12:17
Әлеуметтің әлегі

ЖАУЫРЛАНҒАН ЖОЛ ЖӨНІ

Екі елді мекен – Бесқарағай мен Аққу – арасын жалғап жатқан тас жол. Қашан төселгенін һәм қанша уақыт «жұмыс істеп келе жатқанын» өткен күндердің шежірелі куәгері тарих еншісіне қалдырайық. Әлдеқашан асфальтталған бұл жол әлі күнге дейін қызметін тоқтатпай келеді. Алайда оның қазіргі хал-ахуалы алаңдатып, әлеуметтің әлегін қоздыруда.

Басқа басқа, ал осы тас жолмен арлы-берлі жүйткіген автокөлік жүргізушілердің назын түсінуге болады. Олардың айтуынша, тас жолдың үстімен жүру азаптың азабы екен. Себебі кезіндегі тақтайдай сүрлеудің сау-тамтық тұсы некен-саяқ, ал кей аралық-бөліктерінде тіптен жоқ деуге тұрарлық. Әр шақырым сайын дерлік шұрқ-тесік, асфальт төсенішінен әлдеқашан айырылып қалған «қотыр-қотыр» қорқынышты көріністер. Әсіресе, Бесқарағайдан шыға берістегі екі-үш шақырым және Аққуға жетер-жетпес екі-үш шақырым сергелдеңге амалсыздан түсіреді. Жаймашуақ күндерде һәм жұлдызды-ашық түндерде тас жол жиегіндегі қара сүрлеу-жол көп көмек. Ал жауын-шашынды сәттерде қара жолмен жүру тіптен жайсыз, өйткені су тиген саз езіліп, адам айтқысыз әуре-сарсаңға түсіреді. Осындай кездерде тозығы жеткен тас жолмен жүруге мәжбүр боласың.

Жасыратыны жоқ, асфальт жолдың шұрқ-тесігі автокөліктің тұс-тұсын әлсіретіп, тоз-тозын мезгілінен бұрын шығарады. Ал қосалқы құрал-саймандардың бағасы удай қымбаттығын алдыға тартсақ, автокөлік жүргізушілердің қалтасын қаншалықты қағатынын зерделемей-ақ есептей беріңіздер.

Амал нешік, осынау көкейтесті мәселе бұдан әлдеқашан сынға да алынды, халықпен өткізілген жиын-жиналыстарда да мінбер тұрғысынан бірталай айтылды, бұқаралық ақпарат құралдарда да басылды. Дана Абай сөзімен айтсақ «Баяғы жартас – сол жартас» немесе айта-айта жауыр болған жолымыз осы. Жергілікті биліктің құлағына алтын сырға.

Жалғыз ғана өтініш, бұл жазылғаннан қандай да бір оппозициялық реңк іздеудің еш қисыны жоқ, бұны тек әлеумет атанатын халықтың мұң-мұқтажын жеткізу һәм мүддесін қорғау деп қабыл көріңіздер.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

«Нұр Отан» ХДП «Бесқарағай» БПҰ төрағасы орынбасары, Бесқаарғай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 806 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: