23:00
Көркем сөздің құдіреті

МЕРТІГУ

Бір жері сыну, үзілу, шығу, майып болу, зақымдану.

Мысалдар:

  1. Сонау ұзақ ойран айғағы болған Тұщыкөл басындағы түнде Бостан қатты мертіккен екен. Оның қазір оң қолы шолақ боп біткен.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

  1. Мертігеді, жатады.

Ұрлықпен мал табам деп

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады.

(Абай, Сабырсыз, арсыз, еріншек)

  1. Осы бұғанам сонда кетті. Не керек, мертігіп қолға түстім. Содан тұтқында бір ай жатып, әрең дегенде қашып құтылдым.

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

  1. Мені мертіктіру үшін осының үстіне әдейі тықты-ау. Төбелессе, оңай беріле қоймаспын. Бірақ ұйықтап кетсем – қастандық жасар да.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе)

 

ҚҰНЫСУ

Денені тік ұстамай бүкшию, бүкірею, иілу, бүрісу.

Мысалдар:

  1. Қасқа тілмаш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгінген бойында құнысып, қозғалақтай берді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

  1. Ақбілек қайтерін білмей, алақтап, құнысып, бүрісіп көп отырды. Түнге түн ұласқан тәрізденеді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

  1. Дамыл таппай, тобын жазбай, ән салып,

Маса, шіркей, құстар біткен жүр ұшып.

Ұзын тұмсық көкқұтан да тамсанып,

Жағада отыр құнысып.

(М.Мақатаев, Жыр жалғасы /аударма/)

  1. Оларды қимай қос командирдің – қос ағаның іштей егілген жан күйзелісі сәл құнысыңқы көрінген сырт пішіндерінен айқын білініп тұрды.

(Ә.Нұршайықов, Автопортрет)

 

ЖӘУКЕМДЕУ

  1. Бір нәрсені тез тындыру, бітіру, апырып-жапыру, бөксеру, еңсеру;
  2. Малды сойып, етін тез бұзып, жіліктеу.

Мысалдар:

  1. Жігіттерге «Тарта бер!» дедім. Не керек, итте талай шомбалдар бар екен... аман болса, талайын жәукемдерміз әлі...

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

  1. Кейбіреулер

Шындық деген шіркінді

Шымырлатып жырлаудан сәл іркілді.

Жақсылық па

Жарға жығып,

Басқа емес,

Өңшең тышқан жәукемдесе бір пілді?!

(Қ.Мырзалиев, Көп кездерде төңкеріс пен аударыс)

  1. Әй, мынау тегін емес. Әлде шынымен-ақ... Түнгі жорыққа шыққан жанкешті біреулер бір жылқыны жығып салып, жәукемдеп жатпасын.

(Қ.Жұмаділов, Сәйгүліктер)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 326 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: