09:35
Ислам және медицина

СТРЕСС

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан уақыт жылдамдық пен мобильді болуды талап ететін, ақпараттық технологияның дамыған кезі. Заман көшінен қалмауды ойлап, бір жағы тіршіліктің қамымен адамдардың бәрі асығыс. Жақын жандардың бір-бірімен кездесуге қолы тимейді. Айтылар сылтау: «Уақыт жоқ, үлгермейміз».

Соңғы деректерде «жантану» ғылымдары жетістікке жетті деу қиын. Себебі жеке тұлғаның денсаулығына, тұлға ретінде қалыптасуына, оның проблемаларына және әл-ауқатына қатысты көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес. өткен ғасырдан бастау алған психиатриялық клиникалардың, психосоматикалық аурулардан зардап шеккен жандарға психоневрологиялық диспансерлердің көптеп салынуы, суицид пен суицидтік әрекеттердің тым көбеюі, психобелсенді заттарды қолданушылардың артуы, нашақорлыө пен маскүнемдіктің белең алуы, тұлғаны және қоғамды бұзатын әртүрлі секталардың ықпалының ұлғаюы адамды ойлантпай қоймайды.

«Біз марқұмнан гөрі жерлеу рәсімі маңызды саналатын, махаббатан гөрі салтанатты тойды маңызды көретін, адамның ақылынан гөрі сыртқы келбеті маңызды болған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Біз түпкі мазмұнға юойламайтын, жылтырақ, қаптама мәдениетте өмір сүреміз», - деп уругвайлық жазушы Э.Галеано айтқандай, бүгінде адами, рухани құндылықтар материалдық құндылықтардың тасасында қалып кетті. Бұл сонда қандай заман дерсіз?.. Үйлер үлкейіп, отбасылар кішірейген, ақылымыз көбейіп, адамгершілік арақатынас азайған, ғарышы жақындап, көршілері алыстаған, байланыс құралдары артып, шынайы әрі риясыз қарым-қатынас қысқарған, «менмендер» жырғап, «біз» деп сөйлейтіндер азайған кезең. Кейбір адамдардың мінез-құлқында эгоистік көзқарас байқалып, бойынан тәкаппарлық пен өркөкіректік жиі менмұндалайтын болды. Енді біреулер тіршіліктің күйбеңіне ілесе алмай, ойы мен бойына көп жүктеме алып, шаршап жүр. Тағы бірі тұрмыс тауқыметі мен қайғы-қасіреттен қажыды. Осыдан стресс деген сұрапыл кесел аурудың алғышартына айналды.

Стресс деген не сонда? Стресс – адамда қандай да бір күшті сыртқы әсерлердің ықпалынан туындайтын қысым күйі. Ол ауру емес, яғни көптеген ауруларға ұрындырушы (провокатор), тіпті онкологиялық ауруларға дейін апаратын шүріппе. Стресс дегеніміз – организмнің өзіне қойылған кез келген қалыпқа қайтарған спецификалық емес жауабы.

Ганс Селье адамның күнделікті өмірінде стресстің екі түрін бөліп көрсетті: эустресс және дистресс. Эустресс жағымды эффектілігімен үйлестік болса, дистресс әркез жағымсыз, сол себепті де ол организмге зиянды. Тіпті ұйқыдағы адам біршама стресс сезінеді: жүрек қанды айдап жатса, ішек тамақты қорытып, ал демалу бұлшықеттері кеуде торының қозғалысын қамтамасыз етеді. Мидың өзі түс көру кезінде толық демаламай, жұмыс атқарып жатады. Сондықтан стресстен қашудан гөрі, одан арылуды ойлау керек. Сельенің айтуынша: «Өміріміз мәнді болуы үшін біз өз алдымызға күрделі және ұзақ уақыттық міндет қоюымыз қажет. Біз болмашы заттардан секем алып, әрбір нәрсеге мән беріп, уайым жей беретін болсақ, негізгі мақсатымыздан айырыламыз».

Демек, мақсат стресске берілу емес, оның алдын алу, стресстің шырмауынан шығу. Қазір әлем халқының 15-20%-ы психиатрлар мен психотерапевтердің көмегіне мұқтаж, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 20-25%. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 65 жылда невроздар саны 24 есеге артты. 13,3% өлім-жітім көрсеткіштері дәл осы себептерге байланысты орын алады. Өзін-өзі өлтіру (суицид) өлім құрылымында жүрек-қантамыр аурулары мен қатерлі ісік ауруларынан артта қалады. (жалғасы бар)

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: