10:13
Көркем сөздің құдіреті

ҚАЙҚАҢ

(геог.) Тау, жота биіктігіндегі кішігірім белең / Ойыстау келген, иіліңкі, шамалы бүгілген.

Мысалдар:

1. Соны аңғартпас үшін, алтауымыз осы жүз кісіні алты бөліп алайық", – десіп, бір қайқаңның алдындағы тіктеу сайда алты ұры бар барымташыны алты топқа бөлді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

2. Енді кішкене шанасының қайқаң төсіне екі аяғын тіреп алды. Бұл шаққа дейін қолдарын салдыратып жеп келген, басы тастай қатты Торжорғаның божысын ірке беріп, лезде серпе тартып қалып, екі жағынан, қабырғалықтан пәрмендеп шарт-шұрт ұрып жіберді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

3. Екі басы қайықтай қайқайған ағаш төсектің үстіне Жұбай байғұс не барын қабаттап, бар жастығын үйіпті.

(Ғ.Мүсірепов шығармасынан)

 

ҚҰСА

Қайғы, қасірет, мұң, шер, аза, зар, уайым.

Сөз тіркестер:

Құса болу/тарту — сары уайымға салыну, қайғыру;

Құса кешу/жұту — қайғы көру, қасірет кешу.

Мысалдар:

1. Дүниенiң көктемi Құтжанның былтыр ғана осындай кезде, күлiп жайнап жүрген аман шағын, сау шағын еске түсiредi. Еске түсiредi де, тағы да толқып келген құсамен басады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Мүмкін жаны кекті болар

Құса шықпай көңілінен.

Кетті олар.

Өтті олар,

Келем, міне енді мен.

(М.Мақатаев, Жыр жалғасы)

3. Адам дертті болмай ма құса тартып,

Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып.

Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,

Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.

(Абай, Масғұт)

 

БІРТОҒА

Бірқалыпты, сабырлы, салмақты, байыпты, бірмінезді.

Мысалдар:

1. Бiртоға, кесек мiнезi бойынша осы көңiлiн өле-өлгенше сақтаумен, көрге бiрге әкетемiн деп сенушi едi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Мен мастеріміз Ахметовты ойлап жатырмын: мінезі біртоға, жақсы адам еді, маған өзіне сенгендей сенуші еді.

(Б.Соқпақбаев, Өлгендер қайтып келмейді)

3. Бір адамға қиянат етіп, не бір сабақ жібін сұрамай іліп кетпеген біртоға момын, еңбекпен күнін өткізген аяулы жан артында не қалдырды?

(З.Шашкин, Сенім)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: