20:46
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Көз тию. «Бір тойда диуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» (И.Байзақов). қазақтың ұғымы бойынша жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарға көзі бар немесе назар керде дейді. «Кісі еді назар керде Кенесарв, көзінің қарағанда өтті зәрі» (Наурызбай – Қаншайым). Ас, тойларда жыққан палуанды, жүйрік атты көзге көп көрсетпейді. Ажары әдемі жас сәбилердің бетіне күйе жағып қоятын да ғұрып бар. Бұл көз күйеге тиеді деген түсініктен шыққан. Біреулер жас келінге, сәбиге сұқтана қараса «көзің тиеді, түкір» деп түкіртіп алатын да ырым бар. Көз тисе сұқ-сұқ – деп, тіл тисе тіфә-тіфә деп немесе біреуді мадақтағанда тіл-аузым тасқа деп ырымдайды.

Сүндеттеу. Алты-жеті жасқа толғаннан кейін еркек баланы сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман елдерінде ғана емес, басқа діндегі елдерде де бар. Сүндеттеудің денсаулыққа, тазалыққа да пайдасы зор. Баланы сүндеттеу үлкен рәсім. Ол әр ата-ананың борышы. Бұл рәсімнің сүндет тойы деген сияқты жөн-жоралары болады, қайырлы болсын айтылып шашу шашылады. Сүндет міндеті бұрын қожа, молдаларға ғана тапсырылса, қазір оны дәрігерлер де жасай береді. Бұрынғы кезде ауқатты адамдар бала сүндеттегенде үлкен той жасаған. Оны сүндет тойы деп атайды.

Қалау. Біреудің жақсы малына, затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып, қалау қалайды. Жас баласына лайықты бағалы тарту жасап, қалауын айтады. Оның тартуының бағасы өз қалаған затының бағасымен сәйкес келуі шарт емес. Дәстүр бойынша үй иесі қалаушы адамды қонақасы беріп, қалағанын орындап қайтаруға тиіс. Бұл жомарттық пен мәрттіктің, әрі сыйластықтың белгісі.

Тоқым қағар. «Ертең ұлы дүбірге мені аттандырып, тоқым қағарын сен жасарсың» - деді Сәкен (С.Талжанов). жас адам алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Мұнда арнаулы мал сойылып немесе сыйлы мүшелер салынып етмасылып, кең дастарқан жасалады, ойын-сауық, өлең-жыр айтылады. Бұл сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.

Бата. Ақ тілеудің белгісі – бата. Ол кез келген жерде айтыла бермейтін қасиетті рухани ұғым. Мұның бірнеше түрлері бар.

  1. «Сырым батыр жас кезінде батасын алайын... деп Бөкен биге барыпты». Бұл ерлік, өнер, өмір жолына ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:

Бедеуің беліңдегі байлаулы болсын,

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын,

Есігің ашық болсын,

Қабағың жазық болсын,

Сонда ағайының кетпес қасыңнан,

Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер,

Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан.

Мұндай баталар талапты, халықты сүйген ер-азаматтарға ғана берілген.

  1. «Дастарқаның мол болсын, Абыройың зор болсын» («Ақ бата»). Батаның екінші түрі дастарқанға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата арасына сол үйдің сараңдығын да қосып айтып жіберетіндер болған.
  2. «Бақ берсін, бас берсін, өміріңе ұзақ жас берсін» («Ақ бата»). Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге басатаушы әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны елге құрметті, өте сыйлы адамдар береді.
  3. Теріс бата. Бұл бата деп аталғаны болмаса қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. «Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр... Бұл теріс батаның, қарғыс батаның белгісі( (М.Әуезов). мұндай бата сенімді ақтамаған өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалға. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 334 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: