00:16
Әлеуметтік қызмет

ӘРБІРІНЕ АЯЛЫ ҚАМҚОРЛЫҚПЕН

Әлмисақтан адамзат атаулыда адамгершіліктің маңызы бәрінен де жоғары бағаланады. Адам саналылығының бірден-бір сапалы өлшемі де. Жаратушы иеміз бәрімізді сіріңке қорабындағы шырпылардай бірдей-біркелкі жаратпаған, яғни қолдағы бес саусақтай алуан-алуан. Сонымен бірге айналамызда денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі я егделік-қарт шақта жалғыздыққа тағдырдың тәлкегімен, тірліктің таусылмас тауқыметімен душар болған жандар барын да ұмытпауымыз абзал. Мұндай адамдарға деген толерантты сыйластығымыз, адами қамқорлығымыз азаматтық тұрғыдан өн-бойымызда болуы тиіс. Әйтпегенде адамгершілігіміздің құны көк тиын.

Бесқарағай ауылында әлеуметтік қызметкерлікпен асқан абыроймен айналысып жүрген Ибраимова С.Қ. және Омарова К.К. тұлғалар бар. Әр жұмыс аптасының күндерінде өздерінің қарамағындағы жалғызбасты екі һәм жалғызылікті жетң зейнетнеркерге, сонымен қоса денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі бір балаға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтерді егжей-тегжейлі көрсетеді.

Сарқыт Қабжанқызының да, Күмісай Керімханқызының да өз сөз саптауларына жүгінсек, көмекке мұқтаж зейнеткерлерге үй ішін жинастыруда, киім-едендерін тазалыққа келтіруге көмектесуде, үйден қашықтау жатқан дүкендерге барып, қажетті азық-түлігін һәм тұрмыстық заттарын әкелуде, әлеуметтік төлем-ақыларды төлеуде қолдан келер жұмыстан аянып қалмайды. Оның үстіне қар-боранды, үскірік-аязды қыс мезгілінде отын-көмірлерін үй-тамдарына кіргізіп беру, пештерін күлдеу, ауыз суды тасу, ауланы қалың қардан тазалау, қажетті кезде ауруханаға апару, дәрі-дәрмектерді жеткізу деп тізбектеліп кете беретін қызмет түрлері төбе көрсетеді.

Күмісай Керімханқызының құзыретіне денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі баланы бағып-қағу жатады. Айталық, массаж жасау, памперс-киімдерін ауыстыру, ас-тағамын әзірлеу, тамақтандыру, шомылуға өкмектесу, дәрігер жазып берген рецепт бойынша керекті дәрі-дәрумендерін уақтылы ішкізу, ауа райының қолайлылығына байланысты таза ауада сереуендету.

Ол ол ма, азық-түліктің еселп қымбаттауына байланысты жылына бір рет берілетін төлемақыларын, бірінші топтағы мүгедек жандарға қатты отын сатып алуға материалдық көмекке һәм басқа да материалдық көмек алатын жандарға тиісті құжаттарын жинастырып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне уақытылы тапсыруды да айта кету лазым.

Сарқыт Қабжанқызы күз-қыс-көктем кезінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде құрылған «Жас ұлан» балалар ұйымымен ұдайы іскерлік байланыста болады. Аға тәлімгермен бірлесе отырып орта буын оқушыларының қомақты көмегімен әлеуметтік қолғадысқа мұқтаж жалғызбасты-жалғызылікті зейнеркерлердің үй ауласын жапырақ-қоқыстан, қалың қардан тазалау жұмыстарын сәтімен сабақтайды.

Ал бұны аз десеңіздер, әлеуметтік қызметтегі аяулы жандар өз қарамағындағы егде-қарияларға алыстағы үрім-бұтағымен кезінде үзіліп қалған туған-туыстық байланыстарды қалпына келтіре орнатуға барын салып бағады.

Асылында, қоршаған ортада көзге көріне бермейтін осынау әлеуметтік қызмет көрсету ісімен азаматтық жауапкершілікпен айналысатын аяулылардың абыройы асыл да.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы       
Просмотров: 926 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: