08:47
Бата. Тілек. Өсиет.

БАТА-ТІЛЕКТЕР

Халық бата-тілегі

Асың, асың, асыңа,

Береке берсін басыңа!

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа!

Сенен байлық өтпесін,

Тәңірі берген берекең

Тепкілесе кетпесін.

Еліңнің екі шетіне,

Тай шаптырса жетпесін!

Кешке келіп жамырасқан,

Шуылдасып маңырасқан,

Қошақанның анасы,

Саулық бассын үйіңді!

Бақайлары сыртылдап,

Мүйіздері жылтылдап,

Бұзаулардың анасы

Сиыр бассын үйіңді!

Шудаларын шаң басқан,

Артқы өркешін қом басқан,

Ботақанның анасы

Інген бассын үйіңді!

Шіңгір-шіңгір кісінескен,

Сүйістікпен иіскескен,

Құлыншақтың анасы

Бие бассын үйіңді!

Берейін бата асыңа,

Амандық берсін басыңа.

Бөденедей жорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа,

Бар екем деп тасыма,

Жоқ екем деп жасыма.

Еңбек етсең ерінбей,

Дәулет келер қасыңа.

Көре алмаған дұшпанның,

Жуа бітсін жолына.

Бақытың жетсін төтелеп,

Дүние малды жетелеп,

Аузыма түскен батаның

Жатырмын бәрін түгендеп!

Көтердік міне білекті,

Ақтардым түгел тілекті,

Мынау тұрған балаңыз,

Батыр болсын жүректі!

Әумин!

 

* * *

 

Әумин десең маған,

Құдай берсін саған.

Алтыннан – жағаң,

Күмістен – тағаң.

Оң жағыңнан кетпесін

Күрпілдек қара сабаң.

Жортсаң жолың болсын,

Жолдасың Қыдыр болсын.

Тілеуің қабыл,

Мұратың асыл болсын.

Ішкенің қымыз,

Жегенің сырбаз,

Кигенің түлкі болсын,

Жүрген жерің ойын-күлкі болсын»

Қозыға толсын көгенің,

Тұлпар болсын көгенің.

Құтты болсын құрығың,

Сүтті болсын құдығың.

Қияқты болсын сұңқарың,

Тұяқты болсын тұлпарың.

Өрісті болсын жайлауың,

Ырысты болсын қыстауың.

Арыстандай болсын айбатың,

Аюдай болсын қайратың.

Гүлге толсын өңірің,

Көңілді өтсін өмірің.

Асқа толсын табағың,

Ашық болсын қабағың.

Шайың қызыл болсын,

Ғұмырың ұзын болсын.

Несібең таса берсін,

Дұшпаның қаша берсін,

Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!

Әумин!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 29 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: