16:15
Бабадан қалған асыл сөз

ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ (1902-1985 ж.ж.)

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, әйгілі дараматург, стилист, қазақ әдебиетінің классигі, қоғам және мемлекет қайраткері, академик, әдеби сыншы, аудармашы.

Өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетін дамытуға зор еңбек сіңірген Ғабит Мүсіреповті қазақ халқы көбінесе үлкен суреткер жазушы, көркем сөздің хас шебері деп таниды, құрмет тұттады. Ол сондай-ақ қазақ театр өнерінің негізі салушылардың бірі. Әйгілі «Қыз Жібек» операсының либреттосын жазған.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі сценарийінің авторы.

* * *

Біз XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, контитуциямыз да сол – тасқа басылған таңба!

* * *

Қазақ деген ел – бостандықты, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық. Бұл кезінде ол бұзылмаған ел, бұзыла білмейтін ел емес, бір бұзылса, аяқ-қолын жинай алмай кетуі мүмкін.

* * *

Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел.

* * *

Бұл кездегі басты ауру – өз халқына өзі сенбеу. Өз халқымыздың момындығына, енжарлығына сүйеніп, үнемі өтірік айту.

* * *

Қазақ ойы, қазақ ақылы, қазақ сезімі, қысқарақ айтқанда, туған еліміздің сана-сезімі топас емес, тотыққан деуге келіңкірейді. Тіршілік жағдайы оңынан келіп қалғанда Абай, Сүйінбай, Ыбырай, Шоқан, Жамбыл, Құрманғазы, Дина сияқты ой-сезім даналары топас ойлы елден шықпаса керек!

* * *

Елің үшін мақтан,

Елің үшін қайғыр.

* * *

Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады.

* * *

Ел айдаса, кәрі жігердің өзі қайнайды.

* * *

Жаңа заман тас іргесін қалап алып, енді қабат-қабат биіктеп барады.

* * *

Үш жүз деп аталатын қазақ халқында мынадай жігі айырылмайтын тұтастықтары бар: тілі, әні, күйі, аспаптары.

* * *

Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.

* * *

Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады.

* * *

Ана тілі дегеніміз – баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.

* * *

Тілден биік асқар тау, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ.

* * *

Ана тілін білмеушілер өздерін білімсіз деп санамайды-ау деймін. Сондықтан өздерін асырап отырған ана тілін қалай болса солай қорлай беруге ұялмайды.

* * *

Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін де бүлдіреді. Қуантамын деп қуартады. Келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады...

* * *

Қазақтың өсек-аяңынан асқан тамұқ жоқ.

Қазақтың білетіні аз емес – істей білетіні аз.

* * *

Еліңе опасыздық – туған анаңа опасыздық.

* * *

Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара басы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді.

* * *

Қазақтың жершілдік, жіктеулері – ең бір үлкен апаты.

* * *

Қазақ елі – әлі дала табиғатымен өзін-өзі тұтас сезінетін ел.

* * *

Туған елімді, туған жерімді жамандай алмаймын, бірақ жаным ашығандықтан ашынған сөз ауызға түседі.

* * *

Қазақтың бір оқыс мінезі: эмоция үстінде келіп қалған байламға тоқтайды.

* * *

Еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз.

* * *

Баяғыны көксей берген елде бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ жоқ...

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 189 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: