәндерінен босату оларды келесі сыныпқа көшіруге және қорытынды аттестаттауға жіберілуіне әсер етпейді.

21. Қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша:

1) бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз баға алған 9 (10) және 11 (12)-сыныптарының білім алушыларына мектепте тиісті оқу пәндері бойынша емтихан нысанында қайта қорытынды аттестаттауға рұқсат етіледі;

2) үш немесе одан да көп пәндерден қанағаттанарлықсыз бағалары бар              9 (10)-сыныптың білім алушылары қайта оқу жылына қалдырылады;

3) үш немесе одан да көп пәндерден қанағаттанарлықсыз бағалары бар 11 (12)-сыныптың білім алушыларына олардың жалпы орта білімнің толық оқу курсын өткендігі туралы белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.

Келесі оқу жылы аяқталғаннан кейін жалпы орта білімнің толық оқу курсын өткендігі туралы анықтама алған білім алушыларды мектепте тиісті оқу пәндері бойынша емтихан нысанында қайта қорытынды аттестаттауға рұқсат етіледі.

22. Тиісті оқу пәндері бойынша 9 (10) сыныптардың білім алушылары үшін қайта қорытынды емтихандарды және 11 (12) сыныптардың білім алушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандарын өткізу мерзімін облыстық, Астана және Алматы қалалық білім басқармалары (бұдан әрі – білім басқармалары), сондай-ақ облыстық білім басқармаларының келісімімен аудандық және қалалық білім бөлімдері белгілейді.

23. Жазғы тапсырмалар мен қайта тапсырылатын емтихандардың материалдары (жазбаша, ауызша, тестілеу нысанында) білім беру ұйымында әзірленеді.

Жазғы тапсырмаларды қанағаттанарлық орындаған және емтихандарды қайта тапсырған білім алушылар білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің шешімі негізінде білім беру ұйымының бұйрығымен келесі сыныпқа көшіріледі.

24. Барлық пәндерден үлгеретін білім алушылар мемлекеттік аттестаттаудан білім басқармаларының бұйрықтарымен, республикалық мектептердің білім алушылары Министрліктің бұйрығымен мынадай жағдайларда босатылады:

1) денсаулық жағдайына байланысты;

2) І және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедек, мүгедек-балалар;

3) Қазақстан Республикасының командасы атынан халықаралық олимпиадаларға (жарыстарға) қатысатын кандидаттардың жазғы жиынына қатысушылар.

25. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан босату туралы бұйрық мынадай құжаттар негізінде шығарылады:

1) мектеп дәрігерінің (ауылдық жерде - аудандық педиатрдың) ұсынысы бойынша жасалған білім алушының тұрғылықты жеріндегі емхананың дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы.

2) педагогикалық кеңес шешімінің көшірмесі және мектептің қолдау хаты;

3) үлгерім табельдері және білім алушының тәртібі.

Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар білім беру ұйымы басшысының қолымен және білім беру ұйымының мөрімен расталады.

26. Қорытынды аттестаттау кезеңінде ауырып қалған 9 (10)-сыныптың білім алушыларына өтіп кеткен емтихандарын тапсыруға мүмкіндік беріледі.

27. Білім алушы жазбаша жұмысына қойылған бағалармен келіспеген жағдайда емтихан бағасы жарияланғаннан кейін келесі күнгі                                 13 сағат 00 минутқа дейін  аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, білім басқармаларының, Министрліктің жанынан құрылған Білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі емтихан комиссиясына шағымданады.

28. 9 (10), 11 (12) сыныптардың бітірушілерін мерзімінен бұрын қорытынды аттестаттауға білім алушылар шетелге оқуға түсу үшін кеткенде немесе тұрғылықты орнын шетелге ауыстырған жағдайда жіберіледі және ол оқу жылының аяқталуына дейін 2 ай бұрын қорытынды емтихандар немесе мемлекеттік бітіру емтихандары нысанында өткізіледі.

29. Оқушылардың халықаралық алмасу желісінде шетелде оқуға баратын және сол жақта білім беру мекемелерін аяқтайтын 11 (12) сыныпты бітірушілер Қазақстан Республикасының мектептерінде 11 (12) сынып үшін қорытынды емтиханнан өтуі қажет. Шетелде оқыған пәндерден алған бағаларын, мектепте алдыңғы сыныптарда алған жылдық және қорытынды бағаларын есепке ала отырып және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін оларға жалпы орта білім туралы аттестат беріледі.

30. Оқушылардың халықаралық алмасу бағдарламасының финалистері оқушылардың халықаралық алмасу желісімен кеткенге дейін оқыған  Қазақстан Республикасының мектебіндегі контингенттің есебінде толық оқу курсын оқыған кезеңде болады.

31. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға және жалпы білім беретін мектептердің арнайы сыныптарындағы білім алушыларға арналған арнаулы түзеу мекемелерінде қорытынды емтихандарды және мемлекеттік бітіру емтихандарын өткізу қажеттілігі туралы мәселені медициналық диагнозына сәйкес аудандық, қалалық білім бөлімдері немесе білім басқармалары шешеді.

32. Негізгі орта білім берудің білім беру оқу бағдарламасын меңгерген                9 (10) сынып білім алушылары, үш пәннен міндетті және екі таңдау пәнінен ауызша емтихан тапсырады.

33. 9 (10) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау мынадай нысанда өткізіледі:

1) ана тілі мен әдебиетінен жазба емтихандары (оқыту тілі бойынша) (қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептердің білім алушыларына – шығарма жазу, қалған білім алушыларға - диктант);

2) математикадан жазба емтихан;

3) өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін қазақ тілінен  ауызша емтихан;

4) қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін орыс тілінен ауызша емтихан.

34. Жалпы орта білім берудің білім беру оқу бағдарламасын меңгерген                11 (12) сынып білім алушылары, төрт пәннен міндетті және бір таңдау пәнінен қорытынды аттестаттау нысанында емтихан тапсырады.

35. 11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау:  

1) ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі бойынша) эссе нысанында жазбаша емтихан;

2) өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін қазақ тілінен тест тапсырмалары;

3) қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін орыс тілінен тест тапсырмалары;

4) Қазақстан тарихынан ауызша емтихан;

5) алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазба емтихан;

6) таңдау бойынша пәннен тест түрінде өткізіледі.

Таңдау пәндері: физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын тілі, француз тілі, неміс тілі), информатика.

36. 9 (10) сынып білім алушыларына емтихан жұмыстарының материалдарын білім басқармалары, республикалық білім ұйымдарының               9 (10) сынып білім алушыларына және 11 (12) сынып білім алушылары үшін емтихан жұмыстарының материалдарын Министрлік дайындайды.

37. Білім беру ұйымының негізгі сатысындағы 9 (10)-сыныпта диктантқа - 2 (2,5) астрономиялық сағат, шығармаға - 4 (4,5) астрономиялық сағат, мазмұндамаға - 3 (3,5) астрономиялық сағат, математикаға (жазбаша) - 3 (3,5) астрономиялық сағат (математика пәні тереңдетіліп оқытылатын сыныптарда - 4 сағат) бөлінеді.

38. 11 (12)-сыныпта эссе жазуға - 3 астрономиялық сағат, алгебра және анализ бастамаларына (жазбаша) - 5 астрономиялық сағат бөлінеді.

39. Жазбаша емтихандарды өткізу үшін неғұрлым үлкен сынып бөлмелерін дайындау қажет: 11 (12)-сыныптағы білім алушылар бір-бірден, ал 9 (10)-сыныптағы білім алушылар бір-бірден немесе екіден үстелге немесе партаға отырғызылады.

Жазбаша жұмыстарды орындау және ауызша жауапқа дайындалу үшін білім алушыларға мектептің мөртабаны басылған қағаз беріледі. Жұмыстарын орындаған білім алушылар оны жоба жазумен (черновикпен) бірге  Комиссияға тапсырады.

Жұмыстарын емтиханға арналып бөлінген уақыт ішінде аяқтай алмаған білім алушылар сол аяқталмаған қалпында тапсырады.

40. Жазбаша емтихан өтіп жатқан кезеңде (диктанттан басқа) білім алушының 5 минутқа сынып бөлмесінен шығуына рұқсат беріледі. Ондай жағдайда ол жұмысын Комиссияға тапсырады, емтихандық жұмысына білім алушының шығып келген уақыты жазылады.

41. Жазбаша емтихан аяқталғаннан кейін емтихан жұмыстарын Комиссия мүшелері білім беру ұйымының ғимаратында тексереді.

Тексерілмеген жұмыстар мектеп басшысына сақталу үшін тапсырылады. Тексеру кезінде қателердің асты сызылады. Жалпы орта білім курсы үшін эсседе қателердің саны жеке көрсетіледі.

Жалпы орта білім курсы бойынша шығармадағы, мазмұндамадағы, диктанттағы қателер саны жеке көрсетіледі.

Шығармаға, мазмұндамаға және математика пәні бойынша жазбаша жұмыстарға «2» және «5» бағалары қойылған жағдайда қысқаша пікір жазылады.

Тіл мен әдебиет бойынша қайта жазбаша аттестаттау нысанын мектептің Комиссиясы белгілейді.

9 (10) және 11 (12)-сыныптарындағы шығарма екі бағамен, негізгі және жалпы орта білім беру курсындағы жазбаша емтихан жұмысы - бір бағамен бағаланады.

42. Жалпы орта білімі туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер               11 (12)-сынып білім алушыларының жазбаша емтихан жұмыстарын емтихан тапсырғаннан кейінгі үш күн ішінде білім басқармалары, республикалық орта білім ұйымдары білім алушыларының жұмыстарын Министрлік тексереді.

43. Мектептердің барлық сыныптарындағы жазбаша емтихан жұмыстары жергілікті уақытпен таңертеңгі 9 сағат 00 минутта басталады. Ерекше жағдайларда (білім беру ұйымында білім алушылардың саны көп болғанда осы ереженің талаптары мен тәртібін сақтау үшін) емтихандарды бірнеше мерзімде өткізуге болады.

Шығарма тақырыптары, диктант және мазмұндама мәтіндері салынған пакеттер білім алушылар мен комиссия мүшелерінің қатысуымен емтиханның басталуына 15 минут қалғанда ашылады.

Математикадан материалдар салынған пакеттер 9-11 сыныптарда комиссия мүшелерінің қатысуымен ұсынылған есептер шартының дұрыстығын тексеру үшін емтихан басталуынан 1 сағат бұрын ашылады.

44. Ауызша емтиханды өткізу үшін 24-тен астам білім алушысы бар сынып емтиханды бірінен соң бірі сол күні тапсыратын екі топқа бөлінеді.

45. Ауызша емтихан жауабын дайындау үшін оқушыға 50 минуттан кем емес уақыт беріледі. Егер білім алушы билет бойынша сұрақтарға жауап бермесе, емтихандық комиссия оған екінші билет алуға рұқсат етеді (бұл жағдайда бағасы 1 балға төмендейді).

46. Әрбір пән бойынша ауызша немесе жазбаша емтихандар өткеннен кейін Комиссия білім алушыға емтихан бағасы мен қорытынды бағаларын қояды және оларды осы ереженің 1-қосымшасына сәйкес  негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлеріндегі оқу курсының емтихан (тестілеу) және қорытынды бағалары хаттамасына (бұдан әрі - Хаттама) енгізеді.

Хаттамаға Комиссиясының мүшелері қол қояды.

47. Егер бір пәннен ауызша және жазбаша емтихандар өткізілсе, екі емтиханды тапсырғаннан кейін бір ғана қорытынды баға қойылып, жазбаша мен ауызша емтихандардың тиісті хаттамасына жазылады. Жазбаша жұмысы «үздік» бағаланып, ауызша емтиханнан алған баға «4»-тен төмен болмай, тоқсандық және жылдық бағасы «5» болған жағдайда емтихандық және қорытынды бағаға «бес» қойылады.

48. Оқу сабақтары ұйымдастырылған емдеу мекемесінде емделіп жатқан білім алушыларға қорытынды бағаны қою кезінде, осы емдеу мекемесінің жанындағы мектепте (сыныпта немесе топта) алған тоқсандық (жарты жылдық) және жылдық бағалары ескеріліп қойылады.

49. Білім алушылардың ауызша емтиханда алған бағалары осы сыныптағы немесе топтағы емтихан аяқталғаннан кейін хабарланады.

Білім алушылардың жазбаша өтінішінің негізінде емтихан комиссиясы төрағасының қатысуымен оған өз жазба жұмыстарының тексеру нәтижелерімен танысуға мүмкіндік беріледі.

50. Кезекті емтиханнан «2» алған 9 (10) және 11 (12)-сыныптардың білім алушылары келесі емтиханға жіберіледі.

 

4. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі емтихан комиссиясы жұмысының тәртібі

 

51. Білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу үшін Комиссия мектеп директорының бұйрығымен мектеп жанында, білім бөлімі басшысы бұйрығымен аудандық, қалалық білім бөлімдері жанында, басқарма басшысы бұйрығымен облыстық мектептердің білім алушылары үшін білім басқармалары жанында және Министрдің бұйрығымен республикалық мектептердің білім алушылары үшін Министрлік жанында құрылады.

52. Мектеп жанынан құрылған комиссия құрамына пән мұғалімдері және директордың орынбасарлары кіреді. Комиссияны мектеп директоры немесе оның орнын алмастырушы тұлға басқарады.

Мектеп жанындағы комиссия құрамына негізгі және орта мектепте бір бітіруші сынып-комплектіден болған кезде кемінде 5 адамнан, бітірушілері екі немесе одан көп сынып-комплектіден болған кезде кемінде 7 адамнан болуы тиіс.

53. Аудандық, қалалық білім бөлімдері жанындағы комиссия құрамына пән мұғалімдері, аудандық, қалалық әкімдік, білім бөлімі, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, мектеп мұғалімі немесе білім бөлімінің қызметкері арасынан тағайындалған хатшы енеді. Комиссияны білім бөлімінің басшысы немесе оның орнын алмастырушы тұлға басқарады.

54. Білім басқармалары жанындағы комиссия құрамына пән мұғалімдері, жоғары оқу орындары, облыстық әкімдік, білім басқармасы, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енгізіліп, мектеп мұғалімі немесе білім басқармасының қызметкері арасынан тағайындалған хатшы кіреді. Комиссияны білім басқармасының басшысы немесе оның орнын алмастырушы тұлға басқарады.

55. Министрлік жанындағы комиссия құрамына пән мұғалімдері, Министрлік және Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдар мамандары, Министрлік қызметкерлері арасынан тағайындалған хатшы енеді. Комиссияны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі басқарады.

56. Мектеп жанынан қалыптастырылған Комиссия келесі іс-шараларды жүзеге асырады:

1) 9 (10) және 11 (12) сынып білім алушыларының жазба емтихан жұмыстарын қарайды және ауызша емтихан жауаптарын тыңдау;

2) тестілеу жұмыстарын өткізуді ұйымдастыру;

3) білім алушылар, мұғалімдер мен ата-аналар арасында қорытынды аттестаттаудың өткізілуі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

4) тестілеуді өткізу уақытына кезекшілік құрамын қалыптастыру;

5) жауап парақтарын сканерлеу және емтихан жұмыстарын бағалау;

6) тестілеу нәтижелерін шығару және тарату;

7) осы ереженің 2-қосымшасына сәйкес тестілеу нәтижесінің баллдарын жалпы орта білім туралы аттестаттың бағаларына ауыстыру шкаласына сәйкес ауыстыру;

8) аппелляцияға түскен ұсыныстардың негізділігін қарау және   шешім қабылдау.

57. Аудандық, қалалық білім бөлімдері, білім басқармасы, Министрлік жанынан қалыптастырылған Комиссиялар келесі іс-шараларды жүзеге асырады:

1)       білім алушылар, мұғалімдер мен ата-аналар арасында қорытынды аттестаттаудың өткізілуі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

2) «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын (бұдан әрі - ҰТО) филиалдарында емтихан жұмыстарын өңдеу кезеңде үздіксіз электрқуатымен мен телекоммуникациямен ұйымдастыруды қамтамасыз ету;

3) жалпы орта білімі туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлерді облыс, республикалық маңызы бар қала орталықтарындағы ҰТО филиалдарына   және кері жеткізу (ҰТО филиалынан 50 шақырым қашықтықта тұратын мектеп бітірушілер тестілеуден бір күн бұрын тасымалданады. ҰТО филиалынан 50 шақырымнан жақын жерде тұратын мектеп бітірушілер тестілеу болатын күні, сағат таңғы 07.00-ден бастап тасымалданады), оларды жатын орындарына орналастыру және тамақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

4) аппелляцияға түскен ұсыныстардың негізділігін қарау және нақты шешім қабылдау.

58. Жұмыс қорытындысын шығару және «Алтын белгі» белгісімен марапатталған білім алушылардың тізімін бекіту туралы шешімді қабылдау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы ағымдағы жылғы 25 маусымнан кешіктірілмей өткізіледі.

59. Жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер білім алушылардың кандидатураларын растау туралы Комиссия шешімі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

60. Білім алушылардың қорытынды аттестаттауы аяқталғаннан кейін білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі емтихан комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен оқушылардың қорытынды аттестаттауы нәтижелерін талқылайды және оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыру жөніндегі нақты шараларды қабылдайды.

 

 

5. 11 (12) сынып бітірушілері арасында тестілеу өткізу тәртібі

 

61. 11 (12) сынып бітірушілері арасында тестілеу өздері білім алатын мектеп базасында өткізіледі.

«Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатын алуға үміткерлер үшін тестілеу облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан ҰТО филиалдары базасында өткізіледі.

62. Тест тапсыруға қатысушылар туралы деректер қорын қалыптастыру ағымдағы жылғы 1-20 сәуір аралығында ҰТО жасаған бағдарлама негізінде жүзеге асырылады. Деректер қорын қалыптастыру білім алушылар өзі оқитын мектептерде жүргізіледі, ҰТО-ға мәліметтерді жеткізу ҰТО филиалдары арқылы жүзеге асырылады. Жасақталған дерек қорлар арқылы тест тапсырушыларға рұқсат беріледі.

63. Тестілеу МЖМБС-ға сәйкес ҰТО әзірлеген тест тапсырмаларының көмегімен, осы ереженің 35-тармағында көрсетілген пәндер шегінде өткізіледі.

64. Тест тапсырмаларының нысаны және саны, тестілеуге арналған жауап парағының нысаны, сондай-ақ тестілеуге бөлінген сағат саны әр пән бөлінісінде жеке жасалған тест ерекшеліктерімен анықталады. Тест ерекшеліктерін Министрлік әзірлейді.

65. Тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру, емтихан материалдарын дайындау және білім басқармаларына дейін жеткізуді ҰТО жүзеге асырады.

66. Емтихан жұмыстарын өңдеу ҰТО филиалдарыда жүзеге асырылады.

67. Емтихан материалдарын білім басқармасынан әрбір мектепке жеткізуді жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.

68. ҰТО филиалдарында емтихан материалдарын өңдеу ҰТО филиалдары қызметкерлерінің, мектеп, аудандық, қалалық білім бөлімдері және білім басқармасы жанынан құрылған комиссиялар өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

69. Тестілеуге бітірушілер өзімен бірге  қара пасталы қалам, жеке куәлік және тестілеуге рұқсатнама алып келеді. Өзге заттармен тестілеуге жіберілмейді.

70. Министрлік әзірлеген жауап парағының қызмет секторын толтырғаннан кейін № 1 орыннан бастап сұрақ-кітапшалары таратылып беріледі.

71. Сұрақ кітапшалары таратылып берілгеннен кейін бітіруші кітапшаның барлық беттерін мұқият тексереді. Кітапшада қандайда бір қателіктер мен баспалық жарамсыздықтар орын алған жағдайда ол туралы Комиссия мүшелеріне хабарлайды.

72. Бітіруші жауап парағына сұрақ кітапшасының нұсқа номерін және сауал кітапшасының титуль парағын толтырады.

73. Жауап парағының қызметтік секторын және сұрақ кітапшасының титул парағын толтырғаннан кейін тақтаға жазылған басталу және аяқталу уақытын толтырады.

74. Бітірушіге сөйлесуге, бір орыннан екінші орынға ауысуға, емтихан материалдарын басқа бітірушімен ауыстыруға, көшіріп жазуға, шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, калькуляторды, фотоаппаратты, мобильді байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондарды, планшетниктерді, iPad, iPod, iPone, SmartPhone), ноутбуктарды, плейерлер, радио-электронды байланыстың барлық түрлерін (Wi-Fi. Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G)  аудиторияға кіргізуге және пайдалануға, сұйықтықпен түзету, беттерін бөлу, қарастырылмаған (жауап парақтарының номерлері) секторларды бояу арқылы емтихан материалдарын (жауап парақтары мен сұрақ кәтапшаларын) бүлдіруге рұқсат етілмейді.

75. Бітірушілердің тестілеуі аяқталғаннан кейін мектеп жанынан құрылған комиссия тест материалдарын ҰТО филиалдарына жеткізуді ұйымдастырады.

76. ҰТО филиалдары тест материалдарын өңдеп болған соң емтихан ведомосттын 3 данадан басып шығарып, мектеп жанындағы, аудандық, қалалық білім бөлімі, білім басқармасы, Министрлік жанындағы комиссияларға береді және ҰТО филиалында қалдырады.

77. Тестілеудің нәтижесі тестілеу аяқталғаннан кейін 3 күнтізбелік күн ішінде бітірушінің назарына жеткізіледі.

Просмотров: 970 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Tramadols  
0
Has a very fast and strong analgesic action http://100tramadol.iwopop.com/ - ultram tramadol buy (Ultram) due to which it may be used for any forms of the painful syndrome.
This drug neutralizes pain due http://ustram.iwopop.com/ - Tramadol buy now to the action to the central nervous system and spinal cord.

Имя *:
Email *:
Код *: