16:12
ҰБТ: озық тәжірибе, ортақ әдіс

ҚҰЛШЫНЫСТЫ АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР

  • Міндетті түрде жасалатын істерді орындаңыз да, қалаған нәрсеңізді өзіңізге марапат ретінде беріңіз: Егер үнемі жасалу керекті істерді жасасаңыз, міндетті түрде табысқа жетесіз. Алайда мұндай істерді жасау кезінде өзіңіз қалаған біршама нәрсені жасаудан бас тартқан боларсыз. Мұндай сабақ оқу үрдісі сізге ұнамауы мүмкін, себебі адам қалаған нәрсесін істесе, бақытты болады. Алайда тек қана қалаған нәрселеріңізді жасасаңыз да, жетістікке жете алмайсыз. Олай болса, істелетін ең жақсы нәрсе: алдымен жасауыңыз керекті істерді орындаңыз, содан кейін қалаған нәрселеріңізді жасаңыз. Мысалы, қатты көргіңіз келген бір фильм бар болса, өзіңіз белгілеген бір апталық межеге жеткен кезде, кинотеатрға барып, өзіңізді марапаттаңыз;
  • Бір істі үйреншікті іске айналдырғыңыз келсе, оны бірнеше апта бойы немесе қырық күн бойы үзбей орындаңыз. Жоспарлы түрде сабақ оқу, таңертең ерте тұру, кітап оқу т.с.с. әдетке айналуы қиын істер болуы мүмкін. Алайда қтналсаңыз да, төзімділікпен бұларды 20-30 мәрте қайталасаңыз, оның әдеттегі көп істің біріне айналып кеткенін көресіз. Тек мынаны да жақсылап есте сақтаңыз, жаман әдеттер де қайталана берсе, әдетке айналып кетеді. Жаман әдеттерді әу баста-ақ анықтап, үйреншікті іске айналмай тұрғанда, өміріңізден өшіріп тастаңыз;
  • Сезімдеріңіз арқылы әрекеттеріңізге бағыт бере аласыз. Өзіңізді рухтандыру үшін ұрандатыңыз. Үйіңізге, жұмыс бөлмеңізге өзіңізге ұнайтын, сізді рухтандыратын ұранды сөздер іліп қойыңыз. Міне, сондай ұранды сөздерге бірнеше үлгі:
  • Ерінбе, кейінге қалдырма, тайынба!
  • Мен істемесем, кім істейді?
  • Қазір жасамасам, онда қашан жасаймын?
  • Жұмысқа жұмыл, жеңіске ұмтыл!
  • «Шаруам бітті» дегеннің шаруасы бітеді...
  • «Бейнет түбі – зейнет», ендеше тынбай еңбек ет!
  • Өзіңізді керекті істерді істеуге мәжбүрлеңіз: «Жоспарымды жүзеге асырамын» деп, өзіңізге немесе біреулерге сөз беріп, бәстесіңіз. «Жүзеге асыра алмасам, оның орнына айып төлеймін» деп уәде берңіз.

САБАҚ КЕСТЕСІ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?

Сабақ кестесін дайындамасаң,

  1. өзіңе деген сеніміңді жоғалтасың;
  2. әрдайым бірдеңе жетіспей тұрғандай сезінесің;
  3. сабақтан да, демалыстан да рақат таба алмайсың;
  4. сабақта отырғанда ойың далада, ал демалғанда сабақта болады;
  5. өзіңнің, отбасыңның, айналаңдағылардың алдындағы міндетіңді орындамағаныңды ойлап, ар-ожданың азапқа түседі.

Сабақ оқуға деген ынтаны азайтатын басты себептердің бірі – нені оқу керектігін білмеу. Мектептен үйге келгенде, өз-өзіңізге «Ойпырым-ай, бүгін неге дайындалсам екен?!» - деп сұрайтын болсаңыз, қайсысынан бастарыңызды білмей, көп уақытыңызды жоғалтып аласыз.

Уақытты тиімді қолдану әрі сабақ оқуға деген ынтаны оятады, әрі жетістікке жеткізетін күш-жігерді өз мақсатында қолдануға мүмкіндік береді.

Уақытты тиімді қолдану адамдарға қарай өзгеріп отырады. Барлық адамға бірдей етіп сабақ оқу кестесін жасау – барынша қиын мәселе. Алайда уақытты пайдалы түрде өткізуге қатысты кейбір негізгі қағидалар бар және әркім осы қағидаларға сүйеніп, өзіне қолайлы әрі орындай алатын жоспар жасап алса болады.

Бұл қағидалар мыналар:

  • Қашан және қалай сабақ оқитыныңызды нақтылаңыз. Бірнеше тақырып алдыңыздан шыққанда, қайсысынан бастарыңызды білмесеңіз, сабағыңызды жоспарлай алмасаңыз, уақытты да, ынтаңызды да жоғалтасыз. Жоспарсыз жұмыстан нәтиже шықпайды;
  • Оқып бітірген әрбір тақырыбыңызға қанша уақыт кеткенін бір апта бойы тәжірибе үшін жазып қойып отырыңыз. Ұйқы, демалыс, сабақ, күнделікті істер, міне, осыларға кететін уақытты күн сайын анықтап отырыңыз;
  • Сабаққа кететін уақытты оқылатын тақырыптың түріне, қиындығына қарай реттеңіз;
  • Бір пәнді оқып болғаннан кейін, артынша соған ұқсас пәнді оқымаңыз;
  • Сізге қиындық туғызатын пәнді миыңыз сергек кезінде оқыңыз;
  • Апталық сабақ оқу кестесін өзіңізге қолайлы болғанға дейін ауыстырып отырыңыз;
  • Апталық сабақ оқу кестесін жасап болған соң, оны көрінетін жерге іліп қойыңыз;
  • Күнде өзіңізге сабақ оқитын уақыт бөліңіз. Жақсы нәрсені әдетке айналдыру қиын, ал жоғалту өте оңай;
  • Сабақ оқып біткеннен кейін, оның жұмыс кестесімен сәйкестігін тексеріңіз.
  • Ең маңыздысы, дайындаған жоспарыңызды мүмкіндігінше минут-минутына дейін, ештеңе қалдырмай орындауға тырысыңыз;
  • Сабақ оқитын жердің жинақы болуы да тыңғылықты сабақ оқуға ықпалын тигізеді. Отырған жеріңіздің ыстық-суығы, жарығы, тыныштығы ойыңызды бөлмейтіндей болу керек;
  • Сабақ оқуға белгілі бір орынды арнау керек, әрі сол жерде тек қана сабақ оқу керек;
  • Сабақ оқып отырғанда керек болатын құрал-жабдықтарды алдын-ала дайындап қойыңыз. Осылайша ойыңыз қайта-қайта бөлінбейді;
  • Сабақ оқып отырғанда, зерігіп кетсеңіз, орныңыздан тұрып кете салмаңыз. Өзіңізге бірнеше қағида қойыңыз (мысалы, «5 бет оқымай тұрмаймын» деген секілді);
  • Сабақ оқу кезінде өзіңізді марапаттап отырыңыз. Ынтаңыз азайып, шаршай бастасаңыз, өзіңізге «енді осыны оқып бітірсем, өзіме ұнаған бір нәрсені істеймін» деп сөз беріңіз («осыны бітірсем, шай ішемін» деген секілді);
  • Оқығандарыңызды өз сөзіңізбен қайталап шықсаңыз, көп уақытқа дейін есте қалады;
  • Қайталау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп тұрыңыз, күнделікті қайталауға арналған уақытыңыз болсын, өйткені үйренудің ең басты принципі – қайталау. Қайталанған мәліметтер көп уақытқа дейін ұмытылмайды.

ЖОСПАР ЖАСАУ

Сабақ оқудан жақсы нәтиже алу жоспар жасауға тікелей байланысты. Жоспар бойынша сабақ оқудың үш кезеңі бар:

  1. Жылдық жоспар;
  2. Айлық жоспар;
  3. Апталық жоспар.
  1. Жылдық жоспар.

Жылдық жоспар бір жыл ішінде нені, қашан бітіру керектігін көрсетеді, әрі айлық және апталық жоспардың негізін қалайды.

  • Жылдық жоспарда бір жылда әрбір пәннен қай тақырыптар оқылу керек және оларды қанша уақытта бітіру керек, міне, осылар көрсетілу керек;
  • Өзіңізге 12 айдың күндері көрініп тұратын қабырға күнтізбесін дайындаңыз;
  • Жыл ішіндегі демалыс күндеріңізді осы күнтізбеге белгілеңіз (мереке күндері, демалыс күндері, саяхат күндері);
  • Әрбір пән бойынша алдын-ала таңдап алынған тақырыптарды осы күнтізбеге орналастырыңыз;
  • Жоғарыда айтылғандарды қысқа әрі түсінікті сөздермен барлық пәндер бойынша қай тақырыпты қай айда бітіретініңізді күнтізбеге жазсаңыз, бір жыл бойы не істейтіңізді көресіз, әрі жоспарлы түрде сабақ оқитын боласыз.
  1. Айлық жоспар.

Айлық сабақ кестесінің құрылымы жылдық жоспардың құрылымына ұқсайды. Бұл кестені әр айдың басында жасап, сабақ оқитын бөлмеңізге көрінетін жерге іліп қойыңыз. Кестеге сол айда бітіретін тақырыптарды, тестілерді, кітаптарды апталарға бөліп жазыңыз. Яғни әр апта соңында бітуге тиіс істер көрсетілу керек.

  1. Апталық жоспар.

Жылдық және айлық жоспарыңызды жасасаңыз, көп жұмысты тындырасыз. Ендігі жасалатын тірлік – сол аптада бітуге тиіс тақырыптарды күндерге бөліп орналастыру ғана. Әзірлеген жоспарыңыз орындалу үшін, апталық жоспарды жасағанда кейбір тақырыптарға (ұзын-қысқалығына, жеңіл-күрделігіне т.с.с) көбірек мән беру керек.

Апталық жоспарды жасағанда, сабақ оқуға деге ынтаңызды ескере отырып, алғашқы апталы жоспарды жасауға біршама уақыт бөліңіз. Барлық әдет-дағдыларыңызды бірден еске түсіре алмауыңыз мүмкін, сондықтан бірнеше күн бойы өзіңізді бақылаңыз және қағазға жазып отырыңыз.

Қашан сабақ оқығанды ұнатасыз? Күндіз оқу керек пе, әлде түнде ме? Қайда және қандай ортада оқығанды қалайсыз? Жалғыз отырып оқығанды ұнатасыз ба, әлде достарыңызбен оқығанды ұнатасыз ба?

Осы және осыған ұқсаса сұрақтарға беретін жауабыңыз жоспар жасауда сізге көп көмек береді. Сабақ оқу дағдылары ескерілмей ескерілмей жасалған жоспар қағаз күйінде қалады, орындалуы қиынға соғады.

Апталық сабақ оқу кестесіне апта соңында міндетті түрде қарап шығу керек. Жеткіліксіз немесе тиімсіз жерлерін өзгертіп, келесі аптаға жасайтын жоспарыңызды толықтырыңыз.

Дайындалған жоспар бойынша жұмыс жүргізген оқушы үйдегі немесе мектептегі дайындық жұмыстарын жүйелі әрі тиімді түрде жүргізумен бірге, басқа жұмыстарына уақыт таба алады.

Апталық сабақ кестесін жасау үшін:

  • Аптадағы күндер, сағаттар көрінетіндей бір кесте дайындаңыз;
  • Апта ішінде сабақ оқи алмайтын уақыттарыңызды осы кестеге белгілеп көрсетіңіз;
  • Міндетті түрде орындалуы тиіс басқа шаруаларыңызды осы кестеге белгілеп, сабақ оқуға бөлінетін уақытты анықтаңыз;
  • Алдымен осы апта үшін таңдаған тақырыптарыңызды нақтылап белгілеңіз. Бұл тақырыптарға қанша уақыт кететінін анықтаңыз;
  • Жоспарлаған тақырыптарыңызды кестеге орналастырыңыз.

Дайындаған жоспарыңызды толыққанды жүзеге асыру үшін:

  • Атқарылатын істеріңіздің тізімін көрінетін жерге іліңіз;
  • Өмір алма-кезек өзгеріп отырады. Кез келген нәрсеге дайын болыңыз, әрі соған қарай жоспарыңызды үйлестіре біліңіз. Жоспарыңызда орын ауыстыру, алға жылжыту, кейінге қадыру секілді өзгерістер болуы мүмкін. Маңызды болғаны, сол күніңіз бос өтпесін;
  • Жоспарыңыздағы жасалып біткен істерді белгілеңіз. Бұл сізді құлшындырады. Апта соңында өзіңізге есеп беріңіз. Сөйтіп, өзіңізге сый немесе жаза беріңіз;
  • Сабақ оқу уақытын белгілегенде, тынығуға да уақыт бөліңіз. Жоспар бойынша әрекет еткен кезде, арасында өзіңізге сый ретінде үзіліс қойып отырыңыз;
  • Теледидардан (компьютерден т.с.с.) аулақ жүріңіз. Қарағыңыз келген қызықты бағдарламаларды алдын-ала белгілеңіз және оны бітірген ісіңізге берілген сый ретінде көріңіз;
  • Мүмкіндігінше, күнде белгілі бір уақытты тұрақты түрде сабақ оқуға бөліңіз. Осылайша сағат пен сабақ арасында бір байланыс құрған боласыз;
  • Жоспардан ауытқып кеткенде саспаңыз, абыржымаңыз, үмітсіздікке түсіп жоспарыңызды лақтырып тастамаңыз. Мұндай жағдайда қаншалықты кешіксеңіз де, жоспарыңызда сол уақытта не істеу керек болса, соны жалғастырып кете беріңіз. Біршама уақыттан кейін жұмыстарыңыз өз райына отыратын болады. (жалғасы бар)

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 829 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: