09:18
Көркем сөздің құдіреті

ЛЕПЕС

Айтылған сөз, лебіз, тілек.

Сөз тіркес: Лепес қылу — лебіз/ниет/тілек білдіру.

Мысалдар:

1. Егер күнім туып, сол дегенім болса, сенің жақсы лепесті жариялауың үшін, алдын ала орамал етіп, мынаны ұсынамын...» деген.

(М.Әуезов, Абай жолы)

2. – Мiнi, бiлгiр болсаң, сенiң неңе дiлгiр екенiн осылай аңғарсаң еттi. Жақсы лепес, жарым ырыс деп, жақсылар алдына жақсы сөз айтады десем, неғылғаның тәңiр алғыр! – деп, Байкөкшеге мүлде зiл қабақ бiлдiрдi.

(М.Әуезов, Абай жолы)

3. Бір суық хабар естіп, суыт жүріп кеп едім. Лепесің жақсы екен.

(З.Шашкин, Тоқаш Бокин)

4. Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп,

Дұғасын ықыласпен берді маған.

Сондықтан бір мақсатым өлең жазу.

Оқу менен бірге іздеп, қоса жазу

(С.Торайғыров, Секілді өмір қысқа, жарты тұтам)

 

ЫС

1. Түтіннен пайда болатын күйе, кұрым;

2. Мұржадан түтіннің жөнді шықпауынан пайда болатын улы газ.

Сөз тіркес: Ыс тию — газбен улану.

Мысалдар:

1. Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы.

Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.

От жақпаған үйінің сұры қашып,

Ыстан қорыққан қазақтың құрсын заңы.

(Абай, Күз)

2. Түтін шалып, ыс сіңген құрым киіз.

(Қ.Жұмалиев шығармасынан)

3. Қостанай ауданында екі адамға ыс тиіп, ауруханаға түсті.

(КТК, Күндерек)

 

АЛБЫРТ

1. Жалынды, табанды, қызу;

2. Беті қайтпаған, екпіні басылмаған.

Зат есім түрі: Албырттық — 1. Жастық шаққа тән қызбалық, құлшыныс; 2. Жастық/балалық шақ.

Мысалдар:

1. Емес пе бір тұрлаусыз жас күн деген,

Жас жүрек албырт, асау бас білмеген.

Көр бала, көргені кем, көрсе ұнаған,

Қобызды шалға кейін местірілген.

(І.Жансүгіров, Күй)

2. Рейіс аздаған албырт, қызба демесең, айтқанынан қайтпайтын бір бет, өжет.

(Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер: Сергелдең)

3. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

(Абай, Қара сөздер: Бірінші сөз)

4. Батыр «аса қайрат бас жарады» деген аталарың. Албырттықтан өттің, енді сақал-мұртың шығып, тоқырайтын жасқа жеттің.

(С.Мұқанов, Балуан Шолақ)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: