20:32
Ислам және медицина

ТӘҺӘЖЖУД пен ЕКІФАЗАЛЫ ҰЙҚЫ

Күндізгі ұйқымен қатар түнгі ұйқының да ерекше тәртібі бар. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с.) түннің бірінші бөлігінде құптан намазынан кейін ұйықтаушы еді.

Құптанның алдында ұйықтағанды ұнатпайтын. Сосын түннің екінші бөлігінде тұрып намаз оқитын, қайта жататын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға ең ұнамды намаз Дәуіттің (ғ.с.) намазы. Алла Тағалаға ең ұнамды ораза Дәуіттің (ғ.с.) оразасы. Ол (Дәуіт (ғ.с.) түннің жартысына дейін ұйықтап, үштен бірінде құлшылық жасайтын да, сосын алтыдан бірінде қайта ұйықтайтын. Және бір күн ораза тұтса, бір күн тұтпайтын (Бухари, Муслим).

Айша анамыздың (р.а.) келген хабарда «Пайғамбар құптанды оқығаннан кейін еш нәрсеге қарамай, жатып ұйықтайтын» деген мағынадағы хадисін жеткізеді.

Әбу Барза (р.а.) пайғамбардың (с.ғ.с.) құптан намазға дейінгі ұйқыны және құптан намазынан кейінгі бос сөздерді ұнатпағанын айтады (Бухари, Муслим).

Құптан намазды оқығаннан кейін қайырлы істерден бөлек нәрсе үшін сөйлеу мәкруһ (ұнамсыз іс) болады.

Пайғамбардың осы бір мұғжизасын талдап көрелік. Адам табиғаттан жырақтаған сайын дененің қайта іске қосылу механизмі нашарлап, ағза табиғи релаксацияға (тынығу, босаңсу) түспейді. Бұл өз кезегінде көптеген ауруларға душар етеді.

Қазіргі өркениетке шейін, яғни цивилизацияға дейін, адамзат екі ауысыммен өмір сүрген деседі антрополог, социолог және психолог ғалымдар. Жасанды жарықтандыру пайда болғаннан кейін адам ағзасы соған икемделе бастады. Күн ұясына батып, түн болғанда адам ағзасында «мелатонин» деген гормон түзіледі. Ол тікелей күнге тәуелді. Оның қызметі ұйқыны шақыру. Сол жасанды жарық пайда болғалы ағза оны күн деп қабылдап, ұйқыны шақырудан бұрын қашыру процесі іске қосылады. Кейбір зерттеулерде сол өркениетке дейін адамдар екі кезеңмен (фаза) әлде ауысыммен бе екен, өмір кешкен деген де болжамдар бар. Ол қалай болды? Түн бата адамдар да түн баласымен таласпай ұйқыға жатқан, себебі ұйқы гормоны жасанды жарық болмағаннан кейін міндетті түрде іске асатын. Ерте жатқан адамдар түннің қара қою ортасында қайта тұрып бітпеген тірліктерін бітіріп, 1-2 сағаттан кейін ұйқыға қайта жатып, күн шыққанға дейін ұйықтаған деседі. Бұл жөнінде Томас Вир деген психолог 1991 жылы өз зертханасында ерікті адамдармен (15 адам) бір жылдай сынақ жүргізген көінеді. Тәжірибе 1 ай өтпей жатып, өз нәтижесін берген. Адамдар бірінші және екінші ұйқы режиміне ауысқан екен. Кейін жүргізген тәжірибесін «The New York Times» газетіне жариялаған.

Вирджиния университетінің (АҚШ) тарихшысы Роджер Экирх 20 жылдай осы бір қызық феноменді зерттепті. Экирх көп уақытын көне итальян, неміс және жапон тілдеріндегі тарихи манускриптерді тәржімалаумен кітапханаларда өткізген екен.

Тарихи очерктер мен күнделіктерде бірінші және екінші ұйқы жайлы азды-көпті әңгімелер кезіккен. Мысалы, XVII ғасырға тиесілі «Портингейлдің кәрі тұрғыны Робин» атты ағылшын балладасында: «Бірінші ұйқыдан оянған соң, жылы сусын іш және сонда сен екінші ұйқыдан оянғанында дертіңнен қалай айыққаныңды көресің», - деген.

Экирх Гомердің «Илиада» мен «Одиссей» поэмаларынан (б.з.д. VIII ғ.) осы екі кезеңдік өмір жайында деректер қазбалаған екен.

«Сонда адамдар түннің осы екінші фазасында не істеген?» деген заңды сұрақ туындайды. Орта ғасырлардағы адамдар көбінесе шаруа қожалықтарын басқарып, шонжарлар мен қара жұмысшылар болып бөлінгені себепті, еңбек адамдар күндіз қара жұмыстан шаршап келіп, күн ұясына бата бірден төсекке жатып, түннің екінші бөлігінде қайта тұрып, бітпей қалған тірліктерін бітірген. Шіркеу қызметкерлері осы уақытта мінәжат қылған.

Енді мұсылмандар не істеген? Әрине, ардақты пайғамбар сүннет етіп қалдырған, қараңғы қабірді нұрландыратын амал – «тәһәжжуд» намазын оқыған. Әсіресе, «Ей, бүркенген жан! Тұр, түннің аз бөлігінде ұйықтап, қалған жарымында намаз оқы. Немесе одан аздап кеміт. Не оған біраз қос», - деген аяттан кейін пайғамбар түнгі намазын мүлдем қалдырмаған. Айша анамыздан жеткен хадисте: «Нәби (с.ғ.с.) түнде тұрып намаз оқығанда аяқтары жарылғанша намаз оқитын еді. Мен ол кісіге: «Я, Алла Тағаланың елшісі (с.ғ.с.)! Сіз (с.ғ.с.) бұны не үшін істейсіз? Алла Тағала Сіздің бұрынғы және кейінгі күнәларыңызды кешіп қойған емес пе?», - дегенімде, Ол (с.ғ.с.): «Мен шүкіршілік етуші құл болуымды қаламайын ба?!» - деп жауап берді» (Имам Бухари, Муслим).

«Ғасри-сағаде» заманы адамдарының иманы өте күшті болғандықтан олар түнгі намазға берік болған. Құранда олар жайында: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып), Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай (Құдай иелігінде) сақталған, оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді».

Тәһәжжуд намазының уақыты – құптан намазынан кейін басталып, таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Егер күн батқаннан таң намазы уақыты арасын үшке болар болсақ, соның үшінші бөлігінде (таң намазының уақытына дейінгі) тәһәжжуд оқыған абзал екен.

Құлдың құлшылыққа қанша уақыт жұмсайтыны бір Аллаға мәлім, бірақ түннің осы екінші фазасы толығымен намазға арналғаны айдан анық.

«Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың ұрығын алып келді десеңші» демекші, қайта өрлеу мен жандану заманы (ренессанс) келіп, өркениет дами бастады. Жасанды «жарықтың» пайда болуымен халық кеш жатуды қалыптастырды. Ұйқы қысқарды, уайым-қайғы көбейді, екіфазалы өмір ұмытыла бастады, тіпті келмеске кетті. Бірақ Алланың кереметі сол «тәһәжжуд» намазы қалды.

 
 
 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 87 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: