15:44
Көркем сөздің құдіреті

БАЙБАЛАМ

Айқау-шу, ың-жың, азан-қазан.

Сөз іркесі: Байбалам салу – Күйіп-пісіп безектеу, айқау-шу көтеру, бажалақтау.

Мысалдар:

  1. Өзге Құнанбай атаулының бұл сағаттардағы «сағым сынды», «бағыма нұқсан келді» деген беймаза байбаламын Абай түсінсе де, өз бойына дарытпаған.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

  1. – Ақырзаман! – деп байбаламдасып, жау жағадан алғанда, бөрі болып етекке жармасып жатқаны.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 3 кітап)

  1. Мендей сені қызғанар

Бауырында өскен қай балаң!

Көл қорыған қызғыштай

Сен десе салам байбалам.

(Д.Бабатайұлы, Сандықтас)

  1. Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

(М.Мақатаев күнделігінен)

 

СҰЛАУ

  1. Ұзынынан түсу, құлап жату, серею, талу.
  2. Жайылу, созылу.

Мысалдар:

  1. Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,

Бас ұрып қара жерге сұлағанын.

Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,

Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?

(Абай, Мен көрдім ұзын қайың құлағанын)

  1. Қимас дос, қыспақта боп, жылаттың ба?

Қайғымен қан жұтқызып, сұлаттың ба?

(М.Жұмабаев, Өміріме өкпем)

  1. Жол Шілікті кезеңнен асып ап, тура тартып, Орданың теріскей төсіне қарай сұлады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

  1. Ақ басты кәрия тау жатты сұлап,

Ақ басын таң лебі өтті сылап.

(М.Мақатаев, Күзгі таң)

  1. Пәлен ғасырдан бері құмның астында жатқан өлі қаланың әлі күнге дейін құламай тұрған бағандарының өзі көп. Ал, жау жығып уақыт құлатып, құм астында сұлап жатқандары қаншама!

(Ә.Кекілбайұлы, Сапарнамалар)

 

ТАҒЫ

  1. Жабайы, қолға үйренбеген;
  2. Көппен араласпайтын, анайы;
  3. Надан, мешеу.

Мысалдар:

  1. Тағы ешкілер, арқарлар, еліктер, бұғылар сияқты аңдар тауда табындап өретін еді.

(С.Мұқанов, Саяхаттар)

  1. Тағыдай таңдап су ішкен

Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген.

Тағы сынды мырза едік;

Тағы да келдік тар жерге.

(Махамбет, Толарсақтан саз кешіп)

  1. ...Тауда жортқан тағыдай алғыр едім,

Алғырлығым қай жақта қалды менің?..

(М.Мақатаев, Түсіме тау кіреді)

  1. Азған теңіздің азғантай балығы ең далада құрық көрмей тағыланып кеткет түз қашағанындай.

(Ә.Нұрпейісов, Соңғы парыз)

  1. Өмірінде басын сұғып көрмегенмен, қазақтың қысқы үйін де, жазғы үйін де ол баяғы тағылар тұратын үңгірдей көретін.

(С.Мұқанов, Ботагөз)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 328 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: