23:04
Көркем сөздің құдіреті

АҢҒАЛ

Істің алды-артын аңғармайтын, аңғырт, ағат, аңқау.

Мысалдар:

1. Қамшылап күрең атты жамбасына

Түлкіден бұрын шықты Хан басына.

Жел шығып, боран болып кеткен екен,

Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба.

(Ш.Құдайбердіұлы, Еңлік-Кебек)

2. Безінбейтін,

Сезінбейтін

Аңғал кезді сағындым.

Өзім дейтін,

Сезім дейтін -

Жанған көзді сағындым.

(М.Мақатаев, Құмған алған)

3. Және сондай көп адамның тәжірибесіз аңғалдығы бойынша кімге қандай сөзді, қалай айтуды білмейтін олақ адвокатсымақ» деп, алғашқы ойын түйді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

 

ШАЛДУАР

Бұзық, аусар, тентек, содыр, сотқар, қияңқы.

Мысалдар:

1. Тіл алмай, асқа, атқа өкпелеп, кісі боқтап, шалдуар боп, Қожадан таяқты талай жесем де, аяғында хат таныдым.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. [Дәмешті] электр тоғындай дене түршіктіріп соғып өткен үрейді шалдуар мінез, әуестік жеңді.

(З.Шашкин, Теміртау)

3. Одан бері Әзім қайтыс болып, Мәкен жетім қалды. Кедей шаруа боп шешесі басқарған үй-жайы шалдуарлыққа айналды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

 

ЖАНДАЙШАП

Сыбайлас, серіктес, атарман, қолшоқпар.

Мысалдар:

1. Қадыр біздің поэзияға кездейсоқ қосылған жандайшап емес. Ол үлкен мектептен өтіп, үлкен даярлықпен келді.

(М.Мақатаев, Сезім найзағайы [сыни еңбегі])

2. Бұлардың әрқайсысының атқосшысы, жандайшаптары бар. Айналасы қырық-отыз адам.

(Ғ.Мұстафин, Көз көрген)

3. Соқыр батыр қайтыс болғанда Құлжабай датқаның жандайшаптары Қарақойынды алып қоймақ боп ары-бері әрекет жасайды.

(Ш.Мұртазаев, Қызыл жебе: 1 кітап)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: