13:33
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Швейцария – 1954

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

16 маусым – 4 шілде 1954 ж., Швейцария

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт топқа бөлінді, қарсыластар өзара жұптасып ойнады, екі мықты құрама ширек финалға шықты, арықарай олимпиалық жүйе бйынша

Өткізілді:

26 кездесу, оларды 943 000 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 36 269 адамнан келді

Соғылды:

140 гол (орта есеппен 5,38)

 

Әлем біріншілігіне қатысушылар саны аз-аздап болсын өсе бастады. Әйткенмен барлық мықтылардың басын қосу қиынға соғуын жалғастырды. Аргентина өзінің мықты футболшыларының ұлы «эмиграциясы» сарқыншағын уайымдаумен болса, Кеңес Одағы (нақтылап айтқанда, барлық спорттық сұрақтарды шешуге келсін-келмесін кіріскен партиялық номенклатура) өзінің жеңімпаз реномесінен үрікті: жуырда болған Олимпиадада югославтардан көрген жеңілістен соң, елдегі футбол әлі жетілмегенді негізге ала отырып, оның «жоғары жаққа шығуын» уақытша тежеп тастады.

Әлем чемпионатын ұйымдастырушы ел ретінде Швейцарияны таңдауды қиналмай-ақ түсіндіруге болады: бұл еуропалық елді екінші дүниежүзілік соғыс аз мазалады, ол осынау алапатқа тек өз банкілерімен ғана қатысты. Бұл біріншіліктің маңызды жаңашылдығы болып ойындарды теледидардан көрсету танылды, сол кезден бастап ол тыныс-тірліктің қалыпты түріне айнала бастады.

Чемпионатқа қатысқан «Жюль Римэ Кубогінің» екі дүркін иегерлері уругвайлықтар мен итальяндықтарға, сонымен бірге мықты деген бразилдіктер мен ағылшындырға қарамағанда, әлемнің бар назары тамаша ойын өрнегін көрсетіп жүрген венгрлік құрамаға ауды, сөз жоқ, осынау құрметке бөленген олар жарыстың фавориті, алтын медальға ең басты үміткер саналды. Өз қатарында Грошич, Божик, Кочиш, Хидегкути, Цибор, Пушкаш және т.б. тамаша шеберлері бар венгрлік команда көз бен жанды қуантатын екпінді, нәтижелі, сонымен қатар өзіндік таңбасы бар, ақылды, орындау техникасы жоғары футбол көрсетті. Бұл шынымен де ғажап команда болды. Асылы сол, төрт жыл бойы жеңілістің ащы дәмін татпаған екен. Айталық, 1950 жылдың 4 маусымынан бастап 1954 жылдың 30 маусымына дейін (швейцарлық әлем біріншілігінің ақтық ойынына дейін) Венгрия құрамасы 31 ойын өткізіп, оның 28-інде жеңіске жетсе, қалған үш ойынын тең аяқтады. Сондағы соғылған мен жіберіп алған доп айырмасы 144 – 33 болды (!). Отыздан аса өткізген кездесулердегі бір ойынға орта есеппен шаққандағы гол соғу нәтижесі 5 доптан кем емес болды. Нағыз фантастика! Швейцарлық дода алдында венгрлер Лондонда Англия құрамасын 6:3 және Будапештте 7:1 есебімен екі мәрте ойран-топырын шығара ұтты.

Әлем чемпионатында да венгрлер үшін бәрі ойдағыдай түзілді. Өз тобында оңтүстіккәрістерді 9:0 және ГФР құрамасын 8:3 есебімен ойсырата жеңген олар ақтық сынға барар жолда бұған дейінгі әлем біріншілігінде мықты командалар саналған вице-чемпион Бразилия һәм чемпион Уругвай құрама командаларынан айласын асырды. Әрбірі ақтық ойынға барынша татитын екі кездесуде венглер қарсыластарын 4:2 есебімен жеңді. Айта кету керек, Уругвай құрамасы үшін бұл жеңіліс олардың әлем чемпионаттарына қатысып жатқан барлық кезіндегі ең алғашқы ресми жеңілісі болды.

Сонымен, Венгрия құрамасы финалға шықты. Кіл мықтылар жеңілді. Енді кімдермен ойнау қалды? Топтық жарыста сондай жеңіл ойнақы түрде сегіз гол жіберіп алған немістермен бе? Олай болса ақтық ойында оларға тағы сонша немесе одан көп гол соғуға болады ғой. Іс жүзінде дәл осылай бола бастады. Сегіз минөт өтпей жатып Пушкаш пен Цибордың арқасында Венгрия құрамасы ГФР құрамасын 2:0 есебімен жеңіп жатты. Болды? Соңғы нүкте? Бокста терең нокдауннан соң жеңілгеннің белгісі ретінде ақ түсті орамалды тастайды. Шахматта маңызды фигуралардан айырылған соң жеңіліп жатқан ақ уақытты өлшеп тұрған сағатты тоқтатады. Бірақ бұл футбол ғой, бөлінген минөттік мерзім бітпейінше, алдын ала ойынды тоқтату мүмкін емес әлбетте.

Кім де кім сол сәтте тартыстың бұлайша өрбуінің шешіміне күмәнданса, онда оны, жұмсартып айтқанда, ақыл-есі дұрыс емес адам деп қабылдар еді. Дегенмен күмәнданатындар табылды: неміс командасының жаттықтырушысы Зепп Гербергер және оның қарамағындағы футболшылар.  

Венгрлердің жеңілісінен кейін ғой мұндай сәтсіздік хақында түрліше алып-қашпа түсінік-әңгіме айтыла бастайды. Сондағы кедергілер ретінде әр түрлі психологиялық нюанстар, қарсыласты менсінбей бағалау, венгрлік жаттықтырушы Шебештің ұйымдастырушылық кемшіліктері, оның ішінде құрама сапына жарақат алған Пушкашты қосқаны және оң қанатқа сол жақта шеткірек ойнауға дағдыланған Циборды қойғаны бар, тез уақытта соғылған екі голдан соңғы жайбарақаттылық, қырсық шалған сәтсіздік, төрешінің кешірімсіз қателіктері...алға тартылды. Бұның бәрі солай ғой. Десе де...

Соңғы ойында Гербергер өзара сақтандыруды ұстанған аймақтық қорғаныс ойын өрнегін құрастырды. Түсінікті тілмен айтқанда, немістер қорғаныстан бастап ойнады. Есіл-дерті алға қарай ұмтылумен әуестенген қарсыласты әп-сәтте қарсы шабуыл арқылы ұстап алуға болады. Діттегендерін орындамай қоймайтын, тәртіпті немістер жаттықтырушының тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Қас қағым сәтте екі гол өткізіп алғанына қарамастан, олар өз сызығын ие беруді жалғастыра берді де дегендеріне жетті: 19-минөтте есеп 2:2 болып теңесті.

Венгрлердің жүйкесі сыр беріп, қобалжи бастады, кей сәтте ойын тізгінін қолдарынан шығарып та алды. Соған қарамастан олар бір емес, бірнеше рет гол соғатын еді. Дегенмен бұл күн олардың күні болмады. Ал қарсыласы венгрлік қорғаныстың кезекті қателігін пайдаланып, кездесудің аяқталуына 6 минөт қалғанда үшінші допты Венгрия құрамасының қақпасында тулатты. Венгрлер бүкіл командасымен дерлік шабуылға лап қойды да, бір минөт өтпей жатып Пушкаштың соққысынан соң есепті теңестірді. Ағылшындық төреші Линг голды санап, алаңның ортасын көрсетті. Бірақ бұл не? Қапталдағы төреші Гриффите қарсылық білдіруде. Онымен қысқаша кеңестен соң Линг өз шешімін өзгертіп, «ойыннан тыс қалды» дегенді нықтады. Ал бұл дегенін шынымен де венгрлердің соңғы үмітін үзді.

Неміс командасы ақтық ойында барлық оңтайлы әдіс-амалдарын жүз пайыз кәдеге жаратса, әлеуеті әлдеқайда жоғарылаған венгрлік құрама олардың жартысын да пайдалана алмады. Осынау қасірет, сәтсіз жайт Ұлы Команданың түбіне жетті. Дәл осы іспетті аласапыранды 1950 жылы бразилдіктер де бастан кешірген еді.

Сайып келгенде, әлем чемпионаттарында мықтылар әрдайым жеңе бермейді екен. 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 709 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: