11:51
Көркем сөздің құдіреті

ҚҰДИЮ

1. Биіктен, жоғарыдан төмен қарау, төну;

2. Төмен қарай шүйілу, құлдыра төмендеу, сорғалау;

3. Жолдың төменге, ылдиға төмендеуі, еңкеюі.

Мысалдар:

1. Жатырқап жалғыз жатқан жат адамды,

Құдия қарап тұрды құралай кеп.

Тұяғы тасырлатқан таудың тасын,

Алыстан ат дыбысы және естілед.

(Қ.Аманжолов, Құпия қыз)

2. Ендi Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай, қос қанатты аспанда бiр қайшыландырып жiберiп, топшысын үшкiрлеп лезде құдия жөнелдi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

3. Айналасындағы көп ауыл мен дөңдерді, бел-белестерді осқылаған қасқа жолдар құдиып кеп бір үлкен ойпаңда тоғысқан.

(Заманбек Жәкенов, Таң самалы)

 

САЛТАҢ

Жеке, дара, бойдақ, жалғыз.

Сөз тіркесі: Сыбай-салтаң — бойдақ, жеке басты.

Мысалдар:

1. Өзі князь, әрі бай, шешен деген,

Досы да көп, уағдаға бекем деген.

Сөз ішінде байқатпай отырмайды,

Қатынсыз, әзір салтаң екендігін.

(Ш.Құдайбердіұлы, Дубровский әңгімесі [Пушкиннен])

2. Сонда Жібек сөйлейді:

– Қаршыға жырау, сен, – дейді.

Барсаң барып кел, – дейді.

Салтаң атты кедейдің

Жорғасын ал да мін дейді.

(Қыз Жібек, Мұсабай жырау нұсқасы)

3. Бұл осындағы халықтың момын қызы. Оқу тәрбиесi де жоқ. Сiз Әбiштi оқытсаңыз, мен қазiр бұл адамды үйден, сол Әбiшше, төтенше оқытып жүрмiн. Оқытып, өсiрiп, жар етудi қарыз бiлдiм! – дедi. Өзi де қысыла отырып, бұрынғы сыбай-салтаң өмiрiне кiрген үлкен жаңалығын осылайша, жай ғана айтқан.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

 

СЫРҚЫНДЫ

1. Қу, айлакер, жөгі;

2. Жырынды, тәжірибелі, әккі, тісқаққан.

Мысалдар:

1. Астыртын жамандасуға айлакес, сырқынды болғанмен, мынадай үлкен әділ казының алдында ашық шындыққа бара алмайтын арамза әкімдер Абаймен жауаптаспай, тегіс томсарып үндемей қалды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

2. Қарашолақ сол қимылды iстеп келдi. Бiрақ түлкi қартаң тартқан, сырқынды ақшулан екен.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

3. Сондықтан Тойшыдай сырқынды атбегілер кеше кештен бастап әр келген атақты бәйгелердің бабын байқасып, аңыстарын аңдысып, тыным таппаған.

(Қ.Жұмаділов, Тағдыр)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: