12:14
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Иткөйлек (ғұрып) – ырымшыл халқымыздың баланы қырқынан (туғанына қырық күн толған күн) шығарғаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, оны иттің мойнына байлап жіберетін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағы иткөйлекті шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.

Қырқынан шығару. Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Айталық, «жеті қазына», «бір тоғыз», «үш тоғыз», «қырықтың бірі – қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымнан пайда болған. Соның бірі баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастарқан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды.

Тұсаукесер. «Тұсауыңды кесейін, Күрмеуіңді шешейін» («Тұсаукесер» жыры). Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар. Айталық:

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тағы, тағы баса ғой.

Тақымыңды жаз, балам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

(«Тұсаукесер» жырынан)

Тұмар. Бала ауырғанда молдаларға дұға жаздырып оны үшбұрыштап матаға не теріге тігіп баланың мойнына тағып қояды. Бұл пәле-жаладан, тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтайды деген діни ұғымнан туған. Тұмардың түрлері көп, оны кейде жас төлдерге, ауырған малға да тағады.

Тұлым. «Сәрсеке! Көңілге солай екен дұрыс та ғой, ләкиінде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М.Дулатов). баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны тұлым деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 354 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: