15:47
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Құда түсу. «Итбай Тұрлығұлға құда түсіп мал алуға даярлана бастады» (С.Көбеев). Ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан жақсы әрі жарасты дәстүрлердің бірі құда түсу. Жігіттің әкесі немесе оның жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп, айталық: құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр тағы басқа ырымдары мен кәде, алымдары болады. Құдалықты басқарып тұрған адам бас құда деп аталады. Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелері бір-біріне бауыздау құда деп аталады. Құда түсу қазақтың мәртебелі әрі жарасты салт-дәстүрлерінің бірі. Онда түрлі ойын-сауық, әзіл-қалжыңдар айтылады. Екі жақ та бірін бірі сынап отырады.

Қыз танысу. «Күйеу келтір, қыз ұзат тойыңды қыл, қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржыңшыл» (Абай). Ұзатылатын қыз өз босағасынан аттанар бұрын туған-туыстарын аралап, көрінеді. Мұны дәстүр бойынша қыз танысу дейді. Қыздың барған үйі оған құрмет көрсетіп, жақсы тілектер тілеп, бағалы киім, дүние-мүлік, жақсы тағамдар беріп аттандырады. Бұл бұрын халық арасында өте жарасты дәстүр болып қалыптасқан. Оң жақтағы (ұзатылмаған) қыз төркіндемейді және мұндай сөз айтылмайды.

Шарғы. Ұзатылған қыз өзіне тетелес сіңлісіне басына тартатын орамалын береді. Мұндай дәстүр шарғы деп аталады. Шарғы салынған қызға жеңгелері, замандастары бас қосып келіп, жақсы тілек білдіріп, шәй ішеді.

Қынаменде. «Қынаменде жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызы бола ма гүл!» (Абай). Бұл да ұлттық ғұрпымыздың салтанатты да, көңілді кешінің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы қынаменде деп аталады, шығыс халықтарында қынаменде кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен қынаменде жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.

Күйеудің бұл жолы әр кезде әр түрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер қалыңдық ойнау, кей жерде ұрын келу дейді. «Бір күні байғұс ұрын келді, қисайтып жаман бөркін қырын келдің» (Н.Ахметбеков).  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 333 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: