10:39
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ЖАНАЛҒЫШ ӘЗІРЕЙІЛ

Ерте кезде адам жанын алатын жаналғыш Әзірейіл көзге көрініп келіп, жан алады екен.

Бірде байдың баласы жолда келе жатса, алдынан қолында асатаяғы бар ақсақалды қария ұшырасады.

Бала сәлем беріп, жөн сұрайды: «Ата, кім боласыз? Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл деуші еді әкем. Жөн сұрасқанның айыбы жоқ шығар», - дейді.

Қария: «Қалқам-ау, қайтесің менің кім екенімді, сен білмей-ақ қой, мен айтпай-ақ қояйын. Сенің білмегенің өзіңе жақсы болады», - деген екен.

Сонда әлгі бала жанын қоймай сұрай берген соң амалсыздан қария: «Е-е, қалқам-ай, болмадың ғой, ендеше айтайын, мен – ажал әкелуші Әзірейілмін, адамдардың ғұмыры мен жанын аламын», - депті де, бұрылып жөніне жөнеле беріпті.

Бала бастапқыда қатты қорқып, сасқалақтап қалады. Біраздан кейін өз-өзіне келіп: «Қой, не болса да жөнін білдім ғой, енді менің жанымды қашан алатынын сұрап алайын», - деген шешімге бел буады.

Ол қарияны қуып жетіп, қайта тоқтатады да, осы сұрағын қояды.

«Әй, қарағым-ай, сенің жаныңды алу маған қиынырақ соғып тұр. Әкең саған ақыл десе, ақылы, көрік десе, көркі бар бір қызға құда түскен екен. Сол қызды алып, отыз күн ойын, қырық күн тойың өткеннен кейін, қалыңдығың екеуің оң жаққа жатқан түні, таң алдында жаныңды аламын», - деп жүріп кетіпті.

Сонымен, баланың көңілі қатты бұзылып, елге қайтады. Алайда бұл кездесу жайында ол ешкімге ештеңе деп тіс жармайды. Сары уайымға салынып, күннен күнге солып, жүдей басатйды. Не керек, күндердің күнінде әкесі айттырған қалыңдығын алып беріп, дүрілдетіп отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді.

Бірде қалыңдығы күйеуінің жүдеп жүргенін байқап: «Саған не болды, бір жерің ауыра ма, әлде мені ұнатпайсың ба?» - деп сұрайды.

Сонда күйеуі құпиясын онан әрі ішінде сақтай алмай, жұбайына бір кездегі қарияның айтқанын баяндай келіп: «Қош бол, бүгін таң алдында менің жанымды алады», - дейді қатты қайғылана.

Күйеуінің жағдайын түсінген келіншек таза ниетпен ақ жамылып, Құдайдан тілеу тілеп, көз ілмей таңды атырады. Сол кезде асатаяғын асынып, есіктен Жаналғыш та кіріп келеді.

Қыз оның аяғына жығылып, жалын бастайды.

«Екі жасты айырғанның обалы бар, екі жасты қосқанның сауабы бар деуші еді ғой. Уа, құдіретті, мейірімді Тәңірім, бізді айыра көрме, аяй көр», - деп жылап, зар еңірейді.

Сонда Жаналғыш Әзірейіл жаңа қосылған екі жасты аяп, райынан қайтыпты.

«Тәңірдің рақымы жауды сендерге, бақытты болыңдар, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар», - деп өз батасын беріпті.

...Міне, содан бері Құдіретті Жаратушы ие Әзірейілге өзінің пендесінің жанын көрінбей келіп алуға әмір беріпті.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 187 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: