00:00
Көркем сөздің құдіреті

ӨҢМЕН

Кеуде, көкірек, омырау, төс, дене.

Етістік түрі: Өңмендеу — кеуделеп орынсыз ілгері басу, ентелеу.

Сөз тіркес: Өңменнен өту — қатты тию, сүйектен өту (задеть, пройти сквозь тело).

Мысалдар:

1. Енді, міне, ұлым маған қарайды,

Өткір көзін өңменіме қадайды.

Көп қателік жіберіппін, амал не?

Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!

(М.Мақатаев, Ұлыма)

2. – Тоқта! Тапжылма! Сөлектеп, алдымды орап, екеуiң бiр болмайсың. Осы түлкiнi алатын бүркiт пе, сен екеуiң бе? Немене өңмендеп қоймайсың!? Қал солай! – дедi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

3. Әлемде сөзден күштi не бар екен? "Сөз өңменiңнен өтедi ғой" деген Қаратайдың тағы бiр тапқыр сөзi есiне түстi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

 

ЖҰПЫНЫ

Қарапайым, қарабайыр, жай, жобалғы, сүреңсіз, жүдеу, кедей.

Мысалдар:

1. Күлiсiп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киiмдi жатақтар.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Келіндер, жұмысшы, сауыншы, жылқышы, биешілер сияқты жұпыны жүзді көрші-қолаң да көп. Үлкендерден қартаң шал көршілер болмаса, басқа бөгде адам аз.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

3. Дәмежанның жұпыны, жүдеу қорасының төрінде ауыз үйлі, төр үйлі екі бөлмесі бар еді. Әйел қонақтарын ертіп, төргі үйдің есігін ашып, Абайға жол берді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

4. Ауыл тұрмысы жұпыны. Қай үйге кірсең де жер еден, аласа дөңгелек үстел.

(Ә.Әлімжанов, Махамбеттің жебесі)

 

ӘУЛЕКІ

 Әңгүдік, әңгі, әумесер, даңғой, елірме.

Мысалдар:

1. Айтуға көңілім тербенді.

Өзің жалғыз, надан көп,

Ұқтырасың сен не деп,

Әулекі, арсыз елге енді.

(Абай, Келдік талай жерге енді)

2. Ертең өзі барып өкінішін айтып өтіл сұрау-ау, сонда да әулекі аңшы Мүсірепке сеніп қалып едім деудің өзі қандай ұят!

(Ғ.Мүсірепов, Ұлпан)

3. Әулекі би ат үстінен билік айтар.

(Мақал)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: