13:00
Көркем сөздің құдіреті

НЕҒАЙБЫЛ

Күмәнді, белгісіз, беймәлім, екіталай, дүдәмал.

Мысалдар:

  1. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбыл, егер жазылса, бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер еді.

(Ш.Құдайбердіұлы, Үш сауал /аударма/)

  1. Бүгін бар малдың ертең не болары неғайбыл. Биыл бай кісі келесі жылы кедей болуға мүмкін.

(С.Сейфуллин, Кедейге не керек)

  1. Сталиннің қабылдауында болып, оның кабинетіне кіру – арыстанның апанына қарусыз кірумен бірдей. Қайтадан тірі шығарың, яки өлі шығарың неғайбыл.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе. 4 кітап)

  1.  Ол – менің ізіммен, мен оның ізімен, бірімізді-біріміз айнала аңдудамыз. Қайсымыздың қапымызды қайсымыз қалай тауып тұтуымыз әлі неғайбыл.

(С.Мұқанов, Қашқар қызы)

  1. Орманшының өзі дүкеннен керек-жарағын алуға, әрі мынадай неғайбыл кезде хал-жағдайды білуге, осы арадан он шақты шақырым жердегі үлкен селоға кетіпті.

(Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін)

 

ЖЕЛ

Азынау жел – гуілдей соғар аңқыма жел.

Аңызақ жел – жаздағы тым жылы әрі құрғақ жел.

Алтын күрек – оңтүстіктен соғып, қарды ерітетін жылы жел.

Баяу жел – лебі бәсең соғатын жел.

Жайдақ жел – жауынсыз, шаңсыз баяу соғатын жел.

Жатаған жел – төмендеп жер бауырлап ескен жел.

Желең жел – баяу соғар жел.

Желемік немесе жеңіл жел – әлсіздеу солғын жел.

Жоғары жел – биітен үйірілген жел.

Ескек еспе жел – есе соққан желпінді жел.

Заулама жел – іркілмей соғар екпінді жел.

Керімсал – оңтүстіктен шілдеде соғатын аңызақ жел.

Қара жел – бұлтты күнгі ызғарлы жел.

Қарыма жел – бет қаритын өткір жел.

Қара құйын – топырақ пен құм боратқан жел.

Қоңыр, майда, самал жел – майда, қоңыр салқын жұмсақ самал.

Қызыл жел – аңызақ ыстық жел.

Мырза жел – жанға жайлы қоңыр жел.

Өкпек жел – көктемде соғар ызғырық жел.

Өксік жел – ышқына соғар қатты жел.

Өтпе жел – ашық жерден алма-кезек есіп өтетін жел, желорай.

Салқын жел – ызғарлы күзгі жел.

Сары жел – тынымсыз соққан жел.

Тентек жел – ала құйын есер жел.

Теріскей жел – терістіктен ескен салқын жел.

Үрме жел – екпіндей басылып соғар суық жел.

Үскірік жел – күзде, қыста соғар суық жел.

Ызғырық – өңменнен өтер ызғарлы үскірік жел.

Ықтырма жел – бет қаратпас суық жел.

Ысты жел – оттай аптап жел.

 

ДАБЫС

  1. Атақ, даңқ, мәртебе, мансап;
  2. Дауыс, дыбыс.

Мысалдар:

  1. Сүйдім деген қала бар,

Мақтым деген ханы бар,

Оның ерлік дабысы

Қамбарменен барабар.

(Қамбар батыр)

  1. Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,

Айбынды бұйралаған ағысым жоқ.

(А.Байтұрсынұлы, Өзен мен Қарасу)

  1. Дабысты жүйрік Жамбылым,

Алпысқа жасың келгенде,

Төгілген тасып дариядай,

Басылып қалған, Жамбылым.

(Жамбыл мен Жалайыр Досмағамбет айтысы)

  1. Даңқ деген немене?

Моладан шыққан дыбыс па?

Мақтаныш еткен дабыс па?

(Т.Жароков, Цыгандар /Пушкиннен/)

  1. Ол бас шұлғи отырып, сүйсінгеннен бет-жүзі қызарып, мейлінше қаты дабыстап, күліп алды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 320 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: