17:09
Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы

 1992 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың тоғызыншы біріншілігінің ақтық жарыстары 10-26 маусым аралығында Швецияның Гетеборг, Мальме, Норрчепинг, Стокгольм қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сегіз құрама команда қатысты. Төрт командадан екі топ, әр топтан бірінші және екінші орынға ие екі команда жартылай финалға шығады, одан кейін ақтық кездесу өткізу жүйесімен түзілді. Швеция алаңдарында өткізілген он бес кездесуді 429241 жанкүйер тамашалады. Жиыны 32 доп қақпа торында тулады.

1992 жылғы барлық футбол оқиғаларының ең басты сенсациясы – Дания құрама командасының Еурододадағы жеңісі. Скандинавия жерінде өткен құрлық біріншілігіне ойламаған жерден тап болған викингтер ұрпақтарының жұлдызы жанды.

БҰҰ санкцияларының саяси тұрақсыздық тығырығына тірелген Югославияға салқыны тиді де, біріншіліктің ақтық жарыстарындағы оның орнына соңғы сәтте Дания құрамасын өткізіп жіберді. Жайбарақат демалыста жүрген дат футболшыларын жинап алған бас жаттықтырушы Рихард Меллер-Нильсен ұйымдастырушылық шеберлік танытты.

Футбол мамандары біріншілік алдында Франция құрамасы жеңеді деген пікірде болды, себебі іріктеу ойындарында олар топтағы барлық қарсыласты жеңіп шықты. Дегенмен Швецияда француздардың жолы болмады. Өз тобында шведтермен, ағылшындармен тең ойнады да, болашақ жеңімпаз дат футболшыларынан ойда жоқта ұтылып, тпотық жарыстан аса алмады. Әйгілі Мишель Платини баптаған Блан, Англома, Фернандес, Дешам, Папен, Боли, Кантона сынды мықты ойыншылары болған бұл құраманы осал болды деуге ауыз бармайды.

ГДР мен ГФР-ді бөліп тұрған Берлин қабырғасы құлатылғаннан соң Еуропадағы геосаяси жағдай үлкен өзгеріске ұшырады. Екі бөлек мемлекет орнына біртұтас Германия мемлекеті пайда болды. Ал бұл жағдай өз кезегінде іріктеу жарыстарына дереу өзгерістер кіргізуге негіз болды. Сонымен бірге Чехо-Словакия деп дефис арқылы жазылған бұл ел де соңғы рет біртұтас ел ретінде құрлық біріншілігіне қатысты.

Іріктеу жарыстарында КСРО құрамасы топ жарды. Ал Швецияға не мемлекеттік туы жоқ, не мемлекеттік әнұраны жоқ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД)  деген атпен аттанды. Ақтық жарыстардың топтық кезеңінде ТМД футболшылары алдымен неміс футболшыларымен 1:1 есебімен тең түсті. Екінші кездесуде Гуллит пен ван Бастен ойнаған Голландия құрамасымен 0:0 есебімен тағы да тең ойнады. Ал шешуші үшінші ойында ойламаған жерден Шотландия құрамасынан 0:3 есебімен ойсырата ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Дания құрамасы өз тобында алғашқы ойында азуы алты қарыс Англия құрамасымен 0:0 есебімен тең түсті. Швециямен өткен топтық кезеңнің екінші кездесуінде 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ал үшінші ойынды Франция құрамасымен өткізген олар ойынның 8-минутінде Хенрик Ларсен соққан голмен есепті ашты. Алайда француздар Папен мен Кантонаның жекелей жіне дәстүрлі емес тактикасы арқасында қақпасын керемет қорғаған Шмейхельге гол соғып, есепті теңестірді. 78-минутта дат ойыншысы Ларс Эльструп француз қақпашысы Мартиниге жеңіс голын соқты.

Жартылай финалдық ойында Дания құрамасы Голландия құрамасымен тартысқа түсті. Кездесудің 6-минутында-ақ дат футболшысы Хенрик Ларсен күшті соққымен есеп ашты. Голланд ойыншысы Дэннис Бергкамп есепті теңестіргеннен соң-ақ дат футболшылары тағы да Хенрик Ларсеннің соққысынан кейін алға шықты. Бұдан кейін даттықтардың күш басымдығы әлсірей бастады. Кездесудің соңына төрт-ақ минут қалғанда Райкаардың алыстан соққысы Шмейхель қақпасынан саңылау тауып, торда тулады. Есеп 2:2 болып теңесті. Қосымша уақытта екі жақтан да соғылған гол болмады. Ал он бір метрлік айып соққысы сериясында ван Бастеннің соққысы мүлт кетіп, Дания құрамасы ақтық кездесуге жолдама алды.

Германия құрамасымен өткен ақтық ойында Дания құрамасы айтарлықтай фаворит ретінде шықты, өйткені елеусіздеу ойын көрсеткен немістер жеңімпаз атануға жарқырамады. Кездесудің 19-минутында дат футболшысы Йон Йенсен неміс қақпашысы Бодо Иллгнердің қақпасының жоғары бұрышына гол соқты. Ал ойын аяқтаулға он бір минут қалғанда дат ойыншысы Ким Вилфорт екінші голды соқты да, Дания құрамасына 2:0 есебімен жеңіс сыйлап, сенсациялық жолмен өз елін кәрі құрлықтың үр жаңа жеңімпазы атандырды.        

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 693 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: