09:34
Көркем сөздің құдіреті

ІЛБУ

Әлсіз, баяу қозғалу, сүйретілу, әрең жүру

Мысал:

Торы ала ат пен сары түйені айдап, жаяу жүреміз де отырамыз. Екі нашар көлік ақырын ілбиді, ырбиған, жамаулы ағаш арба ақырын қиралаңдап ыңырсиды. Жол үстінде анда-санда жұтаған елдің жаяулары кез келеді.

(С.Сейфуллин, Тар жол тайғақ кешу)

 

СӨКЕТ

Ұят, теріс іс, ерсі көрініс/іс, ерсілік, оғаш қылық.

Сын есім түрі: Сөкетті — ұятты, ерсі, оғаш, ыңайсыз, өрескел.

Мысалдар:

Олардың ниетінше, бізге Маркс пен Плехановтың сөздерін дәлел қылу сөкет. Тек олардың жандарына жағатын міншілердің сөздері ғана талассыз пәтуа, шүбәсыз дәлел болуға тиіс. Міншілердің өздерінің міндерін айтуға жарамайтын сияқты.

(С.Сейфуллин, Тар жол тайғақ кешу)

 

Байға мән-жайды түсіндіріп айтып еді баласына ұрысып, қарындашын алып бергені сол, «Балаға ара түсесің» – деп, Жұманның өзін сөкетті қылды.

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

 

ӘЖУА

Мысқыл, сықақ, мазақ, кекесін, тәлкек, келеке, келемеж.

Мысалдар:

1. Бұл бір ащы мысқыл еді. Бір Мәніке емес, кербез  сінген тәкаппар адамның бәрінің де көкірегін басқандай — ойлы, өткір әжуа болатын.

 

2. Абай Қаражан қайта бұрылғанда күліп жіберді де, жеңгесін әжуалап қалжың айтты:

— Шіркін, Қаражан-ай! Сенен де мырза бай бар ма екен? Кедейін сендей жарылқаған бәйбіше көрсем көзім шықсын! Қайтіп қана қара қидың орта қабын қиып бердің,— деді.

(М.Әуезов, Абай жолы)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: