16:21
ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

САБАҚ ОҚУДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ ШАРТТАРЫ

Денсаулық

Сабақ оқу үшін денсаулыққа көңіл бөліңіз, яғни дұрыс тамақтануға, жеткілікті ұйықтауға, белгілі бір уақытта спортпен шұғылдануға және сабақ оқу кезінде ағзаңыздың қажетінше тынығуына көп мән беріңіз.

Сабақ оқуды сүю

Өзіңіз ұнатпаған асты көп іше алмағаныңыз секілді, сабақ оқуды сүймесеңіз, онда сабақты көп оқи алмайсыз. Сабақ оқуды сүйікті іске айналдыратын ең маңызды қадам – алға қойылған нақты бір мақсаттың болуы. Яғни «Қалай сабақ оқимын?» деген сұраққа жауап табылу керек. Сіз үшін сабақ оқудың мән-маңызы бар болса, сабақ оқуды сүйетін боласыз.

Сабақ оқу техникасын білу

Сабақ оқудың тиімді тәсілдері жайлы жүргізілген зерттеу жұмыстары оқушылардың кейбір сабақ оқу техникаларын қолдану арқылы табысқа жеткенін анықтады. Оқушылар кейбір техникаларды қолдана отырып, құлшынысын да, үйрену деңгейін де арттыра алады.

Бір сабақ, бір проблема және бір тақырыпқа бола кіап-дәптеріңізді жинастырып қоюға асықпаңыз. «Физика – қиын сабақ» деп ойлайтын болсаңыз, физикадан табысқа жетем деп ойламай-ақ қойыңыз. Өзіңіз жүрексінген істі басқа адамдардың жасағанын көріп, «Пәлі, бұны мен де істей аламын!» - деп өзіңізді қайрауыңыз керек. Бәлкім, өзгелер секілді жүз пайыз жетістікке жетпеуіңіз мүмкін, бірақ жүзден елу пайыз табысты болу мүлдем тақырға отырғаннан әлдеқайда жақсы ғой.

  • тақырыпқа бастан-аяқ қарап шығыңыз;
  • нені білетініңді, нені білмейтініңді анықтаңыз;
  • саған қажетті тақырыпты оқыңыз;
  • оқыған тақырыбыңды пысықтау үшін қайталаңыз.
  • Қарап шығыңыз. Жаңа тақырып жайлы жалпылама мәлімет алу үшін, тақырыпты жан-жақты түсіну үшін, оқитын бөлімді 3-4 минут мұқият қарап шығыңыз; тақырыпқа, тақырыпшаларға, ерекше әріппен жазылған жерлерге зер салып қараңыз. Бұлай қарап шығу жаңа тақырыптың негізгі ойын, маңызды жерлерін анықтауыңызға көмектеседі.
  • Анықта. Дайындалатын немесе оқылатын бөлімге әшейін қарап шығудың сізге берер ешқандай пайдасы болмайды. Сол үшін тақырыпқа шолу жасаған кезде, нені үйрену керектігін, қандай сұраққа жауап табу керектігін алдын-ала нақтылап алыңыз. Бұл – екінші мәрте оқығаныңызда, сізге көп көмегін тигізеді.
  • Оқыңыз. Бұл кезеңде алдын-ала белгілеп алған сұрақтарға жауап табу мақсатында оқып шығыңыз. Оқып отырып, керекті ескертпелерді кітаптың бетіне немесе дәптерге түртіп алып отырыңыз. Осылайша алдын-ала анықталған сұрақтардың жауабын белгілеңіз. Мынаны ұмытпаңыз: үш рет оқып үйренгеннен бір рет жазып үйренген көпке дейін есте қалады.
  • Қайталаңыз. Оқу процесінде қайталау немесе жаттығу жасау меңгерілген тақырыпты пысықтау үшін өте қажетті. Сабақ оқудың тиімділігін арттыру үшін, қайталау мен жаттығудың қалай жасалатынын жақсы білу керек. Бұндай пысықтау жұмыстарының үздіксіз немесе белгілі уақыт аралықтарында жасалуы тақырыптың күрделілігіне, оқушының қабілетіне қарай ауысып отырады. Тақырыптарды үздіксіз қайталап тұру көп нәтиже береді, ал белгілі бір аралықтарда жасалатын қайталаулар білім алу процесінде қолданылатын жалпылама қағида болумен бірге, уақыт аралығының ұзындығы тақырыптың ерекшеліктеріне, оқушыынң жас, зейін және сол тақырып жайлы мәліметіне қарай өзгеріп отырады.

Бұл кезеңдегі ең тиімді қайталау жұмысын сол тақырыпқа қатысты тест сұрақтарын шешу арқылы орындаған жөн. Қолыңыздағы тест жинақтарындағы сол тақырып жайлы барлық тест сұрақтарын шешсеңіз, сол тақырып жайлы бүкіл сұрақ түрлерімен танысасыз, әрі сол тақырыпты жан-жақты қайталап шығасыз.

 

ҚАЙАЛАУДЫҢ КҮШІ

  1. Мәліметті қайта-қайта миға жіберу адамның жадында терең із қалдырады. Бір нәрсені бірінші рет үйренген болсаңыз, міндетті түрде оны қайталауыңыз керек, өйткені қайталау алғашқы мәліметіңізді нығайта түседі;
  2. Қайталау жұмысын белгілі бір аралықтарда жүргізіп отыру керек;
  3. Қайталау үшін ең ыңғайлы әрі тиімді уақыт – оқып үйреніп болғаннан кейінгі алғашқы 10 минут;
  4. Үйренген нәрселеріміздің 70%-ын бір сағаттан кейін ұмытамыз. Ұйқы кезінде ұмыту әрекеттері баяулап тоқтайды, сондықтан күні бойы үйренген мәліметтерді ұйқы алдында бір шолып қайталап шығу – ең ақылды адамның ісі;
  5. Қайталау жұмысын жүргізгенде, жаңа тақырыпты біреуге түсіндіріп жатқандай айтып шығу мәліметті нақтылай түседі;
  6. Мазмұнын жазбаша түрде қысқаша жазып қайталау әрі жазбаша түрде үйренуді, әрі қайталауды қамтамасыз етеді;
  7. Кесте, схема түрінде жасалған қайталау жұмыстары мәліметтің көз алдында жандануына әрі есте ұзақ сақталуына оң ықпалын тигізеді;
  8. Қайталау кезінде негізгі кілт сөздердің тізімі шығарылса, тақырыптың ішінен керекті жерді тез іздеп табуға, әрі кілт сөздерді миға орналастыруға мүмкіндік туады;
  9. Оқыған бір тақырыпты дауыстап қайталайтын болса, есте жақсы қалады;
  10. Бір тақырып жайлы мәлімет миға алғаш рет жіберіліп жатса, ең кемінде 4-5 рет қайталап, мидағы қыртысын тереңдете түсу керек;
  11. Қайталау кезінде мәліметті бір бүтін күйінде қабылдау керек. Ең дұрысы, тақырыпты бір оқып шығып, бір бүтіндей көру, ал ең соңында, оқи отырып әрі қайталау керек, әрі мәліметті бір бүтін күйінде қабылдай білу керек;
  12. Қайталау кезінде бөлек-бөлек мәліметтердің өздерінің арасындағы және бүтінмен арасындағы байланысына мән беру керек, бұл байланыстарды біліп құра білген дұрыс;
  13. Естеу арқылы тез үйренетін адамдар тақырыпты біреулермен сөйлесе отырып немесе дауыстап оқып отырып қайталау керек;
  14. Қайталау кезінде жаңа мәліметті ұқсаса нәрселерге (сөз, сан, мағына, зат т.б.) байланыстыра отырып есте сақтаған жөн.

 

Дұрыс дайындалу үшін:

  • Сабақты жақсы оқитын сағаттарыңызда ең көп қиналатын сабаққа дайындалыңыз;
  • Алдымен қиынын меңгеріп, өзіңізді марапаттаңыз;
  • Математика сіз үшін қиын болып, қоғамтану бағытындағы пәндер оңай болса, бірінші кезекте математикаға көңіл бөл, қиынын меңгеріп алғаннан өзіңізді жеңіл сезініп, басқа сабақтарды оп-оңай-ақ үйреніп аласыз;
  • Бір-біріне ұқсас сабақтарды бір-бірінен кейін оқығанша, бір математика-жаратылыстану бағытындағы сабақтан кейін бір қоғамтану бағытындағы сабаққа өтіңіз. Бұл – мидың оқылған мәліметтерді оңай қабылдауына көмектеседі;
  • Күш-қуатыңызды, ерік-жігеріңізді қолдануды үйреніңіз, әйтпесе соңында үмітіңізден айырылып қаласыз;
  • Шаршамай тұрып үзіліс жасаңыз, сонда тыныға салысымен қайтадан сабақ оқуға кірісе аласыз;
  • Бірнеше сағат бойы бір сабақты оқығанша, бірнеше сабақты бір сағат ішінде бөліп-бөліп оқуға көңіл бөліңіз.

 

ТҮСІНУ ҚАБІЛЕТІН ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРУГЕ БОЛАДЫ?

Үйрену – түсіну деген сөз. Түсіну қабілетін жетілдіру үшін, тақырыпты мұқият оқу керек, меңгерілген мәліметтермен байланыстыру керек, ұқсату керек, үлгі-мысалдарға мән беру керек, оқылған тақырыптың негізгі ойын табу керек. Сондай-ақ мына мәселелерге тереңірек тоқталу керек:

Шолып шығу

Бір тақырыпты шолып шығу деп сол тақырып жайлы жалпылама мәлімет алуды айтады. Бұны сол тақырыптың атауына, тақырыпшаларына және мақсатына жалпылама түрде шолып шығу арқылы білуге болады.

Сұрақтар шығару

Әрбір тақырыпты біршама сұрақтарға жауап табу мақсатында оқу керек, сондықтан оқымай тұрып, шолып шыққан кездегі мәліметіне сүйене отырып, аталмыш тақырыптан жауап ізделінетін сұрақтар шығару керек. Өткен жылдардағы ҰБТ сұрақтары тақырыпты пысықтау мақсатында қолданылса болады. Бұл сұрақтар адамды барыша мұқият оқуға жұмылдырады.

Оқу

Тақырыпты оқитын кезде, ойды барынша сол тақырыпқа жұмылдыру керек. Оқығанын түсіне білу дұрыс әрі жылдам оқуға тікелей байланысты. Оқитын кезде «неліктен, қалай, қашан, кім» секілді сұрақтар оқыған адамның ойында қызығушылық оятады. Бөлшектен бүтінге қарай жүре отырып, тақырыптың әр бөлімінің негізгі ойын табу керек. Бір тақырыпты түсіну үшін, оны ең кемі екі рет оқып шыққан жөн. Бірінші оқығанда, тақырыптағы негізгі ойларды анықтау керек. Осы кезде кейбір сөздердің астын сызып қойған дұрыс немесе жазып алу керек. Екінші оқығанда, негізгі және жанама ойларды нақтылап белгілеу керек және маңызды жерлердің астын сызып қою керек.

Оқыған кезде, ойыңыздағы сұрақтардың жауабын тапқан болсаңыз, сол қатардың немесе абзацтың тұсына «№1 сұрақтың жауабы», «№2 сұраққа жауап» деп жазып қойған жөн. Сонымен қатар, өзіңіз ойлап тапқан шартты таңбаларды да қолдансаңыз болады. Мысалы, х (маңызды), хх ((өте маңызды), !!! (назар аудар), ? (түсінбедім), ?? (іздестіру керек).

Бұл ұсыныс көбіңізге босқа уақыт жоғалту секілді көрінуі мүмкін. Керісінше, сұрақтарға қатысты жауаптың жазылуы қайталау ісін барынша жеңілдетеді.

Еске түсіру және конспектілеу

Оқыған тақырыптарын бір мәрте қайталап шықпағандар үйренген білімінің жартысын кітапты жапқан соң-ақ ұмытып қалып жатады, сондықтан үйренген нәрселерді ұмытпау үшін үнемі қайталап тұруды дағдыға айналдыру керек.

Шолып шығу және еске түсіру жұмыстарын бөлім-бөлім түрінде іске асырыңыз. Әрбір абзацты оқығаннан кейін, біраз кідіріс жасап, үйренген нәрселеріңізді еске түсіруге тырысыңыз. Егер уақытыңыз тығыз болса, негізгі ойды еске түсірумен шектелуіңізге болады.

Оқыған жеріңізге қарамай-ақ еске түсіретін болсаңыз, ол бөлімді түсінгенсіз деген сөз. Кейде оқығаныңызды түсінген сияқты боласыз, дегенмен қысқаша конспект жаза қояйын десеңіз, ойыңызға бір сөйлем де түспейтін кездер болады.

Конспект жазу. Бұл мәселеде мән берілетін ең негізгі нәрсе: оқыған тақырыптың негізгі ойын таба білу және оқыған бөлімге қарамай, өз сөзімен қысқа әрі түсінікті етіп жаза білу.

Ең оңай конспектілеу тәсілі – абзац бойынша жазылған конспект. Екіншісі – бірнеше абзацты конспектілеу. Үшіншісі – бөлімдерді конспектілеп жазу.

Конспект жазарда, тақырыптағы жоспарды бұзбауға, мақсатынан ауытқымауға, негізгі ойы мен оны қуаттайтын жанама ойларды көрсетуге және түпнұсқадағы мағынасын сақтауға тырысу керек. Оқығанда да, жазғанда да тақырыптың негізгі жерлерін көрсету керек. Бұны жүзеге асырудың ең тиімді жолы – мәтіннің құрылысын көрсететін схема сызу.

Түсіну қабілетін күшейтетін қағидалар

  1. Меңгерілген мәліметтер адамның зейінінде бір топ «бөліктер» күйінде қалмау керек, бұлар дәрістің ерекшелігіне үйлесетін бір «қағидамен» байланыстырылу керек.
  2. Бұл қағидалар тек қана есте тұрған бір «қағида» болып қалмау керек, әрбір қағида өмірге қатысты бір тақырыпқа да байланыстырылу керек.
  3. Бір тақырыпты үйренгенде, болашақта сол тақырыптың пайдасы тиеді-ау деген мақсат болу керек, соған деген сенім болу керек. Әрбір меңгерілетін мәлімет «болашаққа» қатысты бір мақсатпен байланыстырылу керек.
  4. Меңгерілген тақырыптарды топ-топқа жіктпе, шашыраңқылықтан сақтану керек.
  5. Жаңадан меңгерілген сөз немесе пікір бұған дейін меңгерілген ұқсаса нәрселерге немесе антонимдеріне байланыстырылу керек.
  6. Әркімнің білім алуға қабілетті жағы болады.
  7. Бір тақырыпты меңгергенде, «бөлшек – бүтін – бөлшек» қатынасын қолдану керек.
  8. Білім алғанда, үйренгенде «белгілі бір аралықтағы қайталауларға» көңіл бөлу керек.
  9. Жатталатын қажетті сөздер, терминдер бір карточканың бір бетіне жазылу керек, екінші бетіне оның түсініктемесі жазылу керек.

Үйренген нәрсені еске түсіре білу – дағдылануды қажет ететін іс.

Қайталау

Бұл кезеңде оып үйренген нәрселеріңіздің дұрыс болып-болмағанын тексересіз, дұрыстарын пысықтайсыз.

Пысықтау мақсатында жасалатын бірінші іс – оқыған кітаптың немесе мәтіннің жалпы құрылысын зерттеу. Екіншісі – кітапқа немесе мәтінге қатысты дайындалған сұрақтарға жауап табылып-табылмағанын тексеру. Жауап берілмеген жаңа сұрақтар шығып жатса, оларға да жауап іздеп табыңыз. Үшіншісі – кітапты немесе мәтінді қайтадан оқып шығып, білмей қалған нәрселерінің бар-жоғын тексеру. (жалғасы бар)

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 686 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: