19:22
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Англия – 1966

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

11 – 30 шілде 1966 ж., Англия

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт топқа бөлінді, қарсыластар өзара бір-бірімен топта ойнады, екі мықты құрама ширек финалға шықты, арықарай олимпиалық жүйе бойынша

Өткізілді:

32 кездесу, оларды 1 614 677 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 50 459 адамнан келді

Соғылды:

89 гол (орта есеппен 2,78)

 

World Cup Willie - талисман ЧМ - 1966Футбол отаны саналатын Англиядағы әлем чемпионатының өтуіне өз алдына шытырман оқиға мұрындық болды. 20 наурызда британдық телекөрсетілім өз бағдарламаларын оқысынан тоқтатып, опық жегізген мынадай мазмұндағы хабар таратты: таңғы сағат 11.00-де Вестминстер сарайынан тәртіп сақшыларының аңқаулығынан «Алтын Ника құдайын», яғни футболдан Әлем Кубогін қарақшылар жымқырып кетіпті. Абырой болғанда, аптаға созылған іздестіру жұмыстары сәтті сабақталды да, қолды болған аса қымбат бұйымды «Шалопай» атты кәдімгі қарапайым иттің көмегімен тауып алды. Сонымен не керек, «Алтын құдайды» жеңіп үлгемеген ағылшындықтар оны жоғалтып алуға шақ қалды. Ал жарыс қожайындары мен олардың жаттықтырушысы Альф Рамсейдің әлем біріншілігін ұту дәмесі зор еді.   

Топтық кезеңнің өзінде-ақ күтпеген жайттар орын алды. Әлем чемпиондары бразилдіктер аяқ астынан сегіз мықты құрамалар қатарына іліге алмай, жаһандық доданы мезгілінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Өз елдеріне олар жаттықтырушы Феоласыз қайтып оралды. Бразилияда мұндай масқараны күтпеген қызуқанды жанкүйерлер «Феолаға өлім!» деген жазуы бар транпаранттарды жоғары көтерген шеру өткізді деген мәліметтер Англияға жетті. Олар бразилдік жаттықтырушы келбетіндегі қорқынышты манекенді өртеп, артынша ол тұрған үйге барып, айтарлықтай күл-талқанын шығарды. Осынау аласапыран адуыны басылғаннан соң, Еуропада ұзағынан тұрақтап қалған атышулы Феола құпия түрде өз үйіне қайтып оралған екен.

Корей халықтық демократиялық республикасы футболшыларының екі дүркін әлем чемпиондары итальяндықтарды қапы қалдырып, ширек финалға жолдама алғаны нағыз күтпеген жайт, яғни сенсация болды. Ал бұл топтағы бірінші орынды барлық қарсыластарын жеңген КСРО құрама командасы иеленді.

Осыдан төрт жыл бұрын Чилидегі сияқты ширек финалда Еуропадан алты һәм Оңтүстік Америкадан екі құрамалар тоқайласты. Бұған дейінгі біріншілікте оңтүстікамерикандықтар бірінші және үшінші орындарды иеленсе, Англиядағы жарыстарда оларды дәмі кермек татыған өкініш күтіп тұрды. Олар қатысқан кездесулер дау-дамаймен аяқталды. Айталық, Англия – Аргентина ойынына төрелік жасаған батысгермандық арбитр Крайтлайн аргентиндік капитан Раттинді алаңнан қуды. Бірақ та ол бұл шешіммен келіспеді. Екеуара ашық араздық бұрқ етті, оны тек полицияның араласуымен тыныштандырды. Он ойыншымен ғана қалған аргентиндіктер қақпаларына гол жіберіп алып, 0:1 есебімен ұтылып қалды.

Ал ГФР – Уругвай кездесуінде ағылшындық төреші Финни неміс футболшылары 1:0 есебімен ұтып жатқан кезде екі бірдей уругвайлық футболшыға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Айтарлықтай сан жағынан басымдықта ие болған ГФР құрамасы ойынның қалған жиырма минөтінде тағы да үш гол соқты. Осыдан соң оңтүстікамерикандық баспасөз еуропалықтарды өзара арам пиғылды келісім жасап алғаны үшін айыптады. Бұл аз болғандай ағылшындық жаттықтырушы Альф Рамсей теледидардан берген сұхбатында аргентиндік футболшыларды жануарларға теңеді. Нағыз халықаралық жанжал бұрқ етті. Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жергілікті жанкүйерлер ағылшындардың елшілігіне шабуылдады...

Футболға тән дау-дамай КХДР – Португалия кездесуінде де өршіді. Ойынның 25-минөтіне дейін кәріс футболшылары 3:0 есебімен алда келе жатты. Дегенмен португалдықтар құрамында алаңда әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы Эйсебио болды. Ол өз сәттерін ұтымды пайдаланып, қарсыластар қақпасына бақандай төрт гол соқты, ал Португалия құрамасы 5:3 есебімен ойынды нәтижеледі. Келесі күні қайсыбір ағылшын газеті «Эйсебио – КХДР 5:3 (!)» деген тақырыппен жарық көрді.

Англия алаңдарында тамаша ойнаған венгрлерді ширек финалда 2:1 есебімен ұтқан кеңестік футболшылар тұңғыш рет жартылай финалға жолдама алып, ГФР құрамасымен кездесуге белін бекем буды. КСРО футболшылары үшін аталмыш кездесу сәтсіз сабақталды: бірінші таймның соңына қарай кеңестік құрама бірден екі ойыншыға кеміп қалды (Йожеф Сабо ауыр жарақат алып қалды, ал Игорь Численко алаңнан қуылды). Немістер әупірімдеп жүріп 2:1 есебімен жеңіске жетіп, ақтық сынға шықты.

Чемпионаттың әдемі ойыны екінші жартылай финалы Англия – Португалия кездесуінде тамаша, техникасы жоғары және ойын ережесі тәртіпті өрнектелді. Бұл ойындағы алғашқы айып соққысы тек қана 22-минөтте тіркелді. Ойыннан соң сол кездесуге төрелік еткен француздық арбитр Швинте қалжың түрінде осынау сәтті әңгімелеген екен: сол ойын эпизодында алып бата жатқан ештеңе болмаған-ды, ол тек қана футболшылар мен көрермендерге оның да алаңда бар екенін осылайша сықыру арқылы білдіргенге ұқсайды. Десе де сәйкессіздіктерді мұнда да айналып өте алмады. Португалдықтар 0:2 есебімен ұтылып жатты. Ойын аяқталуға біраз уақыт қалғанда Эйсебио он бір метрлік айып соққысы арқылы ағылшындардың басымдығын азайтты. Тағы екі минөттен соң алаң иелерінің қорғаушысы қонақтардың ойыншысы Торрестің басындағы допты қолымен қағып салды, дегенмен Швинтенің сықырығы бұл сәтте үнсіз қалды. «Неге ол он бір метрлік айып соққысын белгілемеді?» - деп, мұндайға қарсылық білдіре таң қалған португалдық жаттықтырушы қатарласа отырған ФИФА комиссарына тіл қатты. «Сіз бірден көп нәрсені қажетсініп тұрсыз. Көрермендер бірінші он бір метрлік айып соққысынан кейін әлі де сабасына түскен жоқ», - деп жауап қатқан комиссар салқынқандылық танытты. Ақылға қонымсыз логика. Швинте де дәл осылай топшылаған тәрізді. Таң-тамаша өрнектелген сол ойындағы жалғыз-ақ кемшілік осы болды.

Үшінші орын үшін өткен ойында КСРО құрамасы 88-минөтте шешуші голды жіберіп алып, 1:2 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.   

Ақтық ойында Англия қосымша уақытта ғана немістерден айласын асырып, 4:2 есебімен жеңіске қол жеткізді. Сол кездесуде хет-трик жасаған алаң иелерінің шабуылшысы Херст ойынның қаһарманы атанды. Ол сол ерлігімен әлем біріншіліктерінің ақтық ойынында хет-трик жасаған тұңғыш һәм әлі күнге дейін жалғыз футболшы болып қалып отыр. Ағылшындар капитаны Бобби Мур Елизавета ІІ патшайымның қолынан «Жюль Римэ Кубогін» салтанатты түрде қабылдады. 1950 жылы АҚШ құрама командасынан ұтылған ойында кінәлі болған сол кездегі ойыншы, осы сәттегі жаттықтырушы Альф Рамсей осынау спорттық ерлігімен де, өрлігімен де сол кездегі орны толмас өкініштен өзін де, ағылшын футболын да мейілінше ақтады. Асылында, футболды ойлап тапқан ағылшындар өздерінің әлемдегі мықтылығын құр сөзбен емес, нақты жүзеге асқан қомақты нәтижесімен ақырында дәлелдеді.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 816 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: