14:09
Көркем сөздің құдіреті

ӨБУ

Сүю, аймалау.

Мысалдар:

  1. «Сүюді» бұлар, - башқұрт «убу» дейтін болар. Қазақтарда «өбу» деп те атайды ғой деген сөздерді ішінен айтып отырды.

(С.Сейфуллин, Біздің тұрмыс)

  1. Сондықтан атам мен әжем алдында балам деу түгіл, бетімнен де сүйіп көрген емес. Оңашада ғана сүйеді. Онда да жан-жағына қарап алып өбеді бетімнен.

(Х.Есенжанов, Жайын ілерде)

  1. Алматы сұлу едің мұнша неткен!..

Құлпырта газондарға гүлдер еккен,

Көз тіксең, күлімсірей саған қарап,

Секілді боп кетеді беттен өпкен.

(С.Мұқанов, Жайнаған жапырақтар)

  1. Самал өпкен егіннің сыбдырындай,

Шабыттанған ақынның тың жырындай.

(Ж.Молдағалиев, Мен қазақпын)

  1. Қандай әсем туған жер көктемдегі,

Жасыл майса, жұпар жел өпкен демі.

(Ф.Оңғарсынова, Өлім туралы /А.Блоктан аударма/)

  1. Саудыр-саудыр саулап сары жапырақ,

Жатыр өбіп, жатыр өбіп сыз жерді.

(Ә.Кекілбаев, Алматыда, күзді күні, бульварда)

 

ОСПАҚТАУ

Астарлап, жұмбақтап, тұспалдап сөйлеу; емеурін жасау, меңзеу.

Мысалдар:

  1. Ботагөз көзін жоюға талай тырысыты, бірақ өзеуреп жүрген Алексейге оспақтап болмаса, ойын тура айта алмады.

(С.Мұқанов, Ботагөз)

  1. Нұралы қастасып қайтқан. Бірақ оның есесіне Неплюевке жеткізген. Орынбор губернаторының оспақтап сұрап отырғаны осы жәйт.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Жанталас)

  1. Өзі айтады Маржаннан сыр сұрама,

Жаспақтатып оспақтап шымшылама.

(М.Мақатаев, Болашаққа)

  1. Оспақтай сұрап кешелі бері арбалы жолаушы көзге түспеп пе, білсін. Ержан ол ауылдың адамдарына құдандалы таныс қой.

(С.Бегалин, Замана белестері)

  1. – Зәуреш биге келгеннен бері сен аспабыңды жақсы ойнайтын боп жүрсің. Рас, кейде бұзып жіберетін жерлерің бар, бірақ ол ештеңе етпейді, - дейтін балалар оспақтап.

(Ә.Әлімжанов, Күнге бет алған керуен)

 

КӨКУ

Бөсу, лепіру, көпіру, мақтанып сөйле, даурығу.

Көкіме – мақтаншақ, бөспе.

Мысалдар:

  1. – Егер біз осы топалаңға ұсталмай жүріп ілінгенде бәріне де көрсететін едік, шұрқанды салатын едік... Баяғы атамыздың батыр заманы басымызға қайтып келетін еді, - деп тәуке көкіп ала жөнелді.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

  1. «Кімге тартқаны саған неге керек? Білгің келсе, бұл Ехластың баласы емес. Барқындарыңа айта бар» деп көкіп отыр.

(Х.Есенжанов, Ақ Жайық: 2 кітап)

  1. – Көкбесті тұрған бәйгеден ат келетін бе еді! – деді біреу көкіп.

(І.Есенберлин, Алтын орда: 1 кітап)

  1. Қалаға бара жатып Итбай, жолшыбай ат шалдырып түс қонған жерлеріне қалаға не бара жатқандығын, кіммен құда болғандығын, не алып, не қойғанын айтып, көкіп отырды.

(С.Көбеев, Қалың мал)

  1. Көкейіндегі қызыл құрт көмекейінен басын қылтылдатып тұратын көкіме неме араға апта түсірмей, бұған бір сенімді жігітін жұмсапты.

(Ә.Кекілбаев, Үркер)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 331 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: