22:50
Көркем сөздің құдіреті

ЗӘНДЕМ

1. Залым, сұм, алаяқ, арамза, қу;

2. Жалыны күшті от;

3. Түпсіз шыңырау, зындан, тұңғиық.

Мысалдар:

1. Тұрғаным жоқ сені күндеп

Бітіремін мен нені үндеп,

Ылайым, тек болыс болсаң,

Абырой ал ел бүтіндеп.

Бірақ ерген жолдастарың

Бәрі зәндем, бәрі залым.

Сен байғұсты бір-ақ күнде

Қып жүрмесін алым-салым.

(С.Дөнентаев, Мұқан мен Серік)

2. Өмір — көпір, от үстінде салынған,

Діңгектері зәндем отқа малынған.

Қорқу білме, аяқтарың таймасын,

Ойнап қана өт, шарпу көрме жалыннан!

<...>

Өмір — зәндем, қара бұлтты қара түн,

Естімессің қара өмірде жылы үн.

Ұзын жолда арып, жасың төккенде,

Жұбататын жақын жолдас, жарың кім?

(М.Жұмабаев, Ж...ға)

3. Дауыс жер астынан шыққандай, селк етіп, зәресі зәндемге кетті; жығылып барып оңалды. Сүйткенше болмады, артынан бір орыс жүгіріп келіп, құшақтай көтеріп қосқа ала жөнелді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

 

МАСЫЛ

1. Біреудің ауыр жүгі, орындауға тиіс міндеті, ауыртпалық;

2. Біреудің асырауындағы, күтуіндегі адам; жатыпішер, арамтамақ.

Мысалдар:

1. Жасыма жетпей кемпір қылды-ау, жасаған! Мен енді әкеме құрт аурудан жаман бір масыл болдым ғой! Өлмей менен құтыла алар ма?..

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады. Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады, масылдан малбақпас туады, тілазардан қылжақпас туады.

(Майқы би нақыл сөздерінен)

3. Жаман туыс бір масыл,

Арқалаған құммен тең.

Жақсылығың істеген

Елекке құйған сумен тең.

(Құлтума Сармұратұлы, Төрт жаман мен төрт жақсы)

4. Мен саған арамтамақ, масыл емен,

Жаңбыр болып гүліңнің шашын өрем.

Аспаныңды арқама құлатсаң да,

Кеудемменен жеріңді басып өлем.

(М.Мақатаев, Ей, Табиғат! Мен саған өкпелімін)

 

КІЛТИПАН

1. Бір нәрсенің мәні, сыры;

2. Бөгет, кедергі.

Мысалдар:

1. Балташ ақша жұмысына онша жетік емес еді; параграф бартал, декрет, секрет — дегендер көбейіп кетіп, солардың кілтипанына миы жете алмай жүр еді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. Тіпті, түпнұсқа бойынша қалпына келген болса да, кейінгі зерттеушілер үшін қажетті дерек. Бұл жағдай – Мұқағали үшін арнап келген қиындық емес, өзіндік ой-пікірі бар қаламгер атаулының бәрінің басынан өткен әдепкі рәсімдер едім. Міндетті цензура – бергі беттегі кілтипан.

(М.Мағауин, Естеліктер кітабы: Мұқағали Мақатаев)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: