22:20
Көркем сөздің құдіреті

ҰСҚЫН

Өң, түр, әлпет, кейіп, келбет, кескін, сиық, сұр.

Мысалдар:

  1. Қайрат қалың, күш мығым,

Жазда қамтып қыстығын,

Мен мұз болсам, сен жалын,

Тым-ақ жаман ұсқының.

(І.Жансүгіров, Алдымда)

  1. Құлаған қораның іргесінен қолдарын көтеріп тұра келген жау солдатында бұдан екі ай бұрынғы ұсқын да қалмаған екен.

(Ғ.Мүсірепов, Қазақ солдаты)

  1. Сонда көңілді күйін ауыр мұңымен алмастыра отырып, енді бір шақ сонау қырғын күні Әлмағамбеттің қорқып сасқан ұсқынын мысқылына оралтады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

  1. Әжем қапсағай, тарамыс денелі зор кісі және кескіні еркек сияқты ұсқынды кісі.

(С.Мұқанов, Мөлдір махаббат)

  1.  Қарашы қардың ұшқынын!

Не ойлап тұрсың, батыр-ау,

Неге қашты ұсқының?

(М.Мақатаев, Көңілсіз күн)

  1. Мен қорғайтын күнгі түн тұншыққан, тымырсық бір түрлі ұсқынсыз еді.

(З.Қабдолов, Жалын)

 

НЫСПЫ

Ат, есім

Сөз тіркес: Ныспы жоқ (һәм ұқсас тіркестер) – атымен жоқ, түк жоқ, тып-типыл.

Мысалдар:

  1. Аңнан мына аттың басын саған тіредік. Қабыл ал, батыр! Менің ныспым – Атасақал, қасымда жиырма жігіт бар.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап)

  1. Көк тамыры адырайған, арық қолын ұсынды.
  • Танысып қоялық. Менің ныспым – Дулат.

(Қ.Жұмаділов, Көкейкесті)

  1. Әзіл-қалжыңда шек жоқ. Қайсымыз туралы болса да бір емес, әлденеше күлкілі анекдоттар бар. Және лақап ныспы. Мен – Бұзау. Тұрғанбай – Лақ. Әбіш – Ешкі.

(М.Мағауин, Әбіш екеуіміз)

  1. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына – шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

  1. 1914-1915 жылдары Қазақстанда барлығы 2011 мектеп болған екен. Оның ішінде орта, орталауы 53 екен. Ол кезде қазақ мектебі ныспы болмапты.

(М.Әуезов, Цифрлар сөйлесе не дейді?)

 

ОЖАР

  1. Дөрекі, аусар, дөкір;
  2. Өрескел, оғаш, ерсі.

Мысалдар:

  1. Жуан ауылдың сотқар малайы, өзі ожар, доғал жас, тегінде, Оспан «шаш ал десе, бас алғандай» іс ететін.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

  1. Үстіне егін шықса қырқып алып,

Аузына не түскенін итше қажар

«Біз солдат патшаға бердік» дейді,

Омырауға салады өңкей ожар.

(М.Жұмабаев, Ақан сері)

  1. Тамақ дәметкен сұқ ит көзденген, мінезі кесектеу, ожарлау адам.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

  1. Қиыр Сібірде туып-өскен кесек тұлғалы, мінезі де тұлғасына сәйкес ожарлау болса да, ақкөңіл адам.

(Ә.Сәрсенбаев, Батырлар ізімен)

  1. ...Осы бір ожарлы кеудемде,

Жаралған жалын бар сөнбеуге!

Жүз жылдан кейін кеп көрмей-ақ

Серт еттім өлмеуге! Өлмеуге!

(М.Мақатаев, Осы бір көктемді, көгерген)

  1. Ізбасар кетісімен әркім оның ожар қимылын, орынсыз дөрекілігін салып ашық күлкіге айналдыратын.

(Б.Момышұлы, Ұшқан ұя)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 376 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: