12:27
Көркем сөздің құдіреті

МЕЛЖЕМДІ

Күшті, мықты, бекем, берік.

Мелжемдеу – мыжу, езу.

Мысалдар:

  1. Арыстан алысына түсіп, жауырыны жерге тимеген мелжемді жігіттер бүгін талай орыстың төбе құйқасын шайнайтын секілді.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

  1. Алайда жан алып, жан беріскен ымырасыз айқас жүріп жатыр. Шабдар – інісінен гөрі шомбал, мелжемді. Әмірсана – қырым еті жоқ, тарамыс, сида... Ал енді қидаласуда титтей жоқ.

(Қ.Жұмаділов, Дарабоз: 1 кітап)

  1. Сірә көп жылдар бойындағы тәжірибе арқылы қамбыл боп алған әміршіл тәркінен де, саусағына ескірген, жалғыз неке сақыйнасын салған қолының мелжемді қыймылынан да көріп тұр.

(Л.Толстой, Анна Каренина /Ғали Орманов аудармасы/)

  1. Қайрақбайдың айтуынша, Амангелді қолы, патша өкіметінің әскерін осы шөл-тақырға алдастырып шығарып алған да, қапысын тауып, мелжемдей қырған, менің әкем де сонда жараланған...

(С.Мұқанов, Мөлдір махаббат)

 

КӘНІГІ

Машықтанған, тәжірибелі, әккі, жырынды, ысылдаған, тісқаққан.

Мысалдар:

  1. Түрік халықтарының жай-күйіне кәнігі Штернберг, Самойлович, Тан-Богораз, Каганович сықылды профессорлар <…> өлең қазынасын зерттеуіне тілеулестігін білдірді.

(Ж.Аймауытов, Асыл қазына жиналса екен)

  1. Оның айтуынша ол биікке көтерілетін жалғыз тұс – Оқжетпестің Абылай алаңы жақ желкесі. Бірақ, аттың аты ғана және бұрын көтеріліп кәнігі болған ат қана шыға алады.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 2 кітап)

  1. Кәнігі кәрі көз әлгілердің әскер емес екенін бірден аңлады.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап)

  1. Баймұрат пен Мөңке-Жырғал екі-үш дүркін найза сілтесіп өтті. Қабанбай Төртуыл батырының қалт жібермес кәнігі шеберлігіне разы боп, сүйсіне қарап тұр.

(Қ.Жұмаділов, Дарабоз: 1 кітап)

  1. Әрине, Толстойдай алыпты жеткізе аудару қанша кәнігі әдебиетші, сұңғыла ақын болғанымен Ғалиға оңай емес.

(Т.Ахтанов, Сөз азабы мақаласы)

 

БӘЛІ

  1. Мадақтау, қошеметтеу мағынасындағы сөз; бәрекелді, жарайсың;
  2. Пай-пай, паһ, шіркін.

Мысалдар:

  1. «Тым аса семірген жоқ әлі», - дейді.

«Жолығып, жолда аралап байқап едік,

Жылқыңыз семіз екен, бәлі», - дейді.

(Ш.Құдайбердіұлы, Бай мен қонақ)

  1. <…> деп орыс-қазақ коммунистеріне батпақ шашып жүргенде, екінші бір мырзалар үйде отырып, «Бәлі! Бәлі...» деп қостап, алақандарын шапалақтасқан еді.

(С.Сейфуллин, Қазақтың көркем әдебиеті туралы)

  1. Бәлі, бәлі, дәл айттың! Ұл тапқаным өзі – сол алтын тапқаным екен... Алтын менде болғанша, елде болсын. Мені ұл қуантсын, ұлым елін, жұртын қуантсын!.. – деді.

(М.Әуезов, Шыңғыстау)

  1. Бәлі, бәлі, - деп қу ете қалды. Мұқтан мен Ғабдолла, түсті сәті, қатып шықты! Кәне, қайталап айт жазып алайық!..

(С.Мұқанов, Ділдәштің дауы)

  1. Бәлі – деп сүйеді әжей немересін,

Сүйе алмай қалатындай бұдан былай.

(Ж.Молдағалиев, Қиял қанаты)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 320 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: