13:35
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Швеция – 1958

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

8 – 29 маусым 1958 ж., Швеция

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт топқа бөлінді, қарсыластар өзара бір-бірімен топта ойнады, екі мықты құрама ширек финалға шықты, арықарай олимпиалық жүйе бйынша

Өткізілді:

35 кездесу, оларды 868 000 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 24 800 адамнан келді

Соғылды:

126 гол (орта есеппен 3,60)

 

Швецияны ұйымдастырушы ел ретінде таңдауда бәрінен бұрын саяси астар үстемдік құрды, себебі ел өзін бейтарап деп жар етті. Дегенмен әлем чемпионаттарын алмакезек өткізуге Ескі әлем мен Жаңа әлемнің өзіндік қағидаттық ережесін өрескел бұзды, өйткені кіл мықты құрама командалардың жаһандық форумы осымен екінші рет қатарынан Еуропада өткізілмекші болды.

Швециядағы әлем чемпионатында Кеңес Одағының құрама командасы алғаш рет сынға түсті. Дебютант есебіндегі КСРО-ға жеребе мейірімділік жасаудан тарылды да, Австрия, Англия және Бразилия сынды күшті командалар тобына анықтады. Кеңестік команда жарысты тәуір бастады. Алғашқы екі ойында үш ұпайды еншіледі: Англиямен 2:2 болса, Австрияны 2:0 есебімен ұтты. Бұл топтағы бразилдіктер де осыншама ұпайды қанжығалады да, топтық соңғы ойында КСРО-мен кездесуге бел байлады. Аталмыш ойынның жеңімпазы ширек финалға шығу мәселесін кепілдендірді. Кеңестік құрамаға қарсы ойнаған бразилдіктер «құпия қаруды» қолданды: футбол алаңына тұңғыш рет ешкімге белгілі емес он жеті жасар Пеле мен Гарринчаны шығарды. Гарринчаның алаңға шығуын тілшілер тобы һәм команда капитаны Беллини бастаған футболшылар қуаттап қолдады, себебі сол – бұған дейін ағылшындармен болған кездесудегі тең нәтижеге көңілдері толмап еді. Гарринчаның өзі жаттықтырушы Феолеге ультиматум қойды: я оны ойынға шығарады, я ол Бразилияға қайтып кетеді. Гарринчаның бірбеткей мінезін жақтырмайтын жаттықтырушы түптің түбінде футболшының дегеніне бас иді.

Кездесу басталысымен-ақ бразилдіктердің оң қапталы кеңестік қорғаушы Кузнецовқа қарай бірден лап қойды. Оны оңайлықпен өтіп кетті де, оған көмекке ұмтылған Крижевский мен Войновтан да айласын еш қиналмай асырып, Гарринча қақпаға қарай күшті соққы жасады. Доп қақпа бағанына тиіп, алаң ортасына қарай дерлік ұшып кетті. Араға екі минөт салып Гарринча тағы екі рет алғашқысына ұқсас рейд жасады. Бастапқысында Пеле өз соққысымен қақпа бағанының беріктігін тексерсе, кейінгісінде бразилдік Вава кеңестік қақпашы Яшинге гол соқты. Белгілі француз футбол маманы Габриэль Ано Бразилия – КСРО кездесуінің алғашқы үш минөтін «әлем футболы тарихының ең таңғажайып сәті» деп әспеттеді өз естелігінде.    

Екінші таймда бразилдіктер тағы бір гол соғып, ойын соңын жеңіске дейін байсалды түрде жеткізді. Ал кеңестік команда бір күннен соң ағылшындармен қосымша кездесу өткізуге мәжбүр болды. 1:0 есебімен жеңіске жеткен КСРО құрамасы араға тағы бір күн салып ширек финалда біріншілікті өткізіп жатқан шведтермен кездесті. Он бір күннің ішінде жаттықтырушы тарапынан еш өзгеріссіз ойнаған КСРО құрама командасы бес бірдей бірінен-бірі өткен ауыр ойындардан соң шведтерден дайындық жағынан әлсіз көрініп, 0:2 есебімен жол берді.

Бразилдіктерді жартылай финалға Уэльс құрамасы қақпасына жалғыз голды соққан Пеле шығарды. Бұл гол Пеленің әлем чемпионаттарында соққан тұңғыш голы болды. Жартылай финал кездесуінде әбден бабына келген Пеле Франция құрамасына үш гол соқты, ал Бразилия нәтижесінде 5:2 есебімен жеңіп, ақтық ойынға жолдама алды.

Ал ірі есеппен ұтылған француз футболшылары үшінші орын үшін болған ойында экс-чемпион атанған ГФР құрамасын 6:3 есебімен тас-талқан етіп, өкініштерін бір тарқатты. Немістер қақпасына төрт гол соққан француздық шабуылшы Жюст Фонтэн жиыны 13 соғылған голымен әлем чемпионатының нағыз нәтижелі сұрмергені танылды. Бұл керемет көрсеткішті әлі күнге дейін ешкім қайталаған жоқ! Жарысқа қатысқандар ішінде (әңгіме төркіні футболшылар жайында емес, тұтастай командалар жайында) Бразилия құрамасы ғана француздық орталық шабуылшыдан үш-ақ соғылған доппен оза алды. 

Швеция – Бразилия ақтық ойыны 29 маусымда Стокгольмдегі «Росунда» стадионында өткізілді. Кездесудің төртінші минөтінде-ақ швед футболшылы Лидхольм есеп ашты. Бұл жарыстарда бразилдіктер алғаш рет ұтыла бастады. Тоғызыншы минөтте Гарринча мүмкіндігін сәтті сабақтап швед қорғанысынан өтіп кетіп, қақпа бойына пас жұмсады, Вава сол тұстан табылып, доппен бірге қақпа торына кіріп кетті. Есеп 1:1 болып теңесті. Кейіннен газеттер жазғандай, шведтер тек бес минөт қана әлем чемпиондары болды. Бірінші тайм барысында Гарринча жоғарыда сөз болған әрекетін айна-қатесіз қайталап, Вава алғашқы голдың егізіндей ұқсас тағы да өзін де, допты да қақпа торында тулатты. Екінші таймның ортасына қарай есеп айырмасы 4:1-ге дейін өсіп шыға келді. Әсіресе үшінші гол өте әдемі соғылды. Төрт швед қорғаушысының қоршауында қалған жасындай жарқыраған Пеле қақпаға арқасын беріп тұрған күйде допты қабылдады да, жеңіл әдіспен кеудесіне қонған допты аяғына түсірді, артынша өзінің шеберлігіне тәнті болып таңырқап қалған қарсыластарының бастарынан ойын сферасын әуелете асырып, допты жерге түсірмей, әуелеген күйінде қақпаның дәл бұрышына дәл соқты! Пеле бұл ойынның соңғы голын да қанжығасына байлады. Нәтижесінде, Бразилия құрамасы 5:2 есебімен ірі жеңіске жетті.

Тұңғыш рет ақтық ойында екі түрлі құрлықтың өкілі тартысқа түсті. Тұңғыш рет әлем чемпионы өз жеңісіне басқа құрлықта қол жеткізді. Тағы да, осыдан сегіз жыл бұрынғыдай, бүкіл Бразилия жылады. Тек бұл жолғы көз жасы нағыз бақыттан төгілді. 29 маусым күні Бразилияның ұлттық мейрамы болып  жарияланды. Әлем чемпиондары құрметіне ұйымдастырылған алаулаған-жалаулаған үлкен той-салтанатқа Бразилия президентінің өзі қатысты. Әйгілі бразилдік футболшылардың есімдерімен Бразилия қалаларының көшелері аталды...

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 732 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: