22:42
Егде жандардың құрметіне

АМАН БОЛ, АСЫЛ ҚАРТТАРЫМ!

Қазан айының туысымен ірілі-шағын елді мекендерде қашаннан қалыптасқан игі дәстүр бойынша Халықаралық егде адамдар күні есте қаларлықтай аталып өтеді. Бесқарағай ауылында осынау әйгілегіш биыл «Аман бол, асыл қарттарым!» атты кешенді шарамен ойдағыдай ұйымдастырылды.

Айта кету керек, аталмыш шараны өткізуге Қызылағаш ауылдық округінің әкімшілік аппараты мұрындық бөлді. Аймақ, аудан, ауыл көлемінде өткізілетін көлемді шараларды ұйымдасқан түрде өткізуде бірлік, ынтымақ, өзара түсіністіктің таптырмас үлгісін көрсетіп жүрген һәм ауыл әкімі Ж.Байтілеуова асқан менеджерлік танытатын әкімшілік аппарат бұл жолы да абыройлық танытты. Мектептің мәжіліс залында егде жасқа келген алпыс шақты жанға буы бұрқыраған қазақы дастарқан жайып, кішіпейілдік танытып, қонақжайлылықтың бірегей үлгісін көрсетіп бақты.

Дәм-тұзды дастарқан басында шүйіркелесе жиналған егде жандар бір-бірімен емен-жарқын көрісіп, жарасымды әзілдесіп қана қоймай, ауыл көркемөнерпаздарының ән шашуын тамашалады.

Алпыс, жетпіс, сексеннің бел ортасын бағындырып үлгерген ауылдың егде жандарын құттықтаған ауыл әкімі Жанат Шоқанқызы өзінің сөзінде қарияларға зор денсаулық, үйде де, түзде де дін амандық, немере-шөберелердің қызықтарын молынан көру деген шынайы тілектерін күн нұрындай шашты. Сахна төріне шыққан ауылдың ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин, ардагер ұстаздар Д.Ақатаев, Л.Молокова зейнеткерлерді осынау мерекемен өз алдына құттықтады.

Зейнеткер Е.Ибрагимов гармон аспабының сүйемелдеуімен, мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Л.Сейітова, мұғалімдер Б.Ибраһим, Қ.Ахметов, оқушы А.Увакова шырқаған әндер жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Жарасымды отырыстың соңында егде жандар көңілді әндердің ырғағымен бір билеп, енді қайтып оралмас жастық шақтарын еске түсірді. Үй-үйлеріне аттанған егде жандар осынау шараны ұйымдастырғандарға шексіз ризашылықтарын білдіріп, елді көгертер шынайы баталарын берді. Ал осыдан артық бақыт бар ма, ағайын!      

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 676 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: