12:10
Көркем сөздің құдіреті

ҚОЗ

Шоғы сөнбеген ыстық күл, қоламта.

Мысалдар:

  1. Ақылсыз нені аңғарар көз болғанмен,

Кім тыңдар өтірікті сөз болғанмен.

Қалғансың жалыны өшіп, шоғы сөніп,

Қазанды қацната алмас, қоз болғанмен.

(Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Өнер бәйгесі)

  1. Қорлығы шер боп кетпесін

Тіленші деген томардың.

Деп батыр тіленгенде Абылайдан,

Тұтанып кетті батыр қоз боп жанған.

(Жәнібек батыр /Ақыт Үлімжіұлы нұсқасы/)

  1. Күркенің іші көрдей қараңғы. Іші түтін сасиды. Күркенің орта тұсында от орнындағы қоз болу керек, әлдене жылтырайды.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 1 кітап)

4. Былайша қарағанда, ештеңе де емес сияқты. Өшкен оттың күлімен ойнап отырған лирикалық герой күл астындағы оттан қалған қозға қалың қыршытып алады. Мұнда тұрған не бар?

(М.Мақатаев, 1969 жылғы қазақ поэзиясы)

 

ШОМБАЛ

Зор, ірі, жуан, кесек, алпамса, үлкен.

Мысалдар:

  1. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

  1. Біріне-бірі мінгескендей үйдей шомбал кесек мұз майдандағы даулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соныдан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын?

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

  1. Бұл араның жолы тіптен нашар. Төленді жолдың әр-әр жерін оңдырмай жауынның селі шайып, жайпап бұзып кеткен. Жайылып жатқан добалдай-добалдай шомбал тастар арба дөңгелегіне шақ-шақ соғылады.

(Б.Соқпақбаев, Өлгендер қайтып келмейді)

  1. Атыздың бойымен алшаң басқан Мәрәһим Ақжұлдыздың алдына келіп тұрды. Оның шомбал денесінің қасында өзге еркектер аласарып, шөгіп қалғандай көрінетін.

(Мұстай Кәрім, Ақжұлдыз)

 

БҰРАЛҚЫ

  1. Қаңғыған, адасқан, иесіз (ит, мал); 2) Бұратана, бөтен, кірме, келімсек.

Сөз тіркес: Бұралқы сөз – орынсыз айтылған сөз, қылжақ.

Мысалдар:

  1. Бұралқы ит тімсініп жүріп, көп ұяластың ортасына түсіп қалғанда таланарын біліп, құйрығын қысып алғанмен, тісі барын да көрсетеді.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

  1. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

  1. Саудагер қашты бұл елден,

Несиесін жия алмай.

Бұралқылар сандалды,

Жуандарға сыя алмай.

(Абай, Бөтен елде бар болса)

  1. Өзінің аз ғана өмірінің ішінде екі рет дінін айырбастап, иә орыс, иә қазақ бола алмай жүретін бұралқы еді.

(М.Дулатов, Қазақ халқының дұшпандары)

  1. – Уәй, Тәкежан! Бір бұралқы сөзді әнеугүні есітіп ем. Бірақ ондай жаманшылыққа сен басар деп ойламап ем, қимаған ем.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 338 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: