16:20
Еске алу

ЖАЙДАРЫ ДА ЖАЙСАҢ ЖАНДАР ЕДІ

Күні кеше ғана көз алдында күлімдеп жүрген жүзі таныс жандардың қазіргі таңда енді жоқ екеніне бір түрлі сенгің келмейді екен. Амал нешік, жазмыштан озмыш жоқ тағы. Кезінде Бесқарағай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан Аркенов Қабдолла марқұмнан тараған балалары үшін биылғы жылдың қараша айы аза һәм қазаға душар еткен қаралы айға айналды. Небәрі он күннің айналасында алдымен алпыс үш жастың үстіне шыққан Роза есімді қызы мезгілсіз көз жұмса, кейін ыңыранған дерттен төсек тартып қалған, елу тоғыз жасар Бауыржан есімді ұлы дүниеден кете барды. Осылайша әпкелі-бауырлы қос ауылдастан көз жазып қалдық.

Аркенова Роза 1951 жылдың 5 шілдесінде Бесқарағай ауылында дүниеге келді. Балалық және бойжеткендік шағы туған ауылында өтті. Жалпы орта мектепті бітіргеннен соң медбике мамандығын тәмамдап алды да құрметті демалысқа шыққанша Лебяжі ауданы орталығы Аққудағы орталық аудандық ауруханада өзі қалаған мамандығы бойынша абыройлы еңбек атқарды. Осыдан бір жыл бұрын ғана марқұм болып кеткен Жұмажанов Түркенмен қырық жылдан аса отасып, екі қыз және екі жиеннің қызығын көріп еді. Өз құрбы-құрдастары, жора-жолдастары, әріптестері арасында шексіз құрметке бөленген, мейірімді, аузын ашса жүрегі көрінетін жақсы адам еді.

Ал бауыры Аркенов Бауыржан 1955 жылдың 13 тамызында дүние есігін Бесқарағай ауылында ашты да жалғаннан өткенше туған ауылында ғұмыр кешті. Жалпы орта мектептен соң, әскерде азаматтық борышын абыроймен атқарды. Содан кейін автомобиль жүргізушілер курсын тәмамдады. Артынша 1980 – 1984 ж.ж. аралығында аудан орталығы Аққудағы автобазада автожүргізуші болып қызмет жасады. 1984 – 2002 ж.ж. ішінде кезіндегі «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытында, қазіргі кездегі «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алдымен қатардағы автожүргізуші, кейін қойма меңгерушісі қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. 2002 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Айталық, ауыл тұрғындары игілігі үшін жеке дүкен ашты. Одан кейін жеті жыл қатарынан туған ауылын қысқы және жазғы сумен қамтамасыз ету жұмысын асқан абыроймен атқарды. Осынау қисыны қиын игілігін ауылдастары ешқашан ұмытпайды. Бауыржан Қабдоллаұлының қазасы өзімен отыз алты жыл отасқан жанжары Марина апайға ауыр тиді. Махаббаттың құдірет күшімен шаңырақ көтерген Бауыржан және Маринадан қос арыстай Юрий және Ілияс есімді ұлдар дүниеге келді. Ұлдары әке-анасына үш бүлдіршін немере сыйлады. Жанұясын жанынан даартық сүйген Бауыржан ағамыз үлгілі әке де, өнегелі ата да бола білді. Әттең тағдырдың жазуы, сызықтың бітуі немерелерінің есейіп, ер жетуін көрсетпеді.

Аркеновтар әулеті қаралы қарашада қос бірдей қайғы кезінде қолдау мен демеу көрсеткен барлық жора-жолдастарына, туған-туысқандарына, таныс-ауылдастарына шын жүректен шексіз алғыстарын білдіреді. Қабырғаны қайыстырған осынау қиын сәтте жандарынан табылғандарға, қолдау көрсеткендерге, қайғыға ортақтасқандарға, қайғы-қасіретті бөліскендерге өлшеусіз ризалығын да білдіреді.

 Қос марқұм да адамгершілігімен, қарапайымдылығымен ауылдастары есінде ұзағынан сақталады. Жатқан жерлері жәннаттан болсын!

 

Аркенова Роза Қабдоллақызы және Аркенов Бауыржан Қабдоллаұлының қырқына арналған Құдайы ас 2014 жылдың 14 желтоқсаны күні сағат 12.00-де Лебяжі ауданы Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің асханасында беріледі.  

                

Бесқарағай ауылының тұрғындары атынан

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] 

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1614 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: