10:01
Бата. Тілек. Өсиет.

БАТА-ТІЛЕКТЕР

Халық бата-тілегі

Ет – сізден,

Ықылас, ниет бізден.

Тілеуі ақты Тәңірім

Мұратына жеткізген.

Жақсы-жаманды көріп бақ.

Бар мен жоққа көніп бақ.

Ащы-тұщыны татып көр,

Тайыз-тереңді батып көр!

Ел басына түскен сынды,

Түз кешіп, түн қатып көр.

Жиынды топқа түскенде,

Жүйрігің баптаулы болсын,

Жігітің мақтаулы болсын.

Жортуыл, жорық жолықса,

Найзаң саптаулы болсын.

Нөкерің сақтаулы болсын.

Дастарқаның тоқ болсын,

Уайым-қайғы жоқ болсын.

Аман сақтап,

Абырой берсін!

Жорытқанда жолың болсын!

Тәңірі жарылқасын,

Кімді жарылқаса,

Соның жағында қалсын!

Жаманның алдында қалсын!

Жорытқанда жолың болсын,

Адассаң, Алла жолға салып жүрсін,

Сүріндіртпей алып жүрсін,

Мың сан бәле,

Қауіп-қатерден қағып жүрсін!

Уа, Жаратқан – Құдірет!

Мал-жандарын аман ет,

Басына юер зор бақыт.

Асына бер берекет,

Ғұмыр-жасын ұзақ ет.

Ұрпақтарын асыл ет,

Кәсібін адал кәсіп ет,

Бәле-жаладан аулық қып,

Таттырма еш қасірет,

Дүниенің бар жақсылығын

Дәл осы отауға нәсіп ет!

Бізге тартқан басыңыз,

Дәмді екен асыңыз.

Ұрпақтар боп өзгеше,

Сыйлы болсын басыңыз!

Домаласын, өрге тасыңыз,

Иманды болып қасыңыз.

Көре алмушы, кертартпа

Құм қапсын дұшпан-қасыңыз,

Жүзге жетсін жасыңыз,

Елге сыйлы қарт болып,

Жаннатқа қадам басыңыз!

Құйған қызыл шайыңыз,

Балдай тәтті майыңыз,

Еселі боп еңбегің,

Иманды боп байыңыз!

Дәулетіңді тастырсын,

Сәулетіңді асырсын,

Ақсақалың келгенде

Ақ дастарқан жайылып,

Адал ас пен бас тұрсын!

Тіл мен көзден аман боп,

Түлеп ұшсын жас қыршын –

Байсалды туған балаңды

Байтағына бас қылсын!

Адалдан жиған малыңды

Алты атаңа ас қылсын!

Жақсыменен дос қылсын,

Жаманменен қас қылсын,

Иманыңды рас қылсын!

Қарауды қара тас қылсын,

Сараңның көңілін пәс қылсын!

Бұл үйге қастық қылғанды

Тәңірім қара бастырсын!

Әумин!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 25 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: