12:06
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ЕР ТАРҒЫН-НАМА ЕСІМДІ АЛҒАШҚЫ АДАМ, ОНЫҢ ӘЙЕЛІ ЖӘНЕ ЖЫЛАННЫҢ ҚАРҒЫС АЛУЫ

Ешкімнің жанын әкете алмағанына ызаланған Еркілік сайтан еліне аттанды. Қайтып келсе, өз қауымының саны не көбеймепті, не кемімепті. Ол Үлкен Тәңірге бұрынғысынан да қатты өшігіп, оның әлеміне қайта айналып соқты. Сосын әрбір ағаш пен жемісті өсімдікке нақ сондағыдай жеміс пен жидекті қоса өсіріп, «Кімде-кім менің жидектерімді жесе, ол мені жегені, мен жидектер арқылы адамдардың ішіне кіремін» деп дуа сөздерін айтты. Оған қоса, Еркілік сайтан жаңадан жемісті ағаш өсіріп, оны да «Менің ағашымнан қанша адам жеміс жесе, соның бәрі менікі болсын» деп дуалап қойды.

Үш жылдан кейін өзі жаратқан адамдарының хал-жайын білуге оралған Майтөре мұндағы ағаштарға Еркіліктің зиян жасағанын және оған қоса басқа ағаш отырғызғанын көрді. Ол итін шақырды. Бірақ иті оны тыңдамады. Енді майтөре әмірші қаһарланып, ит күтушілеріне өзі барды. Сол кезде барлық ит күтушілер иттерімен бірге дереу жүгіріп келді. Майтөре оларға барлық ағаштардан жеміс кейпіне еніп мәуелеген Еркіліктің малайларын қуып шығуға әмір етті. Өзі Еркілік сайтан отырғызған ағашты тамырымен қоса жұлып алып, барлығын күн сәулесі жетпейтін, ай жарығы түспейтін алыстағы екі теңіздің арасындағы қаратүнек қапасқа айдап жіберді.

Ал бұған дейін Майтөре Жыланға өзінің сиясауытын күзетуге әмір еткен болатын. Жылан сауытты денесіме жауып, ішіндегі сиясын қоруы тиіс еді. Еркілікті малайларн қуып шығып, кейін қайтқан Майтөре бұрынғысынша сиясауытты басып жатқанына көзін жеткізді. Бірақ ішіне үңіліп қараса, сауыт бос екен: біреу сияны түк қалдырмай ұрлап әкетіпті.

Майтөре Жыланнан:

  • Сен сияны кімге бердің? – деп сұрады.
  • Сияны сен бұйырды деп Ер Тарғын-Наманың әйелі алды, - деп ол жайбарақат жауап берді.

Майтөре дереу Ер Тарғын-Наманың әйелін алдына келтіруге жарлық берді. Одан «Сен сияны алдың ба, неге алдың?» деп сұрады.

  • Күйеуім сенің бұйрығың бойынша алып кел деп әмір етті. Мен барып сияны алдым да, оған әкеліп бердім, - деп жауап берді ол.

Майтөре енді Ер Тарғын-Намадан «Осы рас па?» деп сұрады.

Сонда ол:

  • Жоқ, әйелім маған өзі әкеліп берді, - деді.

Осылайша, әйелі мен күйеуі кінәні бір-біріне аударды.

Сөйтсе, Ер Тарғынның әйелі Еркілік өсірген ағаштың жемісін жеген екен. Жидекпен бірге оның ішіне жын-шайтан кіріп алған да, күйеуінің кейпіне еніп оған сия әкеліп бер деп әмір еткен. Сол кезден бері әлгі ағаш ұрғашы ағаш – Әйел ағашы немесе Әйел жидегі деп аталып кетіпті.

Майтөре Жыланның нашар қызметіне күйініп, оған «Осы кезден бастап сұрыңа қарауға көздің өзі қиналарлықтай жексұрын әрі жиіркенішті боласың. Басыңды қарға шоқысын, денеңді лашын іліп алып, асап жесін, ит қидалап қаққа бөліп, сүйреткіге салып соққыласын! Адаммен ұшыраса қалсаң, ол сені басыңнан ұрып мылжалап, теріңді сыпырып алсын, сонда жалаңаш денең ирелеңдеп, күнге шыжып, кеуіп жататын бол!» деген қарғыс айтты.

Содан соң Майтөре Ер Тарғын-Намаға қарап: «Сенің барлық ісің кері кетсін, өкпе-бауырың құрт ауруына шалдықсың, сенен өрбіген ұрпақ ұры-қары, өтірікші, қаскүнем болсын! Тәңір сендерге еш рақымшылық жасамасын, айыпкер деп қаарсын, ауру-сырқаудан сау мүшең болмасын, көзің су қараңғы соқыр болсын! Ішсең тамаққа жарыма, кисең киімге жарыма!» дегенді айтты. Ал ер Тарғын-Наманың әйелін: «Бала тапқан кезде асқынған үш аурудың қыспағында қал: бауырыңды құрт жесін, өкпең мен жүрегіңді жөтел қыссын, егер ішек-қарның жарылса, онда өл, өлмесең өміре қап, балаңды тап! Барлық аурудан бала табу асқан азап болсын!» - деп қарғады.

Айып арқалаған Ер Тарғын-Нама мен оның әйеліне қарғыс жаудырған Майтөре оларды Тәңірдің Арун-Сюдундағы (Пейіш Бағы) сән-салтанатты Алтын сарайынан қуып шықты. Өзі Алтын Таудағы Үлкен Тәңірге кетті.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 297 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: