12:05
Көркем сөздің құдіреті

СҰҢҒЫЛА

  1. Білгір, зияткер;
  2. Зерек, сезгіш;
  3. (биол.) Арамшөп түрі.

Мысалдар:

  1. Тарихтан белгілі. Тарих – сұңғыла қария.

(М.Мақатаев, Отаным)

  1. Раушан үндемей, төмен қарады. Қыздың осы бір ажарын мұндай істе өзін сұңғыла санайтын Уәли іштей жақсылыққа жорыды.

(Т.Ахтанов, Қаһарлы күндер)

  1. Ілияс өте ақылды, жинақы, саяси жағынан барынша сұңғыла, партиялық тілмен совет әдебиетінің барынша халықтық, интернационалдық екенін айтты.

(С.Мәуленов шығармасынан)

  1. Құдай о басында шақтап берген басқа сұрапыл сұңғыла ми симай кетіп, содан бастың формасы өзгеріп, маңдайы мен шекелігі бұлтиыңқырап кеткен тәрізді.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап)

  1. Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылыларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір.

(Ә.Кекілбайұлы, Дала балладалары)

 

БӘДЕН

Көрік, сымбат, шырай, ажар, келбет, түр.

Мысалдар:

  1. Бас бәдені жарасқан,

Әйелдің аты бір деңіз.

Сол секілді жары бар,

Үр қашқанмен түр деңіз.

(Майлықожа Сұлтанқожаұлы жырынан)

  1. Өзі де дөңгеленіп біткен, әлі бәдені бұзылмаған, аздаған кербездігі бар сымбатты әйел.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

  1. Әжептәуір бәденді, жасы отыз шамасында пысықша келген жалшы әйел, басына іс түскен соң, лезде жүнжи бастаған.

(Ғ.Мүсірепов, Дауыл)

  1. Кербез киінген, бәденді, сұлу әйел мінбеге көтерілгенде, Нартай селт етіп еңсеріле бұрылған.

(Қ.Жұмаділов, Соңғы көш)

  1. Назар саларлық бір нәрсе, ел ішінде ежелден есте келе жатқан «көз – қорқақ, қол – батыр» деген мәтелдің екінші бір вариантын әдейі алады. Ол – «көз – қорқақ, көңіл – батыр». Бар байырғы сөзден гөрі, бәден-бедері оқшаулау мақал да әдебиетте «тірлік етсін» дегендік.

(М.Әлімбаев, Өрнекті сөз – ортақ қазына)

 

САМ

Кеш батқан кез, ымырт, қаракеуім (қарагеуім), бейуақ.

Сөз тіркесі: Сам жамырау – ымырт жабылу, кеш бату.

Мысалдар:

  1. Ақ шашты ана – ала асқар,

Оқыды сам жығыла.

Жау көргендей жартастар,

Жамылды тұман дулыға.

(І.Жансүгіров, Ақшам)

  1. Тау жайлауының тарлығына, шабар жердің өр-қиясына қарамай, сан жүздеген сәйгүлік мінген ер-азамат күні бойы, тіпті ымырт жабылып, сам жамырағанша додаға түсіп, көкпар тартумен болды.

(М.Әуезов, Үшқоңыр жайлауында)

  1. Енді болмаса жылайтын еді, аяқ астынан дір етіп ұшқан бозторғай көңілін бөліп, жасын тоқтатуға себеп болды. Ол кезде күн батып, сам жамырай бастап еді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

  1. Сам жамырап, келеді құлап іңір,

Мен ойлаймын ананы-мынаны бір...

Алыста, Абайлардың жайлауында,

Жайылып поэзия пырағы жүр.

(М.Мақатаев, Соқ, жүрек!)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 345 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: