09:45
Көркем сөздің құдіреті

КЕУЕК

1. Іші бос, қуыс, тесік;

2. Үңгірше, ін, қоян жатағы.

Сын есім ретінде де қолданылынады.

Мысалдар:

1. Жол үстінен топ-тобымен жабайы кептер ұшады. Лүп еткен леп жоқ. Аспанның асты ауасын сорып алып қойған өлі кеуек сияқты.

(Ш.Мұртаза, Қара маржан)

2. Қолында елеуіш түгіл дәнеңе де жоқ. Көрпенің бет тұсындағы кеуегінен сығалап жатып, оның ентігіп, албырған жүзін көрем.

(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)

3. Күт деген бұрынғылар малдың астын,

Малдың астын күтпесең мандымассың,

Алдыңнан мал,үстіңнен үйің кетсе,

Кеуек қып жата алмассың қардың астын.

(Ә.Кекілбаев, Күй)

 

КЕКСЕ

1. Орта жастан асқан, егде тартқан, жасы ұлғайған;

2. Тәжірибесі мол, ысылған, жырынды;

3. Көне, байырғы, ежелгі, бұрыннан келе жатқан.

Мысалдар:

1. Әр ауылдың Ызғұтты сияқты үлкендерiн және әсiресе, ас иесi кексе қатындарын тысқа шақыртып алып:

– Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етiңдер!

(М.Әуезов, Абай жолы)

2. Сонда біз, кексе жаттықтырушылар, оларға көз жіберіп, күнге күйіп қоңыр тартқан денесіне де, ақыл-ойына да таңғаламыз.

(Әшір Бүркітбаев, Мұғалім)

3. Сөзден сөз шығып, кексе қызметкерлердің бірі осы облыста мені білетін бір адам бар екенін айтты.

(Ә. Нұршайықов, Махаббат қызық мол жылдар)

 

ОШАРЫЛУ

Шойырылу, үймелеу, топырлау.

Сөз тіркес: Ошарылып қалу: 1. Бөгелу, кідіру;  2. Тұра алмай қалу, отырып қалу.

Мысалдар:

1. Ол Дәркембайды ғана сөз қылған екен. Мына бүгiн таңнан берi маңайдағы тамам елдiң келiп, ошарылып жатқанын жеткiзбептi.

(М.Әуезов, Абай жолы)

2. Транзиттік бағыттағы көліктердің қозғалысына шектеу қойылғандықтан, 3 мыңнан аса жолаушы қала сыртындағы “Үшқоңыр” автобекетінде ошарылып қалды.

(КТК телеарнасы, Алматы қалалық әкімдігі транзиттік бағыттағы көліктердің қозғалысына шектеу қойды)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: