13:07
Білімдену белестері

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?!

Білім көкжиегінде жалпы орта білім курсын тәмамдайтын түлектер үшін осымен оныншы рет өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қашан да сырттай бағалау-бақылаудың маңызды өлшемі болып қалып отыр. Сондықтан да болар кез келген жалпы орта білім беру ісімен айналысып отырған мектеп осынау сын-сынаққа дайындық шараларын әуелден-ақ бастап, оқу жылы бойында ұдайы дайындық үстінде болады. Десек те, жеме-жемге келгенде нақты қорытынды болжамды түрде күтілетін нәтижеден алшақ жатады.

Аудандық білім бөлімі де ҰБТ әзірлігін жіті назарда ұстап қана қоймай, жан-жақты әдістемелік-нұсқаулық жұмыстарды кесте бойынша жүргізіп-ақ бағады. Пәндераралық семинар, шеберлік сыныптарын үзбей өткізеді. Тіпті мектепаралық өзара дайындық сынақтарын өткізудіде соңғы жылдарда сара жолға қойды. Алайда өзге аудандардан озғанымыз шамалы. Асығымызды алшысынан түсіруге қайтпек керек?! Өр ақын Махамбетше айтсақ «кәтепті нар керек, біздің бүйткен бұл іске». Өрлер жол, ерлер амал қайда?

«Алтын белгі» һәм оның ая-айналасы да шырмауықтай шырмалуда соңғы кезде. Оқу жылы басынан бастап соңына дейін білім-ілімімен бірегейленетін осынау мектеп түлектері жатпай-тұрмай әм егжей-тегжейлі әзірлік үдерісін басынан кешірсе, мектеп әкімшілігі аудандық білім бөліміне нақты нәтиже ойлағандай-ойдағыдай болады деп сендірумен сергелдеңеді. Дайындық барысында талапты ұпай-бағалық деңгей көңілден шығады, арагідік бір-екі пәннен төмендеу қылаң беріп қалады. Бұл бағытта шұғыл түзету шаралары жүзеге асырылады. Тіпті қайсыбірі аймақ орталығындағы лицей, гимназияларға жібертіп, сондағы мықты деген пән мұғалімдеріне дайындатады үкі тағып үміт артқан болашақ алтынбелгілерді.

Абырой болғанда, биылғы екі үміткердің біреуі апелляциялық комиссияға арызданып жүріп, талапқа жетпей қалған бір ұпайды дәлелдеп жүріп еншілеп, «Алтын белгіні» омыраулады. Дегенмен ел бойынша бұл атаққа өтініш бергендердің басым бөлігі дәлелдей алмай, дал болғаны жасырын емес. Демек психологиялық тұрғыдан бұған қаншалықты дайын екенін бірнеше қайтара ой-сана елегінен өткізіп, өз-өзіне деген сенімді сапалы білім деңгейінде мықтау абзал.

Кезекті ҰБТ сынағынан соң жүргізілетін сараптама-саралау көрсетіп отырғандай, түлектер омақаса құлайтын пәндердің «көшбасын» математика алады екен. Қазақстан тарихынан да қорытынды көңілден шыға бермейді. Басқа да жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден қиыншылықтар төбе көрсетеді. Ұпай қорын еселеуге септігін тигізетін пәндердің қаратына қазақ тілін, орыс тілін қосуға әбден болады екен.

ҰБТ сынағынан шыққан бетте түлектерді қысқа да нұсқа әңгімеге тартып, күй-жайды сұрастырғанда, олардың аузынан шығатын жауаптардың ішінде көбіне-көп кездеспейтін сұрақ-тапсырмалар болды я ондай тесттерді әзірлік кезінде орындамап едік іспеттестер орын алады. Сонда дейміз-ау жыл бойы жүргізілген дайындық жұмыстардың зая кеткені ме.

Мектепте болған әзірліктерде, аймақ-аудан орталықтарында өткізілген дайындық сынақтарында оп-оңды көрсеткіштер берген мектеп түлектері ресми тестілеуде құлдилай-құлдырай төмендегені несі. Ақиқатында, соңғы жылдарда ҰБТ-ны өткізу қатты бақылау-қадағалануда. Замана талабына сай түлектерді кіре берісте жіті тексеретін құрал-құрылғылар қызметі де мінсіз. Тест тапсыратын түлектер психологиялық тұрғыдан бұндай қосымша сынға төтеп бере алмай, абыржу-сасқалақтауға ұшырап, өзіне деген сенімділіктің тепе-теңдігін жоғалтып алады.

Жаңа білім стандарты бойынша математиканы оқытуға деген сағаттар саны едәуір артылып отыр. Демек қисыны қиын осынау пәннің сапасы қайткен күнде арта түседі деген сенім үміттендіреді. Сонымен бірге ҰБТ-ға кешенді дайындықтың жүйесін сапаландырса.

ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 840 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: