23:46
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Базарлық – алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны базарлық деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

Байғазы – балалардың, жастардың жаңа киімі, заты үшін (мысалы, қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ. Жеңгелері, шешелері «байғазыға байдың қызы» деп те айтады.

Көгентүп (көгендік) – бір-біріне жақын-туыс, ілік, жұрағат адамдардың баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауылдардың әлі де пайдаланып жүрген жақсы, жарасымды салттарының бірі.

Жеті ата. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» (Мәтел). Әр адам өзінің жеті атасын білуі – көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз» деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата-ананың басты борышы. Айталық, өзі, әкесі, атасы, бабасы және онан арғы ата-бабасының есімдерін білу жеті атаны білу деген сөз.

Ат тергеу. Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайын-інісінің, қайын-сіңлісінің атын атамай, өзінше лайықты ат қойып мырза қайнаға, бай атам, би аға, жалқы бала, төре бала, тентегім, еркем, әйел болса шебер шешей, ақ әже, сырғалым, шашбаулым, күлім көзім деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Айталық: тапалды сұңғақтым, жайбасарды жүйрігім дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «атаң, әкең, Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Ат тергеу біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.

Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: бір келіншек сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер! – депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай деген қайны, қайны ағаларының атын атамай тұр екен.

Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден «бұл кімнің ауылы» деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеге жоқтай атамның ауылы» депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 503 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: