13:37
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

АҒАШТАР ЖАЙЛЫ МИФТЕР

Ормандар мен бақтарда, кейбір ағаштардың қуыстарында ағаш киелері тіршілік етеді. Олар көзге көрінбейді, маңайыңда жүргенін аңғару қиын. Бірақ сондай киесі бар ағаштар әрқашан күшті де өнікті, діңдері сымбатты әрі мәуелері тәтті болады. Мұндай ағаштың бақта өсіптұрғаны тіпті жақсы. Бақтың иесі, яғни киесі мекен еткен ағашты байқаусызда немесе әдейі шауып тастағанға дейін одан ешбір залал жоқ. Ал сол ағашты шауып тастаған бейбақтың басына бұлт үйіріліп, әділ жаза тартып, дәулетінен айрылады, ауырып, қазаға ұрауы да бек мүмкін.

 

ҚАРАҒАЙ мен СЕКСЕУІЛ

Тым ерте заманда Қарағай да, Сексеуіл де ойпатта, жасыл алқапта өседі екен. Бұлар қонысқа таласып, «Әрі отыр, бері отыр!» деп жақ-жақ болып, бір-біріне күн бермепті. Ең соңында тіпті сойылдасып соғысыпты.

Сексеуіл мерген болса керек, өзінің жебелерін Қарағайға жаудырыпты. Қарағайдың өн бойын түйреген инелер сексеуілдің атқан оқтары екен.

Қарағай найзагер болыпты. Сексеуілдің тұла бойының кедір-бұдырлығы Қарағайдың найзасынан қалған тыртықтардың орны көрінеді.

Оларды арашалау ешкімнің қолынан келмепті. Сонда Тал мен Терек өзара ақылдасыпты да, бұлар соғысып жатқан майдан алаңына сел қаптатып жіберіпті.

Сексеуіл селден қашып шөлге кетіпті, Қарағай судан қашып тауға безіпті. Содан бері Қарағай Сексеуіл келіп қалмасын деп, тау басында тұрып қарауыл қарайды екен. Ал Қарағайдан қорыққан Сексеуіл құм-шөлге бұғып, сояуын кезейтін көрінеді.

Қонысқа сыйыспай соғысқан екі мықтының бірі, сөйтіп, үркіп тауға шығып, бірі ығып шөлге бұққан соң, суы мол, топырағы құнарлы кең өңірді Тал мен Терек емін-еркін жайлап қалған екен.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 118 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: