19:27
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ЖҰЛДЫЗДАР мен ШОҚЖҰЛДЫЗДАР ЖАЙЛЫ МИФТЕР

Өзінің ұлан-байтақ кеңлігі жағынан сайын дала аспанға теңеседі.

Көшпелілер Құдайы – Тәңір мекендейтін көк аспан жұлдыз әлемдерге толы. Ежелгі түркілердің VII-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазуларының: Жоғарыда көк аспан, Төменде қара жер жаралды... – деп екі тармақ өлеңмен басталуы да тегін емес.

 

ЖҰЛДЫЗДЫ АСПАН

Дала – үйлесімді әрі ақылға сыймайтын, математикалық асқан дәлдікпен қиюласқан, жаратылыстың Аспан атты сәулеттік кереметі тиянақ тапқан ұлы негіз, іргетас. Көшпелі қазақтың ойлау жүйесіндегі ғарыштық ойлау жүйесіндегі ғарыштық сипаттар, дүниетанымының кеңдігі, дарқан жанды ақ пейілділігі оның сақарадағы өмір салтынан, кеңістік пен уақыттағы толассыз көшіп-қонуларынан тамыр тартқан. Көшпелінің санасында Аспан мен Жер-Дала – өзара тең ұғымдар.

Аспанды құдірет иесіне айналдыру мұраты ертедегі адамның, жалпы, жоғарғы жалғыз Құдай – Көк Тәңірі туралы алғашқы таным-түсініктерінің негізіне алынды.

Тәңіршілдік қазіргі кезе дейін жетіп, қазақтардың арасында жасырын әрі соншалықты қарапайым түрде көрініс тапқан. Айталық, оның белгі-сипаттарын күнделікті қолдана отырып, тереңінен келгендігі жайында, тіпті, ойланбаймыз да.

Біздің «Тәңір жарылқасын!» дегеніміз «Көк жарылқасын!», яғни «Құдай жарылқасын!» деп айтқанымыз. Бұл тілектің ең қысқа түрі – «Сақта құдай!», орысшасы «Спаси тебя бог!». Ол «Спасибо!» болып түрленген. Сондай-ақ Тәңірберген, осы тәріздес Құдайберген, Аллаберген, Жасағанберген немесе орысша және болгарша баламалары – Богдан, Федор, немісше – Теодор деген есімдер құдайға деген сенімді білдіреді.

Арғы түркілердің Тәңірі, парсылардың Құдайы, арабтардың Алласы әртүрлі тілдерде қолданылғанымен, бір ғана мағына береді. Қазақтар табиғи алғырлығынан «Тәңір жарылқасын! Құдай сақтасын! Алла-Тағала байлық-береке, денсаулық берсін!» деп солардың үшеуін қатар пайдаланады. Осындағы әрбір жағдайда Көк Құдайы – Тәңір мегзеледі. Мұсылмандықты қабыл алған соң да қазақтар өз тамыр-тектерін, өздерінің басты діні болған тәңіршілдікті ұмытпады.

Қазақта аспан деген сөз бар. Оның шумерлерден шыққаны анық. Себебі шумерлерде аспан – ан, ал жер – қи делінеді. Осы қи қазақтарда топырақ, балшық, батпақ, көңді білдіреді. Шумерлер ғарышты нақ солай Анқи деп атаған. Аспа (Асу, Асып) – жоғары, ілулі тұрған, салбыраған дегенді ұқтыратын қазақ сөзі. Ендеше, аспан – аспалы көк деген сөз.

Оңтүстік Қазақстанда аңыз бойынша Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған атақты Қазығұрт тауының маңында Анқи деп аталатын шың бар...

Тәңірдің тұрағы – Аспан жұлдыздар мен планеталарға толтырылғандықтан, соған сәйкес, әрбір аспан нысанының, жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың өз құдайлары болды.

Ерте замандардағы кез келген басқа халық сияқты, ежелгі түркілер де түнгі жұлдызды аспанның сырын ұғып, зерделеуге тырысқан.

Жұлдыздарға, жұлдыздар шоғыры – шоқжұлдыздарға жалпыға бірдей түсінікті, мәнді атаулар берген, содан кейін осы атауларды мифке енгізген. Әрбір түн сайын тамашалауға болатын Құс жолы ежелгі түркілерде уақыт өте келе оп-оңай Көш жолы болып өзгерген.

Шумерлер мен бабылдықтар (вавилондықтар) Құс жолын «Алтын бау» дейді. Кейінірек монғол халықтары мен ежелгі түркілер осы атауды қабылдап, Құс жолын Аспан тігісі деп атады. Хакастар түнгі аспанға ақ жібек, сахалар – Көк арқаны деген ат қойды.

Қазақ мифтері мен ертегі-аңыздарында кездесетін белгілі шоқжұлдыз Жетіқарақшы немесе Аспан қаығы деп аталады. Оның үстіне осы Жетіқарақшының әрқайсысы өзінің арғымағымен темір қазыққа байланған. Қазақтар ерекше түйсікпен Темірқазық деп атаған осы жарық жұлдызды аспан әлеміндегі басқа жұлдыздар мен шоқжұлдыздар айналып жүреді.

Әрбір ірі аспан нысанының қазақы баламасы бар. Бұл Темірқазық пен Аспан Қайығы ғана емес, сонымен қатар Үркер, Қызылжұлдыз (Марс), Шолпан, Босаға, Үш арқар таразы, Қамбар, Қарақұрт, Сүмбіле және басқалары.

Көшпелі малшы мен аңшының тұрмысынан алынып, жұлдызды картаны безендірген шоқжұлдыздар мен жұлдыздардың атаулары олардың сақаралық шығу тегін басқа кез келген құжаттан артығырақ нақтылайды: айталық, Қоян, Арыстан, Қасқыр, Аққу, Ат, Үлкен және Кіші төбеттер, Қошқар, Торпақ, Ешкімүйіз, Мерген, Тұлпар.

Түркияның қазіргі жұлдыздар жайлы кітаптарында Пегас – Тұлпар шоқжұлдызын Ай жұлдызы деп атайды. Жарқыраған үш жұлдызбен ерекшеленетін Орион – Аңшы шоқжұлдызының қазақша Үш арқар таразы деген нақпа-нақ атауы бар.

Аспан – адамдардың жердегі қарекеттерінің көрінісі болғандықтан, жұлдыздардың, планеталар мен шоқжұлдыздардың атауларында біздің ата-бабаларымыздың өмір-тіршілігіндегі аса маңызды оқиғалар бейнеленеді. Аспан көш жолындағы ұшы-қиырсыз дала атыраптарында тек бағдар ғана емес, куә әрі әділ қазы, жәрдемші әрі желеп-жебеуші ретінде де өмірлік маңызға ие болды.

Жер иеленушілер аспаннан өзінің тауқыметті еңбегі мен тұрмысының кескінін, көшпелілер – ат жолы, атанның қомындағы мехнатты тіршілігінің кейіптемесін көрді. Адамдар аспанға өз өмірінің аса маңызды ақиқаттарын көшіріп, сол арқылы өз тарихын халық жадында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аяулы сәлем хатындай жолдады.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 158 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: