10:09
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Тойбастар. «Тойдың кешкі ойынын өлеңмен бастайды. Сонда айтылатын өлең тойбастар деп айтылады (А.Байтұрсынов). Тойдың сәні тойбастарды әнші жігіт не қыз бастайды. Той бастағаны үшін жігіт (не қызға) той иесі рақмет айтып, тойбастар яғни сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетеді. Тойбастарды бұрын елге белгілі ақындар мен әншілер бастаған. Айталық: Байғаманбет сұлтанның Ақыл деген қызы ұзатылғанда тойбастарды атақты Шернияз ақын бастаған.

Жар-жар. Ұзатылатын қыз тойында қыз-жігіттер тобы – кететін қыздың көңілін аулау, бара жатқан жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңменен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, абыройлы, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан Жар-жар қызықты болып естіледі. Айталық: «Жар-жарды» жігіт былай бастайды:

Алып келген базардан,

Қара насыр, жар-жар-ау.

Қара мақпал сәукеле

Шашың басар, жар-жар-ау,

Мұнда әкем қалды деп

Қам жемеңіз, жар-жар-ау,

Жақсы болса қайны атаң,

Орнын басар, жар-жар-ау.

Қыз былай деп жауап қайтарады:

Есік алды қара су

Майдан болсын, жар-жар-ау,

Ақ жүзімді көргендей

Айнам болсын, жар-жар-ау,

Қайын атасы бар дейді-ау,

Осы қазақ, жар-жар-ау,

Айналайын әкемдей,

Қайдан болсын, жар-жар-ау!

Жар-жар негізінен ойын-күлкіге, әдет-ғұрыпқа, тәлім-тәрбиеге негізделген. Ауыз әдебиетінде «Жар-жар» - айтысы оның жалғасы «Ау жар» айтыстары бар. Оның бәрін тәрбие, әдеп мектебі деп түсіну керек.

Беташар. Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатынасады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек.

Келін келді, көріңіз,

Көрімдігін беріңіз,

Анау-мынау демеңіз

Түсін айтып қойыңыз, -

деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра көрімдік сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарық қылады. Беташар тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі.

Енші. «Оған бай қалың беріп, қатын әперді де, кейін енші беріп бөлек шығарады» (С.Мұқанов). Балалары ер жетіп, жеке үй болғанда ата-анасы оған отау тігіп, дүние-мүлік мал береді. Мұны енші деп атайды. Қыздарға берілетін дүние-мүлік жасау деп аталады.

Босаға майлау. Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу үй салғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 355 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: