10:06
Көркем сөздің құдіреті

ҚҰЙ

Мейлі, бәрібір, я.

Мысалдар:

  1. Іздемейді бұл сөзім басшы, қосшы,

Біреуге – ащы, біреуге болып тұщы.

Уысыма бір түскен – оңалмайсың,

Құй жерге кір, құй мейлің аспанға ұшшы!

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Сыздық Мешімбайұлына)

  1. Шын ғашық сый болмас,

Сый болса, сыр болмас.

Арызымды айтайын,

Құй болар, құй болмас.

(Абай, Көзімнің қарасы)

  1. Құй сен, құй сенбе, Амантай. Менің көңілім тап осы жолы адал, - деді Бүркітбай.

(С.Мұқанов, Ботагөз)

  1. – Өз жолыңды өзің аңғарасын ғой. Тек менің айтар ағалық бір ақылым бар, оны құй ал, құй алма... ерік өзіңде, - деп тоқтады.

(Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер)

  1. – Тыңда, нағашы. Күш әкесін танымайды деп, әділдік іздеген саналы жандардың талайын көрерсің құй бай, құй жарлы болсын.

(Х.Есенжанов, Ақ жайық: 2 кітап)

 

РАБАЙ

Ұсқын, кейіп, бейне, рай.

Рабайсыз – келеңсіз, ұсқынсыз.

Рабайда (бір) – зәуде.

Мысалдар:

  1. Бізде кәдір қалмапты,

Байқасам ақтың рабайын.

(Шәкәрім, Мұтылғанның өмірі)

  1. Қара көзі отсыз, суық еді, не нәрсеге болсын нем кетті, бұзық рабаймен қарайтын.

(О.Бөкей, Үркер)

  1. Ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан дауысымен ән салатын.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

  1. Қалмақ рабайсыз көп. Қашпай қалған қазақ аз. Жанын тәтті көріп, басын қорғап, балалары қашып шықса, Тілеуімбет отағасы өзі жауға қарай қайта қуып тығады дейді.

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Қазақ шежіресі: Арғын-Сүйіндік-Күлік тарауы)

  1. Сол соғыс картиналарында, неге екені белгісіз өлген адам көрінбейтін. Рабайда біреуі өле қалса, өте әдемі өлетін, тіпті өзіңнің де солай өлгің келіп кететін.

(Т.Ахтанов, Қаһарлы күндер)

 

МЕСЕЛ

Көңіл, пейіл, ниет, қалау, діт.

Меселі қайту – көңілі қалу, беті қайту, үміті үзілу.

Месел қайтару / жығу – көңіл қалдыру, бет қайтару.

Мысалдар:

  1. Осының өзі жігітшіліктен құр емес шығар деп қыңыр жақтағандардың талайының меселі қайтып болды.

(Б.Майлин, Күлтай болыс)

  1. Меселімді қайтарсаң, бұл үйдің табалдырығын аттауым екіталай.

(Ғ.Мұстафин, Дауылдан кейін)

  1. Жаратқанды жазғырып, қайтқан оның меселі,

Неткен үрей, бір кездер әсем жаның осы еді.

(М.Мақатаев, Құдіретті комедия /аударма/)

  1. Борекең ұлының меселін қайтармайтын көңілшек адам.
  • Мә, жұтсаң жұта ғой, - деп Ержанға ол дәрінің бір түйірін берді.

(Б.Соқпақбаев, Ұйқы келтіретін дәрі)

  1. Мол үшін де, ақ патша бір-бірімен иттей тістесіп жатқан үш жұрттың ешқашан арасына түспек емес. Алдына келсе, үшеуін де меселдерін жықпай, алдап-сулап шығарып салады...

(Ә.Кекілбаев, Үркер)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 337 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: