13:35
Бабадан қалған асыл сөз

ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН!

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ (1931 – 1976)

Алматы облысының қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қазақтың лирик ақыны, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі зор, шоғыры биік бірегей ақын. Мұқағали (шын аты Мұхаммедқали) шығармашылығының тіні «өзін-өзі» зерттеуден тұрады. Ақиық ақын өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе отырып, оқырманына тылсым дүниенің тереңінен, жырға орап жеткізген.

* * *

Қазаққа мақтансын деп жер бермеген,

Жерінің кеңдігіндей сабыр берген.

* * *

Күн көреді әкесіз де анасыз,

Өмір сүрер әйелсіз де баласыз.

Ал Отансыз – нағыз сорлы панасыз!

* * *

...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем деген»,

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен...»

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамдай иемденем.

* * *

Екі Отан жоқ.

Жалғыз Отан – мекенің!

* * *

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен...

* * *

Қарыздармыз біз

Отанға, барымызды берерміз,

Қарыздармыз біз

Отанға, қарыздар боп өлерміз.

* * *

О, туған ел!

Достықтың дастарқаны.

Достық керек... кім одан бас тартады?..

Осылай бол!

Осы өмір, осы пейілің,

Досыңды, дұшпаныңды жасқантады.

Осылай бол, достықтың асқар тауы!

* * *

...Ал екінші бақытым – тілім менің.

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім...

* * *

Доссызбын деп айта алман халқым барда.

Саясында хақым бар салқындауға.

Қарғамаса болғаны халқым мені,

Айналмаса болғаны нарқым дауға...

* * *

Мына дала, мына өлке жап-жас әлі,

Адамдардың жоғалды сан жасағы,

Бір ұрпаққа бір ұрпақ жалғасады,

Мына дала, мына өлке жап-жас әлі...

* * *

Талай нөсер төгілер, болар жасын,

Алапат күн әйтеуір жол алмасын.

Мына нұрлы өмірге тірек болған

Адамзаттың ұрпағы жоғалмасын!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 138 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: