14:51
Балаларға базарлық

БАЛАУСАЛЫ БАЛАЛЫҚ СӘТ

Маусымның пердесі балалардың шат-шадыман шаттық күлкісімен күн күлімдей, гүл-гүл жайнай ашылады ғой. Негесі сол – 1 маусымда бүкіл жаһан Дүниежүзілік балаларды қорғау мерекесін тойлайды.

Қашаннан игілік болып қалыптасқан дәстүр бойынша Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде биыл да осынау мерекеге деген ынта-ықылас өзінше түзілді. Бүтінді бөлшектей айтқанда, мәжіліс залында «Бақытты балалық шақ» деген тақырыпты айдарлаған көңілді концерттік бағдарлама мейілінше жиналған қадірлі көрермендер назарына ұсынылды. Шараның басында қылығымен қызықты балдырған-балдырғандарды ауыл әкімі Балтабаев Е.Н., мектеп директоры Белгібаева А.М., ата-аналар комитетінің төрайымы Жанпейсова Ж.З. шын жүректен құттықтады. Содан соң балалардың барлығына ойыншық сыйлықтар үлестірілді. Демеушілікті Аубакирова Э., Қалымов Б., Майтай Х., Дүйсен А. және тағы да басқа ата-аналар бір адамдай белсенділігі арқасында, сонымен қатар сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлер Ахметова Л.Қ., Тиканова Қ., Құмаров Д.Е., Жұмашева А.У. көңілі негізінде жүзеге асыруға мүмкін болды.

Ал концерттік қойылымда шағын орталықтың бүлдіршіндері, мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері, бастауыш сынып оқушылары оқу жылы баысында сахна төрінде шырқаған әндерін, орындаған билерін, жаттаған шумақ-тақпақтарын нақышына келтіре тағы орындап, көрермендер қошеметіне бөленді, мадақтамалармен еленді.

Дәл сол күнмен мектеп жанында «Балауса» атты балалардың сауықтыру-демалу лагері өз есігін айқара ашты. Аталмыш лагерьдің жұмысы екі кезеңге шақталған екен. Ондағы демалатын балалардың денін мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілерінен бастап 6 сыныптың оқушыларымен шектеледі. Мектеп ішінен балаларға арнап екі бөлме әзірленген. Біреуінде танымдық-тағылымдық оқу-тәрбие шаралары өткізілсе, екіншісінде сауықтыру-сергу сәттері қарастырылған. Демалушыларға тәрбиешілер, медбике, психолог, аға тәлімгер, информатика пәні, дене тәрбиесі пәні мұғалімдері басынан соңына дейін бас-көз болып, көңілдерін аулауға барын салуға бағады. Балаларды дәруменге аса бай тағаммен қуаттандыру аспазшыларға артылған бірден-бір міндет болады.

Балалар мерекесінің жалғасы мектеп ауласында өрбіді. Онда балдырған-балғындар түрлі түсті борлармен асфальт бетінде бейнелеу өнерінің небір тамаша үлгілерін суреттеді. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында белсенді ата-ана Әлдекенов М.С. балалармен тартысқа толы қызықты спорттық ойындарды көркін қыздырды.

Ал ойын мен қызыққа шомылған балалардың аптығын басу үшін әрбіріне тегіннен-тегін балмұздақ таратылды.

Қорыта айтқанда, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде өткен биылғы балаларды қорғау күні өзіне ғана тән өрнегімен есте қалатын болғаны айдан анық.    

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы     

Просмотров: 1015 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: