22:41
Игі дәстүр ізімен

АЛТЫН КҮЗ

       «Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан» деп Хакім Абай айтқан күз мезгілі де шарықтау шегіне жетіп қалды. Кеше ғана көк желекке оранған ағаш алтындаған күз түстерімен көздің жауын алып отыр. Өзіне ғана тән көркемдік реңі бар осынау жыл мезгілі әрі берекелі, әрі мерекелі.

Игі дәстүр ізімен жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде «Алтын күз» атты мектеп оқушылары арасында байқау өткізілді. Кезінде ғой аталмыш шара кем дегенде екі күнге созылатын, ал қазір, оқушылар саны азайып, сыныптардың кемуіне байланысты, айналдырған бір сағаттық бағдарламаға сайып отыр.

Оқу ордасында мектеп ішіндегі тәрбиелік-тағылымдық шараларды ұйымдастыру һәм өткізумен айналысатын, 10-сынып оқушылары жауап беретін, «Ойын-сауық» тобы апта бұрын байқаудың шарттарын жария етті. Содан бері сыныптарда қызуқанды дайындық жұмыстары белең алды.

Безендірілген сахна төрінде қатысушылар алдымен өз-өздерін түрлі үлгіде таныстырды. Күз тақырыбын ту еткен әндер шырқады, билер орындады, өлең шумақтарын оқыды, ал бірінші сынып бүлдіршіндері жүргізушілер тарапынан қойған жұмбақтарға бал тілдерімен жауап беруге барын салды. Сонымен бірге күзгі бау-бақша өнімдерінен қолдан жасаған бұйымдарынан өзіндік көрме ұсынды. Күзгі сән үлгісін жасау үшін оқушылар ескірген газет беттерін, полиэтиленнен жасалған түрлі түсті пакеттерді, тіпті саудагерлердің ала қаптарын мейілінше қолданды.

Байқаудың сындары арасында 6,10 сынып ұлдарынан құрамдалған «Мэнстайл» көңілділер мен тапқырлар командасы езу тартар шағын көріністерімен көрермендердің шексіз ықыласына бөленді.

Нәтижесінде, ұйымдастырушылардан жасақталған әділқазы алқасы бастауыш сыныптар арасында жеңімпаз деп 1-сынып оқушыларын, ал орта буын ішінде 5-сынып оқушыларын таныды. Ал «Күз ханзадасы» атағын 1-сынып оқушысы Асылболат, «Күз ханшайымы» атағын 1-сынып оқушысы Дарина иеленіп, бастарына тәж киді.    

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 632 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: