10:27
Көркем сөздің құдіреті

БӘСКІЛ

1. Төмен, аласа, жатаған;

2. Бәсең, нашар, әлсіз.

Мысалдар:

1. Дәл бүгiнгi мынау сәскеде сол Жанбауыр-қарашолақ күндегiдей емес, бәскiл ұшқан сияқты.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

2. Бүркiт бәскiл қимылмен айнала қалықтай бастады.

(Кенжебай Ахметов, Жортуылбасы)

3. Шеберден шебердің айырмасы бар, таланттан таланттың озғыны мен бәскілі бар.

(М.Әуезов, Индия очерктері)

4. Лаврецкий бұған тақап келді де, құшақтап алды. Лемм әуелі бұның құшағына шіміркенбей, қайта шынтағымен қаға берді. Қыбыр етпей тұрып, бір қалыпты салқын, қатаң қарап, екі рет қана "аға!" деді. Кейін оның қатты құбылған жүзі тыныштық алып, бәскіл тартты.

(М.Әуезов, Дворян ұясы [Тургеневтен])

 

ЛЕКУ

1. Жосу, жүйтку, екпіндеу, ентелеу;

2. Лепіру, арындау, желпіну;

3. Үдею, күшею.

Мысалдар:

1. Омар қожа лекіп келе жатқан керуенді жанынан өткізіп, соңын тосты.

(Дүкенбай Досжанов, Жібек жолы)

2. – Е, мынаған не болды? – дедi. Лекiтiп асыға бере, Әулие-тастың тегiс жотасын өтiп келiп, тiк жартасқа тiрелiп, ат үстiнен ұмтыла үңiлiп, үзеңгiге аяғының ұшын тiреп, қадалып тұрып қалды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

3. Кәкітай олардың күлкісін біраз еркіндетіп жіберіп, екі көзі күлімдеп, өзі де лекіте күлді де, енді жауаптасып, дауға кірісті.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

4. Ойдан өрге лекіп соққан салқын самал, ендігі сәтте, ақжалдың құлағын көтерді.

(Асқар Сүлейменов, Бесін)

 

ЗАПЫРАН

1. Өт;

2. Зәр, у;

3. Ашу, ыза, кек;

4. Мұң, қайғы, құса.

Мысалдар:

1. Еске түсiредi де, тағы да толқып келген құсамен басады. Жүрек басынан запыран, зәр төгiлгендей болады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. – Қайда барушы ем, тойға барам, – деп жеңіл кекесінмен жауап берген Жәміш, еріне тұңғыш рет шаншыла қарап, іште жиналған бар запыранды ақтара салды: – Мені үйде ұстап, торға қамап қояйын деп пе ең. Отыз жыл қамалғаным да жетер.

(С.Жүнісов, Жапандағы жалғыз үй)

3. Жұбатып жылағанға айтасыңдар,

Жат жұртқа оңайлықпен жағу қайда?!

Қайран атам, анам мен елім, жұртым,

Жүрегіме запыран қылды пайда.

(Ә.Найманбайұлы шығармасынан)

4. Күйдің зарлы жерлері жүрекке запыран жайып, ащы әуендері өзекті өртей күйдірді.

(Ә.Нұршайықов, Батырдың өмірі)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: