12:28
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ИТТІҢ ХИКАЯСЫ ЖӘНЕ ЕРКІЛІКТІҢ ӘЙЕЛДІ ЖАРАТУЫ

Сегіз адам мен сегіз ағашты жаратқан соң Үлкен Тәңір шаруаларымен сапарлап жүріп, өзі жаратқан жандарына жеті жыл бойы қатыспай кетеді. Жеті жылдан кейін қайтып оралғанда ол сегіз адамның баяғы қалпында қалғанын, оларға жаңадан ешкім қосылмағанын көреді. Тек сегіз ағашқа ғана бір-бір бұтақ өсіпті. Сонда бұған қатты таңданған Үлкен Тәңір:

  • Неге бұлай? Ағаштар өсіп-өніп жатыр, ал адамдар неге көбеймеген? – деп сұрайды.
  • Бұған Алтын таудың төбесінде тұрған сегізінші адам басын көтеріп:
  • Үлкен Тәңір, қалай көбеймекпіз? Бізге өсіп-өнудің жолын көрсетпедің ғой, - деп жауап береді.

Үлкен Тәңір:

  • Сені жаратқан кезде мен саған «Сен ұғып ал, жақсы болсын, жаман болсын, жаратқанымның бәрінің қожасы сен боласың. Кімнің аштан өлетіні, кімнің ауру, кімнің сау болатыны өзіңнің билігіңде. Осының бәрін білетін бол!» деп айтып едім ғой. Қазір жетеуіне бар, ал мен саған үш күннен кейін келемін, - дейді.

Үлкеннің әмірінен соң сегізінші адам Алтын таудан түсіп, қалған жетеуіне келеді. Сонда оған бір ой сап ете қалады:

  • Маған ғой Үлкен Тәңір «Сен ұғып ал, жақсы болсын, жаман болсын, жарақанымның бәрінің қожасы сен боласың. Кімнің аштан өлетіні, кімнің ауру, кімнің сау болатыны өзіңнің билігіңде. Осының бәрін білетін бол!» деген болатын. Иә, енді мен не істеу керек екенін түсіндім!

Осыдан соң ол дереу іске кірісті. Үлкен Тәңірдің еркек кіндіктерді жаратқаны сияқты әйелді жарата бастады. Сүйектерін қамыстан жасап, денесін балшықтан мүсіндеді. Бірақ осының бәрінің басын құрап, біріктірейін десе, жамап-жасқалған дене саудырап шашылып қала берді. Сонда ол сиқырлы шөпті жұлып алып, қолымен уқалап, алақанына салды да, үрлеп жіберді. Әлгі шөп әп-сәтте жылан бола қалды. Адам сол жыланмен өзі жаратқан мақлұхаттың денесін айналдыра орап байлап тастайды. Осы кезде қасына аузына хат тістеген бір ит келеді. Оны Үлкен Тәңір жіберген екен. Сегізінші адам хатты алып «Сенің атың Майтөре болсын. Менің жаратқандарымның барлығына әміріңді жүргіз» деген сөздерді оқиды.

Үшінші күні Үлкен Тәңір өзі Майтөре деп ат қойған сегізінші адамға бармақ болып жолға шыты. Бұл уақытта Майтөре де өзінің жансыз туындысын күзетуді әлгі итке тапсырып, оны мүсіннің қасына қалдырып, Құдайды қарсы алмаққа, оған ықылас-ізетін білдірмекке асығып келе жатқан еді.

Жауыз сайтан Еркілік осы жаңсақтықты күтіп тұрған. Майтөре кетісімен ол әлі аяқталмаған туындыға келді де, жеті күйлі кернеймен оның мұрнына үрледі, сосын тоғыз тілді темір аспаппен күй тартып тұрып, қос құлағына үрледі. Сөйтіп, әйел жынысты адамның денесіне жан мен ақыл енгізді. Бірақ әлгі жан иесі өз бойына ақыл-ой мен тіршілік өуатын зұлымдық сайтаны Еркілік үрлегендіктен, көңілдегідей болмады. Оның жаны құдды жыландай ысылдаған ызақор, мінезі алуан күйлі тұрақсыз, ақылы тоғыз тарапқа тартқан толымсыз болып шықты.

Оның үстіне, денесінен жағымсыз иіс шығады.

Бұл жайдан бейхабар Майтөре Үлкен Тәңірді қарсы алып оған:

  • Сен маған «ұғып ал, жақсы болсын, жаман болсын, жаратқанымның бәрінің қожасы өзің боласың» деп айтқансың. Мен соған үміттеніп, әйел аадмды жараттым. Бірақ оның әлі жаны жоқ. Енді ары қарай жаратуымды жалғастырайын ба, әлде жоқ па деп өзіңнен сұрауға келдім, - деді.

Үлкен Тәңір бір жамандықты сезіп, «Бар тезірек, кейін жүгір!» деп жауап қатты.

Майтөре қайтып оралғанда өзі жасаған мүсінге жан біткенін көрді. Күзетке қойған итіне назаланып:

  • Сен Еркілікті неге жолаттың? Оның алдауына қалай түсіп жүрсің? – деп ұрысты.

Ит оған былай деп жауап қайтарды:

  • Еркілік маған «Жазда ылғал мен ыстықтан құрысып-тырысып кеуіп қалмайтын, қыста суықтан тоңдырмайтын тон беремін, ешқашан тозбайтын тағалы аяқ киім беремін, ашықсаң – өлтірмейтін, тоя жесең – семіртпейтін дәмді азық беремін» деп уәде берді.

Майтөре иттің мынадай ақымақ сөзіне онан әрі ыза болып:

  • Саған Еркілік уәде еткен тон – өзіңнің теріңе өсетін жүн, тағалы аяқ киім дегені – аяқтарыңда тырнақтарың болады, дәмді тамағың – ашыққанда қуанып көрісетін қалған-құтқан, сүйек-саяқ, - деді.

Сонда Майтөре итті «Жейтінің сүйек-мүйек, өлексе болсын, адамның тамағы көзіңнен бұл-бұл ұшсын, қазірден бастап адаммен тұрушы болма, ылғи үйдің сыртында жүріп, есіктің алдын қарауылда. Адам сені ұрып-соқсын, ал сенің оны қалдырып кетуге жүрегің дауаламасын. Егер оның алдында айыпты болсаң, ажалың қыл тұзақтан келсін!» деп қарғады.

Майтөренің айтқаны айдай келді. Бұрын ит адаммен бірге тұрып, тамақты бірге ішетін, тырнақтары да, жүні де болмаған, адамның тілін түсінетін және адамға ой-сезімін өзі-ақ анық жеткізе алушы еді.

Осыдан соң Майтөре Үлкен Тәңір жаратқан жеті еркекті шақырып алып, оларға Еркілік жан бітірген әйелді көрсетіп «Мына әйелді қайсың аласың?» деп сұрады.

Олардың ешқайсысы үндемеді. Енді Майтөре әрбіреуінен жеке-жеке сұрамақ болып, жетеуін бір-бірлеп қолынан жетелеп, әйелге апарды. Еркілік жан бітірген әйелдің қасына барған алғашқы адам:

«Мына адамның бейнесі де, демі де өзгеше, иісі жаман, төзіп олмайды», - деді.

Майтөре әйелдің қасына келесі адамды апарды, бірақ оның да айтқаны сол: «Мына адамның бейнесі өзгеше, рухы бөтен, денесі сасық!» - деді.

Әлгі әйелден үшінші адам да бас тартты.

Бұл істері әміршілеріне ұнамайтынын біліп, жазадан қорыққан үшеуі жалма-жан қашып кетіп, бой тасалады.

Осы уақытта Үлкен Тәңір келіп, қалған төрт адамға ат қоя бастады. Біреуін ол Тарғын-Нама деп атады. Сосын Тарғын-Наманың қос бүйірінен екі-екі қабырғадан алып, олардан сол арада тірі әйел, Тарғын-Наманың әйелін жаратты. Оған Мүнтүйшайди деген ат тағып, Тарғын-Намаға табыстады. Сөйтіп Үлкен Тәңір барлық тірі жан иедеріне: «Кімге қандай шөп, жидек және басқа да өсімдік жемістері ұнаса, соны жей берсін!» - деді.

Майтөре оған: «Сен жаратуға шебер екенсің. Қаласаң, малды да, аңды да, адамдар мен басқа тіршілік иелерін де өзің жарата бер. Менен сұрама және маған тапсырма», - деді. Осыны айтып, Майтөре Алтын Таудағы мекеніне жол тартпақ болды. Әйтсе де кетпес бұрын қалған үш еркекке ат қойды. Біреуін Тидым-Мине-бурхан, екіншісін Шилы-Мине-бурхан, үшіншісін Топшун-бурхан деп атап, оларды өзіне көмекші әрі хатшы етіп тағайындады.

Үлкен Тәңір де Алтын Тауға аттанды. Ол Алтын Тауға жеткенде осында Еркілік жан бітірген әйелдің жаман иісіне шыдамай қашып келіп, өзінің кітаптарын оқып отырған үш адамды көрді. Олар үйілген кітаптардан бастары да көрінбей, бар ынталарын салып оқып отыр екен. Үлкен Тәңір оларды оқымыстылығы мен зейінділіктері үшін жақсы көріп қалды. Содан біреуінің басқаларына қарағанда беріле оқып отырғанын байқап, оған: «Сенің атың Тепқара болсын. Сен өлген адамдардың жандарын Еркілікке бермей, мәңгібақи күзетіп, сақтайтын боласың», - деп тапсырды.

Келесі адамға ол Шанг-Димы деген ат қойды. Оған: «Сен адамның балалары мен жануарлардың төлдерін күзетесің. Сүтке шашалып қалмас үшін оларды емуге үйретесің. Құс балапандарын қорғап, жануарларды шөп жеуге баулисың. Мас адамдарды бәледен сақтап, қаусаған кәрі шалдарды сүріндірмей сүйеп жүресің. Барша адамды жақсылыққа талпындырып, олардың ой-ниеттерін жамандықтан жирендіресің», - деді.

Үлкен Тәңірдің ықтиярына бой ұсынған Шанг-Димы адамдарға мынадай өнеге айтады: «Егер қарыз алған адамың өлсе – ол өлді екен деп қуанба және де қарыздан құтылдым, енді өлген кісі оны менен өндіріп ала алмайды деп ойлама. Егер ол адамның тіршіліктері теріс әрекеттері көп болып, күнә арқалап өлсе, онда Тепқара сені өлген күнәһардың қарызын төлеу үшін марқұмның жатқан жері – тозаққа жібереді. Ал егер қарыз беруші тақуа болып, оның жаны алғашқы адамдар тұрған және кумюньдағы (үстінде Үлкен Тәңірдің тағы тұрған Алтын Таудың айналасы) жалпы сотқа дейін адамадрдың жандары сақталатын қасиетті жерде болса, онда Тепқара сені қарызыңды төлеу үшін сонда жібереді. Бірақ ол жаққа сен жете алмайсың. Жол бойы жылымды ми батпақ пен қорыс сазға батып, азап шегесің. Батпаққа малтығып жатқан кезінде саған қансорғыш сары маңғыстар – сары жылан-шаяндар жабысып, денеңді сорады».

Үшінші еркекті Үлкен Тәңір Поудо-Сонко деп атап, оған: «Қайда қантөгіс болса, сен сонда жүресің. Өзінің күшіне сеніп, әлсіздерге қарсы кеуде қағып шыққандардың мысын басып, жеңіліске ұшырат. Күші аз болса да, Тәңірге үміт артып шыққандарға көмектес, оны жеңімпаз ет. Сауда адамдары мен басқа да жолаушыларды қарашылардан сақта, кәсіпшілерді жыртқыш аңдардан, суда жүзуші адамдарды балықтар мен теңіз құбыжықтарынан қорға, барлық адамадрды бәле-жала мен кесір-кесапаттан аман сақта. Жауыз адамдарды таңбала: өтірікшінің тілінің ұшын арпа дәнімен белгіле, ұрының төбесіне жағулы шырақ қой», - деді.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 301 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: