16:06
Күркіреп күндей өткен сұм соғыс

ЕШКІМ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

 Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жетпіс бір жыл толады.

Соғыс... Қандай жымысқы, қорқынышты сөз! Қазақ даласында соғыс отының шарпуын көрмеген, қайғысын тартпаған шаңырақ жоқ еді. Бұл оқиға адам баласы үшін ауыр, азапты күндерге айналды.
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне биылғы жылы жетпіс бес жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық.

       Өзім соғыс  туралы ойласам, көз алдыма баласын, жарын жоқтап жылаған аналар, әке мейрімін көрмеген балалар, Отан үшін майданда ерлікпен қаза болған жас азаматтар келеді. Соғыс салған жараның орны әлі жазылған жоқ. Сондықтан қанмен, термен, жаспен келген Жеңіс – ең Ұлы Жеңіс, киелі Жеңіс, қадірлі Жеңіс!
Әкелеріміз бен ағаларымыз осынау қан майданда өздерінің жанкештілік қаһармандығымен басқа ұлттар алдында батырлығымен, қайсарлығымен танылды. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Айталық, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов һәм басқа баһадүр.
Олардың жасаған ерлігі мен есімдері мәңгі ұмытылмайды. Сол ерліктердің жемісі – Жеңіс!

     Жеңіс! Қандай кең мағыналы сөз. «Жеңіс» сөзі бүкіл халыққа бейбіт өмір әкелді, елге тыныштық оралды.

Қариялар азайып бара жатқанын, әсіресе, олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Сондықтан да бұл – Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған-қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол – өмір заңы. 
       Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың  қатарында   Кеңес Одағының   батыс шебін күзеткен    ондаған мың  қазақстандық-шекарашылар болды.    Атақты Брест   гарнизонының  өзінде  1941 жылдың көктемінде   біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен,     шілде айында  олардың   көпшілігі     әскерден елге  қайтулары керек  болған.  Бірақ      жаудың  шабуылы  олардың   бұл   жоспарларын  күл-талқан  етті.     Соғыс   өрті  ішке  қарай  тез еніп,    Брест қамалының тірі  қалған   қорғаушылары партизандар қозғалысына  қосылды.    Олардың  қатарында 190   қазақстандық болған  және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде    қалған.  Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл  Кеңес Одағы сияқты,     алғашқы   күннен бастап  жұдырықтай жұмылды.   Республиканың түкпір-түкпірінде  әскери  комиссариаттарға   еріктілер  ағылды.   Кеше  ғана мектеп  партасында  отырған  бозбалалар  мен бойжеткендер де,   қала   мен ауыл тұрғындары да соғысқа  сұранды. 1939    жылдың  дерегі  бойынша,  біздің  республикамызда  6,2 миллион адам тұрып  жатқан.  Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына  1 миллион  200 мың  қазақстандық шақырылған,    20-дан астам   атқыштар  дивизиясы  мен  басқа да     құрылымдар жасақталған.  Фашистермен     болған шайқастарда  328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы,   100-ші және 101-ші  ұлттық,   81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және  75-ші теңіз    атқыштар бригадасы,  209-шы  Зайсан,   219-шы  минометтік,  85-ші зениттік,   662-ші, 991-ші және 992-ші  авиациялық полктер  ерекше    көзге түсті.    Майданға  14 100  жүк және  жеңіл  автокөлік,  1 500   шынжыр табанды  трактор,  110 400   жылқы,  16 200  арба    жөнелтілді. Қазақстан    армия мен флот үшін   офицерлік кадрлар  және  резервтік    күштер дайындауға да  лайықты үлес  қосты.  1941-1945 жылдары    әскери  оқу орындарына  42 мыңнан  астам   жас қазақстандық   жолданды,    ал Қазақстанның аумағында  сол жылдары жұмыс істеген  27   әскери оқу орны толық емес   мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған. Біздің    жерлестеріміз  майдан даласында    ерлікпен шайқасқан.     Жауынгерлік ерліктері  үшін жүздеген  мың  қазақстандық  медаль-ордендермен марапатталса,  500-дей    адам  Кеңес Одағының Батыры,   100-ден  астам адам - Даңқ орденінің  толық иегері атанған.  Төрт қазақстандық  екі  мәрте    Кеңес Одағының  Батыры  атанды,  олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов  және Леонид Беда. Кеңес  Одағы   Батырларының  қатарында  қазақтың екі   қызы -  мерген  Әлия Молдағұлова мен   пулеметші  Мәншүк Мәметова  бар.   Рейхстагқа    Жеңіс туын  тіккендердің   бірі -  қазақ  жігіті   Рахымжан  Қошқарбаев.    Жаудың   тылында  партизандардың  қатарында да   қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі  - Қасым Қайсенов.     Ал танымал  қолбасшы,       әскери  жазушы Бауыржан  Момышұлын,  28  панфиловшылардың ерлігін    білмейтін  қазақ жоқ шығар.  Соғыстың тек майдан даласында ғана емес,  тылда  жүргені мәлім.      Гитлерліктер КСРО-ның батыс  аудандарын басып  алғаннан кейін, Сібір  мен  Қазақстанның  ел экономикасындағы  маңызы күрт артқан.   Жаудың  қолына   бермеу  үшін  соғыстың алғашқы айларында    өнеркәсіптік кәсіпорындардың   барлығы тылға көшіріле бастады.      Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына  142 кәсіпорын     жайғастырылды,   532 506 адам көшірілді.     Оған қоса,  жаңа өнеркәсіптік  нысандардың  құрылыстары  жеделдетілді.   Соғыстың алғашқы 1,5  жылында Қазақстанда 25  кен орны пен шахта,  11 кен байыту   фабрикалары,   19 жаңа көмір шахтасы,    3 разрез,   4   жаңа  мұнай кеніші мен     Гурьевтегі   мұнай өңдеу зауыты  іске қосылды. Темір    жол құрылысы   жалғасты.  1942-1943 жылдары   Мақат-Орск,   Ақмола -Магнитогорск     желілерінің  құрылысы аяқталды.  Соғыс жылдары  Қазақстан  жалпыодақтың мыс  құймасының  30 пайызын,  марганец кенінің  60  пайызын,   мыс кенінің 50 пайызын,   металл  висмуттың  65 пайызын,     полиметалл  кендерінің  70 пайызын,      мырыш  өнімінің   85 пайызын берді.  Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың  үштен бірі   Қазақстанда  өндірілді,    сондықтан да соғыс жылдары  әрбір   10   оқтың  тоғызы   Қазақстанда құйылды. Республикада     танк және ұшақ      жасауға ақша  жинау қозғалысы      жүрді.   1941  жылдың күзінде  Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ)  атындағы  танк дивизиясын    құруға   қаржы  жинала бастады  да,     бір жылға  жетер-жетпес уақыттың ішінде  армия  қазақстандық   комсомолдардан    45 жаңа   танк алды.   Кейінірек       халық қаражатына  тағы 10 танк   колоннасы,   бірнеше  авиациялық  эскадрилия,   торпедо  катерлер мен  атаулы ұшақтар    жасалды. Соғыс жылдары  Қазақстан  халқы      жауынгерлік    техникалар  жасауға  480,3 миллион рубль     жинап берді.  Жеңіске  Қазақстанның ауыл шаруашылығы да       өз  үлесін   қосты.    Атап айтқанда, еліміз    30,8   миллион пұт астық, 14,4 миллион  пұт картоп және көкөніс,   15,8  миллион     пұт   ет,  3 194 мың   центнер сүт,  17,6 мың  центнер   жүн   берді.  Бұл  соғысқа дейінгі бес  жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе   көп.   Республиканың барлық  экономикасы   әскери «рельске»  қойылды:    бейбіт мақсаттағы  шығыстар барынша қысқартылды,  көптеген кәсіпорындар  қорғаныс  өнімдерін    шығаруға    кірісті.   Ер  азаматтардың бәрі      армия  қатарында  болғандықтан,  зауыттарда     әйелдер,  қариялар,  жасөспірімдер  еңбек етті.  Еңбек тәртібі қатайтылды,   жұмыс уақыты  ұзартылды.   Алты апталық,  23 сағаттық   жұмыс күні  бекітілді,    демалыстар  тоқтатылды.   Бірақ  ешкім   қынжылған жоқ.   Бүкіл ел    «Бәрі де  майдан үшін,  бәрі де  Жеңіс  үшін!» деген ұранмен  еңбек етті. КСРО-ның батыс өңірлерінен    көшірілген  халықпен     қоса, 1941 жылдың күзінде  Қазақстанға  Полвольжеден жүздеген  мың    немістер мен   поляктар   жер   аударылды.  1942-1944  жылдары   507 мың  балқар,  қарашай,   ингуш,  шешен    халқы,  110 мың  түрік-месхетиндер,  180 мың  қырым татарлары    күшпен   жер аударылды.   Оған қоса, күн  сайын  Қазақстанға      жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген    пойыздар ағылып жатты.    Әскери госпитальдердің  көбісі Алматыда    құрылды.  Ұлы Отан  соғысы   4   жылға  созылды.    Майдан даласында  600 мыңнан  астам қазақстандық   қаза  тапты.    Соғыста       қаза тапқандардың саны  туралы мәлімет   бүкіл  әлемді   дүр  сілкіндірді.    Жекелеген  мәліметтер  бойынша,    адамзат тарихындағы бұл ең     зұлмат  соғыс    20 миллионнан астам  кеңес  азаматтарының өмірін   қиды.    1 710 қала  және  70 мыңнан  астам   село-деревнялар,  31 850    өнеркәсіптік   кәсіпорын,  65 мың шақырым темір  жол,  4 100 теміржол  стансасы, 36 мың  пошта-телеграф   мекемесі,   телефон стансасы және басқа да байланыс    бекеттері  жермен-жексен   болған  немесе  жартылай   қираған. 40 мыңдай    аурухана  немесе басқа да емдеу мекемелері,  74 мың мектеп,   техникум,   жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары,  42 мың кітапхана   және басқа да көптеген  нысандар жойып  жіберілген,   тоналған.   

Жыл сайын  Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ  монументтеріне,  Ұлы Отан  соғысында  қаза  тапқан  жауынгерлердің ескерткіштеріне  гүл шоқтарын қою рәсімдері ерекше құмет-қошеметпен, сезім-тебіреніспен игі дәстүр ізімен өтеді. Асылында, ешкім де ұмытылмайд, ештеңе де ұмытылмайды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 947 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: