22:22
Ислам және медицина

ҰНАМСЫЗ ҰЙҚЫЛАР

Жалпы күндізгі ұйқы ислам дінінде былай бөлінеді: хулуқ, хурақ және хумқ. Хулуқ (қайлулә) – шаңқай түс уақытындағы ұйқы, хурақ – таңертең күнмен таласып ұйықтау. Ал хумқ – екінтіден кейінгі ұйқы.

Хурақ, таң атқан соң күн найза бойы көтерілгенше ұйықтау, адамның асқорыту жүйесі мен жүрегінің жұмысына және жүйке жүйесіне әсер етіп, денсаулыққа кері әсері бар. Алайда зәрулік жағдайда оқасы жоқ. Өйткені бұл уақытта ұйықтауға қатаң тыйым жоқ. Сонымен қатар күнмен таласып ұйықтаудың зияны жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз қызы Фатима (р.а.) анамызға өсиет ретінде былай деген: «Таң намаыз оқығаннан кейін ризығыңды табудан қапыда қалып, ұйықтап қалма» (Табарани).

Абдулла бин Аббас (р.а.) баласының таңертең ұйықтап жатқанын көріп: «Тұр, ризық-несібе бөліп беріліп жатқан уақытта ұйықтағаның не?!» - деген екен. Осы хадиске байланысты қазақта: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал бар.

Психологтар хурақ (таңертең күнмен таласып ұйықтау) жайында не дейді? Психолог мамандар да ерте тұруды насихаттауда. Дененің күндізгі және түнгі табиғи циклімен ішкі ырғақтардың сәйкестігі адам энергиясы мен тәннің саулығын қамтамасыз етеді екен.

Австралиялық психолог Бэйли Бош «The Daily Mail» газетінде былай дейді: «Биологиялық сағатты қайта бастауға болады, егер таң атқанша тұрсаңыз, денеңіз сізге риза болады, өйткені сіз адамдардың қазіргі өркениетке дейін өмір сүрген табиғи, қарапайым өмір ырғағына қайта ораласыз».

Оның әріптесі Марни Лишман оған: «Біздің денеміз таң ата тұрып, кеш бата ұйықтауға әдеттенген, бірақ қазіргі заманда бұл табиғи құбылыстар бұзылды. Біз таңды ұйқымен өткізіп, түнде кеш жатамыз, сол себепті күнделікті күннің арайынан, рауандап ататын таң шапағатынан мақұрым қалғандықтан, шектен тыс стресске және созылмалы шаршауға бейімбіз». Осыған байланысты Лишман бастаған америкалық ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижелерін растайды. Олардың мақаласы «Психиатриялық зерттеулер журналы» кезекті басылымында жарияланған. Зерттеушілер хронотиптің өзара байланысты болатындығын (яғни адамның максималды күнделікті белсенділігі) және әйелдердің депрессияларымен қаншалықты қатысты екенін анықтады. Деректерді талдағаннан кейін ғалымдар шамамен күнделікті таңғы сағат 6-да тұратын 33 мың әйел ерте тұрмайтындарға қарағанда депрессияға 25%-ға аз шалдығады деп жорамалдады.

«Таңертең жағымды іспен айналысу, жаттығу жасау, медитация немесе тек шай ішуді ұнатсаңыз, сіз өзіңіздің көңіл-күйіңізді көтеріп, бүкіл күннің жоспарын құрып аласыз», - дейді Лишман. Ұйқының қалыпты түрі психикалық денсаулықты сақтау үшін өте маңызды. Лишман сөзін жалғап: «Ең дұрысы – сіз күн сайын ұйықтауға және ұйқыдан бір уақытта тұруға дағдыланып, сол салтты сақтай алсаңыз, биологиялық сағат қайта қалыптасады және сіздің психологиялық жағдайыңызды жақсартады», - дейді. Сондай-ақ ол кофені түнгі уақытта ұйқыдан алты сағат бұрын ішуді тоқтатып, күндізгі уақытта түске дейін ғана ішуге және тәулік ішінде физикалық белсенді болуға кеңес береді, кереуетте жатып гаджеттерді пайдаланбаңыз және ұйқыға жатпас бұрын электр жарығын сөндірген абзал.

Күнделікті таңертең ұйқыдан уақтылы ояна алмауды «disanie» немесе «ұйқы фазасы кешігу синдромы» деп атайды. Медицинада биологиялық (циркадтық) ырғақтардың созылмалы бұзылуы салдарынан туындауы мүмкін деген жорамал бар. Бірақ бұл бұзылыс толыққанды зерттелмеген және аурулар сапына әлі де кірмеген. Десе де, жыл санап аурудың артып келе жатқаны да дәрігерлерді алаңдатуы керек. Неге десеңіз, ұйқыдан уақтылы ояна алмау адамдардың өнімді жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Осы жағдайға байланысты біз бұл ауруды Ислам призмасына салар болсақ, Пайғамбар хадисінде: «Адам ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін байлап: «Түн ұзақ, ұйықта», - дейді. Егер адам ұйқыдан оянып, Алланы есіне алса, бір түйіні шешіледі. Дәрет алғанда екіншісі, намаз оқығанда үшіншісі шешіліп, адам таңертең сергек тұрады. Керісінше жағдайда адамның еңсесі түсіп, солғын жүреді». Сол себепті де қазақтар жалқаулықты кеселге балап: «Жалқаулық – жаман ауру» деп бекерге айтпаған.  

 
 
 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: